KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Ирактың Кувейтке шабуылының 32 жылдығына орай (Кувейт-Ирак қарым-қатынастары туралы)

Ирактың Кувейтке шабуылының 32 жылдығына орай (Кувейт-Ирак қарым-қатынастары туралы)

30.07.2022

1990 жылдың тамыз айының 1-нен 2-не қараған түні 120 мың адамдық Ирак армиясы 350 танкімен шабуыл жасап, бір күнде Кувейтті басып алды. 20 мыңдық кувейттік армия қарсылық көрсеткенімен Ирак әскерін тоқтата алмады.

Келесі күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ирактың Кувейтке басып кіруін қатаң айыптады және оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қуаттай отырып, бұл елден әскерлерін тез арада шығаруды талап етті

БҰҰ-ның Иракты агрессиясын тоқтатуға көндіруге тырысқан төрт жарым айлық сәтсіз әрекеттерінен кейін АҚШ пен НАТО одақтастары «Шөл дауылы» деген атпен әскери операция бастады.

Саддам Хусейн өз әскерлеріне Кувейттегі мұнай кен орындарына өрт қоюды бұйырды. Сонымен бірге ирактықтар Израиль мен Сауд Арабиясының территорияларына баллистикалық зымырандармен соққы берді. Сауд Арабиясымен шекарада шұғыл түрде «Саддам сызығы» деп аталатын қуатты бекіністер тұрғызылды. Ирак қарулы күштерінің тұрақтылығына қарамастан, тактикалық операциялардың артықшылығы және ең соңғы қаруды қолдану американдықтарға қарсыласуды бұзып, қорғанысты сәтті өтуіне мүмкіндік берді. 1991 жылдың 26-27 ақпанына қараған түні Ирак бөлімшелері әуе соққыларына ұшырап, дүрбелең күйінде Кувейтті тастап шыға бастады. Бес апта ішінде авиация Ирак аумағын үздіксіз бомбалады, содан кейін Құрама Штаттар құрлық операциясын бастады. 100 сағаттан кейін Ирак бағынышты болды.

28 ақпанда таңғы сағат 8-де АҚШ президенті Джордж Буш атысты тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бітімгершілік және соғыстан кейінгі реттеудің жалпы параметрлері туралы 686 және 687 қарарларды қабылдады. Оған сәйкес Ирак Кувейтке келтірілген залалдың орнын толтыруы тиіс еді. Ирак барлық талаптарға сөзсіз келісіп, қарарларды қабылдады.

Кувейтті егеменді ел ретінде қабылдамау 1958 жылдан өрши бастады. Ирак басшылығы өздерінің саяси бағдарына қарамастан, Кувейтке келгенде оған қарсы саясат ұстанған. Кувейт жері Осман империясының билігінде, содан кейін британдықтар қарамағында, ал 1920 жылы Ирак мемлекетінің құрамдас бөлігі болды.

Кувейт аумағы тарихи түрде Ирактың бір бөлігі болды деген идея 1930 жылдары Багдадтың билеуші топтарында берік орнады десе болады. Бұл айқындама сол жылдары Кувейттің британдық протектораттың астында болғандықтан Бағдад билеушілері Ұлыбританиямен қарым-қатынастарын нашарлатқысы келмегендіктен жария болмады. 1958 жылы ақпанда Ирак пен Иордания Хашимиттік федерациясы құрылғаннан кейін Ирактың сол кездегі билеушісі Нури Саид Кувейтке қосылу идеясын ұсынды, бірақ Кувейт басшысы шейх Абдулла одан үзілді-кесілді бас тартты.

Кувейтті Иракқа мәжбүрлеп қосудың алғашқы әрекеті 1961 жылы жазда, Кувейт тәуелсіз мемлекет болған кезде басталды. Ирак басшысы генерал Абделкерим Касим Кувейттің тәуелсіздігін мойындаудан бас тартып, бұл аумақ Ирактың бөлігі деп мәлімдеді. Кувейт шекарасына әскерлер тартылды. Алайда оның Кувейтті басып алу әрекеті сәтсіз аяқталды. Шейх Абдулла Ұлыбританиядан әскери көмек ала алды. Оның үстіне, Бағдадты араб әлемінде ешкім қолдамады. Араб мемлекеттері лигасының шешімімен Сауд Арабиясы, Египет, Иордания және Судан әскери бөлімшелері Кувейтке келді. Олардың келуімен британдық әскерлер елден эвакуацияланды.

1963 жылы ақпанда генерал Касим құлатылып, Бағдадта алғашқы Баас партиясының режимі орнағаннан кейін екі ел арасында қалыпты екіжақты қатынастарды орнату туралы келіссөздер басталды. Нәтижесінде 1963 жылы 4 қазанда Ирак Кувейттің тәуелсіздігін мойындады. Сондай-ақ, Кувейтке 25 жыл мерзімге 35 миллион фунт стерлинг несие беру туралы келісім жасалды.

Иракта 1968 жылы шілдеде қайтадан билікке келген Баас үкіметі шекара мәртебесіне қатысты 1963 жылғы 4 қазандағы келісімнің заңдылығын мойындаудан бас тартты. Бағдадта олар Умм Касрдің оңтүстігінде, Варба аралында және Бубян аралының солтүстік бөлігінде жаңа шекара сызығын талап етті. Сонымен бірге Ирак оңтүстік шекара аймағындағы жерлерді өтемақы беру арқылы алғысы келді. Саддам Хусейн Уарба мен Бубян аралдарын 99 жылға жалға беру идеясын ұсынды. Ирактықтар сонымен қатар Кувейт арқылы мұнай құбырын тартуға рұқсат сұрады.

Кувейт жағы бұл ұсыныстардың барлығынан үзілді-кесілді бас тартып, өз жерінің бір сүйемін де бергісі келмеді. Сонымен қатар, Ирак үкіметінің бұл ұстанымы тек ресми тараптардың ғана емес, елдің барлық қоғамдық-саяси күштерінің де пікірін білдірді.

Аумақтық мәселелер бойынша келіссөздер 1970 жылдары жалғасты. 1973, 1974, 1976 және 1977 жылдары кувейт-ирак шекарасында қақтығыс жағдайлары орын алды. Сонымен қатар, 1973 жылы қарулы қақтығыстар өрши түсті. 1977 жылы ақпанда Ирак Кувейтпен шекараны жауып тастады. Екі жақ та әскерлерін шоғырландыра бастады, бірақ шілдеде Кувейт пен Бағдад шекаралас аудандардағы жағдайды қалыпқа келтіру туралы келісімге келді.

Шекаралас аймақтардағы мұнай өндіру мәселесі көршілер арасындағы аумақтық даудың маңызды элементі болды. Бағдат 1990 жылы Кувейтке қарсы агрессияның себептерінің бірі ретінде Кувейттің Румалея аймағында Ирак жеріне көлденең бұрғылау жолымен мұнай өндірді деген айып тағуы жатады. Өз кезегінде Кувейт билігі Иракқа қатысты осындай айыптаулар жасады.

Бағдадтың Кувейттің тәуелсіздігіне шек келтіруінің шарықтау шегі — 1990 жылғы 2 тамызда Ирак күштерінің Кувейтті басып алып, оны «Ирактың 19-шы провинциясы» деп жариялауы болды. Саддам Хусейн бастаған бұл авантюра толық күйреумен аяқталды. Ирак армиясы АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштерінен ойсырай жеңіліске ұшырады және Кувейттен кетуге мәжбүр болды. Бағдад БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің, соның ішінде Кувейттің тәуелсіздігі мен егемендігін мойындауға қатысты қарарларын қабылдауға мәжбүр болды. 1994 жылы 10 қарашада Ирак Ұлттық Кеңесі (Парламент) өзінің оңтүстік көршісінің тәуелсіздігін ресми түрде мойындады.

1991 жылдың сәуірінде Ирак армиясы жеңіліске ұшырап, Кувейт босатылғаннан кейін көп ұзамай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 687 қарары қабылданды. Оған сәйкес Ирак 1932 және 1963 келісімдерінде белгіленген шекара сызығын тануы тиіс болды.

1993 жылы 27 мамырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 853 қарары қабылданды. Онда Ирак пен Кувейттен «Комиссия белгілеген халықаралық шекараның мызғымастығы мен кеме қатынасы құқығына» құрметпен қарауды талап етті (соңғысы, Бағдатта талап етілді). Сондай-ақ, құжатта Қауіпсіздік Кеңесі «жоғарыда аталған халықаралық шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету туралы өзінің шешімін баса айтады және растайды» және осы мақсатта БҰҰ Жарғысына және осы мәселеге қатысты өз шешімдеріне сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдауға міндеттенеді.

Атап айтқанда, Ирактың қарызды қадағалау жөніндегі органы ретінде жасаған баспасөз хабарламасында «Иракқа қатысты халықаралық шешімдер бойынша Кувейттің пайдасына талап етілетін өтемақының жалпы сомасы 52,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде, 2020 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша 49,2 млрд АҚШ доллары төленді. Қалған өтемақы көлемі 3,2 млрд АҚШ долары» деп көрсетілген.

2020 жылғы 10 ақпанда Ирактың Халықаралық қаржылық сарапшылар комитеті Ирактың Кувейт алдындағы қарызы туралы мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде Ирак соңғы жылдары Кувейтке 49,2 млрд АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлегені айтылған. Осылайша, Ирактың Кувейт алдындағы міндетті өтемақысы 3,2 млрд АҚШ доллары көлемінде ғана қалды деп жарияланды. Бұл Ирактың Кувейтке 1991 жылғы соғыста келтірілген залал үшін төлеп жатқан өтемақысы болып табылады.

2018 жылғы ақпан айының 12-14 аралығында әл-Кувейт қаласында Иракты қайта қалпына келтіру жөніндегі халықаралық конференция Кувейт, Ирак, БҰҰ, Европа одағы және Дүниежүзілік банк төрағалығымен өтті. Конференцияның нәтижесі бойынша Кувейт Премьер-министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі шейх Сабах әл-Халед Ас-Сабах қатысушылардың Иракты қайта қалпына келтіруге 27 млрд АҚШ долларына жуық қаржы бөлуге уәде бергендігін мәлімдеді.

Атап айтқанда, Ұлыбритания 10 млрд, Түркия 5 млрд, АҚШ 3 млрд,  Кувейт 2 млрд,  Сауд Арабиясы 1,5 млрд, Қатар 1 млрд, Біріккен Араб Әмірліктері 500 млн, Германия 450 млн, Европа одағы 400 млн, Италия 321 млн, Жапония 100 млн, Малайзия 100 мың, Араб даму қоры 1,5 млрд, Ислам даму банкі 500 млн, үкіметтік емес ұйымдар 337 млн АҚШ долларын бөлді.

Қорыта айтқанда, Ирак пен Кувейт арасындағы қатынастар күрделі болып қалды. Екіжақты қатынастардың тарихында олардың арасында тату көршілік болмаған. Екі ел арасындағы қарама-қайшылықтар ортақ шекара сызығына қатысты дау-дамайға, сондай-ақ Ирактың ұзақ уақыт Кувейтті тәуелсіз және егеменді мемлекет ретінде танымауына негізделген.

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Российско-Западная энергетическая война. Часть II.

Конфликт России и Запада продолжается, в том числе и в энергетической сфере.  В прошлом году я дал развернутый анализ стадии энергетической «войны» на том этапе: Российско-Западная энергетическая война...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока