KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

МҰХТАР КӘРІБАЙ: ЖЕЗҚАЗҒАНДАҒЫ ЖЕЛТОҚСАН НӘУБЕТІ (Дипломат, Желтоқсаншы Ырысқали Дәуренбектің әңгімесі желісімен)

МҰХТАР КӘРІБАЙ: ЖЕЗҚАЗҒАНДАҒЫ ЖЕЛТОҚСАН НӘУБЕТІ (Дипломат, Желтоқсаншы  Ырысқали Дәуренбектің әңгімесі желісімен)

13.12.2018

Жақында ғана біздің әріптесіміз, тәжірибелі дипломат, ұлтжанды, елжанды азамат Ырысқали Рақымұлы қолына «Ақталған адамның куәлігі» тигендігі туралы жаңалығымен бөлісті. Расын айтсақ, бұл хабарға не қуанарымызды, не өкінерімізді білмедік. Өйткені Ырысқали досымыз 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы ғана емес, көп айтылмай келе жатқан, ал анығында, сол кездері Алматымен бірге еліміздің бірнеше қалаларында болған ереуілді өзінің курстас жолдастарымен бірлесіп Жезқазған қаласында тікелей ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында тұрған еді.

Еңбек кітапшасында 1987 жылы 12 қаңтарда «Студенттер тобының Қазақстанның Компартиясы ОК-нің V пленумының шешімдеріне қарсы шығуына саналы түрде қатысқаны үшін институттан шығарылды» деген, ол кездегі ең қатерлі, қара таңба ретінде қабылданған, осылайша өмірге құштар, ерлікке, еңбекке, азаматтықа бейім жап-жас жігіттің алдынан әрдайым алынбас қамалдай кедергілердің кездесуіне бірден-бір себеп болған лағынет жазбасы ендігі тарих сабағындай мұра ретінде сақталыпты. Мінеки, неге екені, не кедергі болып келгені белгісіз, содан бері 32 жыл өткеннен кейін ғана Ырысқали Дәуренбекке Ақталу куәлігі табыс етіліпті.

Ширек ғасырдан астам біз білетін Рақаң Желтоқсан жайында ешқашан есінен шығарған емес, қызмет бабымен Швейцария, Германияның бірнеше қалаларында Қазақстанның консулдықтарын ашып, олардың жұмысын жолға қоюдың жауапты жылдарында ауылынан алыс жүрген сәттерінде де оның көз алдынан бар болғаны 19 бен 23 жас аралығындағы қанаттас достарының, өкінішке орай, өмірден тым ерте өткен жолдастарының бейнелері кетпей, әрдайым жүрекжарды естеліктерін республикалық баспасаөз беттерінде жариялауы да содан, сірә!

Бір мекемеде бірге еңбек еткенімізбен, жұмыс ерекшелігіне байланысты Елордамыздағы Сыртқы істер министрлігінің еңселі ғимаратындағы сирек кездесулерімізде бүгінде елудің үстіндегі ел ағасы Рақаңның Желтоқсан жайындағы әңгімелерін әрдайым терең түсіністікпен қабылдап тыңдауымыз әдетке айналған. Өйткені келмеске кеткір кеңес билігі қазақ жастарының азаттық аңсаған рухын мемлекетті сыртқы жаулардан қорғауға арналған бүкіл қарулы күштерді төгіп, танктермен таптап тастауға кірпік қақпастан дайындалғанын бұған дейін өзіміз тікелей куәсі болған оқиғаларды баяндап жазған едік.

86-да жиырманың үстіндегі отты жас Ырысқали Дәуренбек әңгімесінің арасында бірер сәт үнсіз қалып, жиі ой құшағына беріледі. Бәлкім, осыдан отыз жылдар бұрын, дәл осындай Сарыарқаның сары аязды күндерінде өзіндей жап-жас қазақтың балауса қыз-жігіттерін ұйымдастырып, ұлт намысы үшін отқа түскен жалынды күндерін сағынатын болар. Әлде, қатыгез жендеттерден жазықсыз зәбір көріп, шыңғырған қарындастарының құлын даусы құлағынан кетпей тұрған шығар… Біз де оның ойын бөлмей, сабырмен тыңдай түсеміз.

«1986 жылғы 17 желтоқсанда Кеңес Одағының Коммунистік партиясы  Орталық Комитетінің солақай шешіміне қарсы шыққан Алматы қаласының тұрғындары мен студенттері арасында көтеріліс басталды деген ақпарат ел арасына лаулаған оттай жылдам тарады. Алайда, облыс орталықтары мен аудандарда Алматыда нақты не болып жатқаны туралы ешқандай ресми мәлімет болмады. Тек қана, 18 желтоқсанда орталық газет беттеріне қысқаша хабарламалар жарияланды. Онда қазақ ұлтшылдары 16-17 желтоқсанда алкогольдік ішімдік ішіп, тәртіп бұзғандары жөнінде қысқаша айтылыпты.

Сол күні Алматыда таныстары мен туыстары бар студенттерге телефон арқылы мүлде басқа сипаттағы хабарлар түсе бастады, сабақ аяқталған соң біз: Тапин Сайран, Қасымбеков Марат, Қасымбекова Зоя және тағы да басқа студенттер жиналып осы оқиғалар жөнінде әңгіме көтердік. Әңгіме кезінде: «Біз неге үндемей отырамыз, Алматылық студенттер секілді өз пікірлерімізді неге айта алмаймыз, не себептен Кеңес Одағының басшылары өзге жерден Қазақстанға басшы тағайындайды» деген сөздер айтылды. Бұл жиынға жатақханада тұратын басқа да студенттер қосылып, өз пікірлерін білдіріп жатты. Сондағы жаңғырған ойлар: қазақ тілінің мәселесі, қазақ мектебінің  жай-күйі, қазақ тілінде жастардың білім ала алмауы, қалада тұруға тыйым салыну (себебі «прописка» берілмейді), және тағы да басқа шынайы ашынудан туындаған ащы сөздер болатын. Жиналған жастардың ой-пікірлері өрістеп дами келе бір арнаға тоғысып, әңгіменің аяғында ертесіне таңертең Жезқазған қаласының Орталық алаңына шығу керек деген шешімге келдік. Сол кезде Жезқазған қаласында біздің Педагогикалық институттан басқа, Жезқазған политехникалық институты, Құрылыс техникумы болатын. Жиналыстың шешімімен кешікпей, бірнеше адам үгіттеу жұмысын жүргізуге жіберілдік. Мен, Тапин Сайран, Қасымбеков Марат, Сарғатов Ерлан түнгі сағат бірде Политехникалық институттың жатақханасына бардық. Біз барған кезде сол жатақханада да осы мәселеге қатысты қызу әңгіме жүріп жатыр екен. Бұл институттың студенттерімен келесі күні кездесетін орынды белгілеген соң, пединституттың үш жатақханасын аралап, студенттер арасында үгіт жүргіздік. Шамамен түнгі төрт кезінде, бойымыз шаршағанымен, бірақ бәріміз өрімдей жас болсақ та, өз ұлтымыздың мүддесі жолындағы үлкен іске бел буған  батыл әрекетімізден айрықша қуат алып, сол шақта кеудемізде тұтанған белгісіз бір ұшқыннан жігеріміз жанып, ерекше сезімде түнгі таксимен қайтып келе жатқанымызда, марқұм Сайранның айтқан сөзі бар еді: «Жігіттер, осы күн енді мәңгілік тарихта қалады».

Өз жатақханамызға қайтып келгенде, онда отырған жолдастарымыз жай отырмаған екен, көркем сурет факультетінің студенттері бастаған бір топ жігіттер қазақ және орыс тілдерінде шамамен 15-20 плакат дайындап қойыпты. Оларда көбінесе Лениннің айтқан «Каждому народу своего вождя», «Әр халыққа өз көсемі» деген сөздер және «Қазақ елі жасасын» т.б. ұрандар жазылған болатын. Филология факультетінің қыздары жүзден астам үндеу қағазын (листовкалар) дайындап қойыпты. Автобустар жүрмей тұрғанда, жаяу арлап жүріп таңғы бестердің кезінде қаланың көптеген аялдамаларында жапсырылған сол үнпарақтарда қазақ халқына және болып жатқан оқиғаларға қатысты түйіндер айтылып, қала тұрғындары таңғы тоғызда Орталық алаңға шақырылды.

Шынында да, сол күндері көңіл күйіміз ерекше көтеріңкі және ұзаққа созылған қалың ұйқыдан оянғандай ғажап бір рухани сілкінуді бастан кештік.

Таңғы сағат сегіз жарым кезінде студенттер институт алдындағы алаңға жинала бастады. Қолдарымызда плакаттар бар. Шамамен 300-400 студент жиналды. Институт ректоры жиынды тоқтатуға әрекет жасады, студенттерді милицияға қаматамын, институттан шығарамын деп қорқытты. Бірақ ешкім бой берген жоқ. Белгіленген уақытта Политехникалық институттың студенттері келмеген соң, шеруді оларсыз бастауға мәжбүр болдық. Алдағы келе жатқан қыздардың біреуі қазір әнұранымызға айналған Шәмшінің «Менің елім» әнін бастап кетті. Некрасов көшесіне шыға берген кезде, қиылыс көшеден тура сол әнді айтып келе жатқан қалың жастар көрінді. Олар Политехникалық институттың және біздің институттың жағрафия, көркемсурет және физмат факультеттерінің студенттері болып шықты. Қуанышымызда шек жоқ. Құшақтасып табысып, шеруімізді жалғастырдық. Колоннада шамамен екі мыңнан астам студент болды. Студенттер ұрандар айтып, ән шырқады. Ал, жұмысқа бара жатқан халық жол шетіне тұра қалып, біреулері қолдап колоннаға қосылса, басқа біреулері (көбінесе өзге ұлттың өкілдері) балағат сөздер айтып жатты.

Некрасов пен Абай көшесінің қиылысына жете берген кезде (қазіргі кезде сол жерде Интернационалистер аллеясы орнатылған), жүз қаралы милиция, өрт сөндірушілер және арнайы қызметтің өкілдері  қарсы алды. Қиылыстың оң жақ және сол жақ беттерінде терезелері торланған милицияның бірнеше арнайы автокөліктері тұрды. ІІБ басшысы тараңдар деген бұйрық берді. Бірақ айтқан сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Сол кезде милиция қызметкерлері өз шабуылын бастады. Ұл-қызға қарамай, жаппай соққыға жықты. Құлатып ұстағандарын аяқ қолдарынан көтеріп, машинаға салып әкетті. Милиция ғимаратында жеткілікті орын болмаған соң, өрт сөндіру машиналары тұратын ангарларға студенттерді апарып төкті.

Сол кезден бастап тергеу басталды. Жазалау машинасы тоқтаусыз екпіндей келіп, басқарушы болған 50-ден астам студент оқудан шығарылды. Маған, Сайран Тапинге, Қасымбеков Маратқа қарсы Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 60-шы және 65-ші баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, ақырында дәлелдерінің  жетіспеушілігінен бе, әлде басқа себептерге байланысты ма, әйтеуір қылмыстық іс тоқтатылды. Комсомолдан және институттан шығарылдық. Еңбек кітапшамызға «отчислен из института за сознательное участие в выступлении группы студентов против решения 5-го Пленума ЦК Компартии Казахстана от 19.12.1986 года» деген жазба енгізілді. Аталған жазбаны көріп, барлық мекеме басшылары ат-тонын ала қашып, жұмысқа алмайтын. Әзер дегенде, бір жолдасымның ағасының көмегімен жұмысқа тұрдым.  Содан, 1989 жылға дейін құрылыста еңбек еттім. Тек қана 1989 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қайтадан оқуға қабылдандым. Оқуымды Алматы педагогикалық шет тілдер институтында жалғастырудың сәті түсті. 1993 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрдым. Швейцарияда, Германияда дипломатиялық жұмыста болдым, еркіндікті ерте алған елдердің ресми адамдарымен, қарапайым тұрғындарымен араластым. Олардың бойындағы өздерін тым еркін ұстайтын қасиеттері мен бақуатты өмірлеріне қарай отырып, өзімнің де өрімдей жас кезімде туған елімнің тәуелсіздікке, ұлтымның азаттыққа жетуі үшін әрекет жасағанымды еске түсіретінмін.    Арадағы жылдарда адам өмірінің  айнымас серігі болатын қуаныш пен қайғы қатар өріліп жатты. Өкінішке орай, Желтоқсанда жүректеріміз үндесе лаулаған адал достарым Сайран Тапин мен Саргатов Ерлан ауруға шалдығып, бар болғаны отыздың үстінде дүниеден озды. Кім білсін, олардың жарқын өмірлерінің жарты жолда үзіліп түсуіне лүпілдей соққан жас жүректеріне жазалаушы жендеттердің салған зұлым жарасы да кінәлы шығар.  Арттарында шиеттей жас балалары қалды.    Осының бәрін айтып отырғаным, бір жағынан естелік болсын, екіншіден қазіргі жастарға үлгі болса деймін. Өйткені қазіргі уақытта көптеген жастардың Желтоқсан көтерілісінен хабарсыз болуы, Халық қаһарманы — Қайрат Рысқұлбековты білмеуі өзегіңді өртейді. Біледі-ау дегендердің өзі ереуіл тек Алматыда ғана болған деп ойлайды. Бұның бәріне кінәлі олар емес, біздің өзіміз  шығармыз. Себебі, ата-аналар ол жайында айтпайды, бала-бақшада, мектепте, университетте оқытпайды, газет беттерінде сирек жарияланады. Көтерілістің шығу себебі мен мәнін жан-жақты түсіндіріп бере алатындай бірде-бір толық метражды көркем фильм шығарылмаған. Желтоқсан көтерілісіне арналған Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» фильмінің жалғыз көшірмесі тозығы жетіп, құрып кетудің алдында тұр. Елдің көбі бұл фильмді әлі күнге дейін көрмеген. Осы фильмді құтқару үшін, оның көшірмелерін көбейту мақсатында қоғам құрып, халықтан жылу жиналды… Ұлтымыздың болашағы үшін аса маңызды мұндай тарихи оқиғалардың мәні мен табиғатын түсіндірудің рөлі айрықша. Өйткені осының барлығы да біздің ең басты құндылығымыз – қазақ елінің Тәуелсіздігіне қызмет етеді.

Кейін белгілі болғандай, бүкіл дүниежүзі назар аударған Желтоқсан көтерілісі Алматымен қатар Жезқазған, Қарағанды, Өскемен мен Семей және т.б. қалаларда да болып, ұлты үшін құрбандыққа дайын жігерлі жастар байтақ еліміздің барлық жерінде өз өмірлеріне төнген қатерден тайсалмастан бастарын бәйгеге тікті.

Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерен ерлігі – марқұм Сайранның айтқанындай, мәңгілік тарихта қалуы тиіс; қазақ елінің жаңа ұлттық идеологиясының ажырамас бөлігіне айналуда. Желтоқсан оқиғасы жөнінде түбегейлі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, барлық шындық жариялануы лазым. Болмаса, ертең осының бәрі ұмытылып, аңызға ғана айналуы әбден мүмкін. Ал, аңыз дегеніміз – жартылай шындық».

Қонақ
13.12.2018 в 22:14 - Ответить

Ырысқали ағамыз Сыртқы істер министрлігінде үлкен құрметке ие адам. Ұлтжанды, тіл десе жанын береді. Қазіргі дипломатиялық басшылық пен көптеген елшілеріміз қазақ тілін әлі де болса білмейді. Ыдырысовтар, казыхановтар, мусиновтер, василенколар айта берсе саны жоқ. Орыс тілінің құлдары. Министр Әбдірахманов қана қазақ тілін жақсы біледі.
Ырысқали сияқты осындай тұлғалардың арқасында ел болып отырмыз. Мереке құтты болсын ағайын.

Den
14.12.2018 в 17:27 - Ответить

Это у них там вице-министр бухал и перебухал и бошку разбил)))) алкоголики

Қазақ
15.12.2018 в 09:30 - Ответить

Өте жақсы мақала. Арамызда жүрген еліміз деген азаматтар туралы көп айту керек. Осылар туралы жазып, осылар туралы кино түсіру керек. Мына адам да талай қиындықтан өткендігін көріп отырмыз. Желтоқсаншыларды мерекемен құттықтаймын. Осы күнге жете алмағандарға тағқым етіп, есте сақтайық ерліктерін.

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

«Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Афганистан, переживший монархию, «демократические» модели и различные политические режимы, в современных реалиях находится во «временном люфте» – отрезке истории, который создал шанс для завершения исторической...

Мнение «Kazanalytics» об аналитической статье «Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Экспертное сообщество казахстанского аналитический портала «Kazanalytics» обратили внимание на материал опубликованный «Центром анализа и прогнозирования Открытый мир» под заголовком «Роль Афганистана в сценариях...

О некоторых аспектах участия стран ЦАР в инициативе «Цифровой шелковый путь»

Инициатива «Один пояс, один путь» (ОПОП) – масштабная и амбициозная стратегия, предложенная Председателем КНР Си Цзиньпином в 2013 году. Эта инициатива направлена на укрепление экономической интеграции и...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока