KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастар қайда бағытталған

Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастар қайда бағытталған

27.08.2022

Соңғы онжылдықта Парсы шығанағының араб монархиялары көпшілік алдында Израильмен жау екендігін  көрсете отырып,  өздерінің жалпыарабтық емес ішкі мүдделері бойынша онымен жасырын ынтымақтастық құрған болып шықты.

Сауд Арабиясы мен Израиль арасында да жасырын байланыстар болғандығы енді құпия емес. Олар 1965 жылдан 1979 жылға дейін Сауд Арабиясының жалпы барлау қызметін басқарған Камал Адхамның кезінде жариясыз орнатылды. Әзірше екі ел арасында ресми дипломатиялық қатынастар болмаса да, соңғы жылдары Саудия мен Израиль жасырын стратегиялық әріптестік орнатқан.

Аймақтағы оқиғалардың дамуы, атап айтқанда, 2003 жылы Ирактағы баасистік режимнің жойылуынан кейінгі Иранның геосаяси тұрғыдан күшеюі, 2006 жылы Израильмен соғыс кезінде Ливандағы  «Хезболла» қозғалысының саяси-әскери сахнаға шығуы Рияд пен Тель-Авивке өздерінің құпия байланыстарын ашық жүргізуге мүмкіндік берді. Парсы шығанағында орналасқан араб мемлекеттері туралы да осыны айтуға болады (Кувейтті қоспағанда).

«Хезболла»  қозғалысы мен Израиль арасындағы 2006 жылғы соғыс сауд-израиль ынтымақтастығы үшін бетбұрыс кезең болды. Рияд Ливанның ираншыл шиит тобының Израильге қарсы әрекеттерін  «заңсыз қарсылық»  және  «авантюра»  деп айыптады. 2018 жылы Сауд Арабиясының тақмұрагері Мухаммад бен Салман  «Атлантика» журналына берген сұхбатында тіпті:  «Израиль мен біздің ортақ мүдделеріміз көп, егер бейбітшілік болса, Израильдің Шығанақ араб елдерімен ортақ мүдделері одан да көп болатын еді», — деп мәлімдеді.

Жақында израильдік журналистердің бірі израильдік басшылармен АҚШ-тағы кездесу кезінде Сауд Арабиясының тақмұрагері Мухаммад бен Салманның:  «Палестиналықтарға ұсыныстарды қабылдап, келіссөздер үстеліне отыратын немесе шағымдануды тоқтатып, ауыздарын жабатын уақыт келді», — деген  сөздерінің баспасөзге шығуын қасақана ұйымдастырды. 2019 жылдың басында Варшавада өткен Таяу Шығыс саммитінде Израиль премьер-министрі Б.Нетаньяхудың кеңсесі Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі және Шығанақ араб елдерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше басқа әріптестерімен бірге Израильдің өзін қорғау құқығын қолдайтын бейнежазбаны жариялап жіберді. Бұл материалда Иранға қарсы тұру Палестина мәселесін шешуден гөрі жоғары басымдық екені айтылған.

Сарапшылар сауд-израиль қатынастарының одан әрі нығаюына таңданбау керек деп санайды. Екі ел де аймақтағы қауіпсіздік мәселесі бойынша Иран екі елге бірдей қауіп-қатер төндіреді деп санайды. Осылайша олар Сауд Арабиясы да, Израиль де Иранға қарсы күресте екеуінің арасындағы діни және идеологиялық келіспеушіліктерді ұмытады не ұмыта тұрады.

Шығанақ араб елдерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттердің көпшілігі Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруде Риядқа қосылғандықтан және оның үстіне Египет пен Иордания Израильмен ресми дипломатиялық байланыстарды оншақты жыл бұрын орнатқандықтан, кейбір палестиналық, ливандық мен сириялық күштер Израильге әлі де қарсы болғанымен бұл енді  «араб-израиль қақтығысы» емес. Себебі Израиль АҚШ-тың көмегімен негізгі араб елдерін антиизральдік позициядан шығара алды.

Көптеген сарапшылар сауд-израиль қатынастарының нығаюын Иранның қауіп-қатерімен байланыстырғанымен аймақтағы ықтимал тұрақсыздық қорқынышы осы тактикалық одақтың құрылуының басты себебі болып табылады деп санайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, ешбір ел «араб көктемінің» қайталануын қаламайды. Сауд Арабиясына қатысты алғанда жаңа саяси қозғалыстар тұрғындарды өз билеушілерінің саяси, моральдық және діни заңдылығына күмәнмен қарауға, қарсы шығуға әкелуі мүмкін. Израиль үшін араб-израиль текетіресі бойынша түбегейлі басқаша көзқарас таныта алатын сайлауда жеңіске келген үкіметтерге қарағанда, өз елін Мысырдағы генерал Сиси сияқты «күшті көшбасшы» басқаратын американшыл режиммен істес болу әлдеқайда пайдалы.

Әрине, егер Сауд Арабиясы немесе басқа кез-келген араб мемлекеті Израильмен қарым-қатынастарын ресми түрде қалыпқа келтірсе, бұл АҚШ әкімшілігінің Иранның қауіп-қатеріне қарсы бағытталған және бірігуге итермелейтін үлкен дипломатиялық жеңісі болар еді. Егер бұл оқиға президенттік сайлауға дейін орын алса, президенттікке кандидат халықаралық аренадағы бетбұрыс туралы мәлімдей алады.

Алайда, араб елдері халқының басым көпшілігі өз үкіметтерінің Израильмен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруіне қарсы болғандықтан Сауд Арабиясының басшылығы ондай қадамға барса елеулі жағымсыз реакция туатынын түсінеді. Оның үстіне, араб басшылары Мысыр президенті Садат Израильмен татуласқаннан кейін исламистердің қолынан қаза тапқанын әлі ұмытқан жоқ.

Осындай тәуекелдерді азайту үшін Сауд Арабиясының басшылары Израильдің палестиналықтарға қатысты кейбір әрекеттерін анда-санда айыптауды жалғастырып отыр. Мысалы, Израиль үкіметінің ордан өзені мен Өлі теңіз алқабын (Батыс жағалауының шамамен 30%) аннексиялау туралы уәдесіне сауд реакциясын келтіруге болады. Рияд бұл мәлімдемені  «БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаларын өрескел бұзу» деп айыптады. Сауд Арабиясының жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Рияд Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) 57 мүшесін  «шұғыл отырысқа» шақырды. Келесі күні король Салман Палестина президенті Махмуд Аббаспен телефон арқылы сөйлесіп, Израильдің егемендік аймағын кеңейтуге қатысты Сауд Арабиясының ұстанымын қайталады.

Осы уақытқа дейін болған қоғамдық келіспеушіліктерге қарамастан, саудтықтардың Израильмен бейресми қарым-қатынасты, сондай-ақ Шығанақ араб елдерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер сияқты, осындай прагматикалық түрде жалғастыра беруі мүмкін. Алайда, Рияд Израильмен дипломатиялық қатынастарды орнатуды Сауд Арабиясы Корольдігі үшін тым ауыр салдары болады деп санайды.

Рияд Израильмен ресми дипломатиялық қатынастарды Бахрейн немесе Біріккен Араб Әмірліктері орнатқанға дейін күтеді. 2011 жылдан кейінгі кезеңде Бахрейн Рияд алдында өзінің егемендігінің көп бөлігін жоғалтқандықтан, оның соңғы бірнеше жылдағы Израильмен дипломатиялық ойыны саудиттердің санкциясынсыз болып жатқанын елестету қиын.

Қазіргі кезеңде Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарының болашағын дөп басып айту қиын. Алайда, екі мемлекет те аймақта елеулі күш болып табылады және араб шенеуніктерінің көпшілігі палестиналықтарды тек сөзбен ғана жұбататын аймақта сауд-израиль мүдделерінің өзара сәйкестігі осы елдердің үкіметтерін жақындастыруға одан әрі итермелейді деп күтсе болады.

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Проекты строительства АЭС в Центральной Азии

Узбекская АЭС – замах на рубль, удар на копейку В ходе недавнего визита в Узбекистан, Президент России озвучил новость – Узбекской АЭС всё-таки быть, подписан контракт на строительство АЭС в Узбекистане.  После 7 лет...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока