KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Қажылық жолы қалай ашылды?

Қажылық жолы қалай ашылды?

19.06.2021

Ресей империясының Ыстанбұлдағы елшісі Александр Ива­нович Нелидов 1890 жылдың 22 наурызында Сыртқы істер министрлігіне Жидда қаласында шұғыл түрде орыс консулдығын ашу керектігі жөнінде қызметтік депеша жібереді. Дипломат орталықазиялық теміржолдың іске қосылуының нәтижесінде киелі мекендерге зиярат етуші мұсылмандар санының елеулі артуына байланысты оларға империяның қамқорлығы қажеттігіне ерекше назар аударады.

Консулдықтың басты міндеті ретінде мыңдаған ресейлік мұ­сыл­манның мүддесін қор­ғау және Ресейге ислам діні ықпа­лы­ның теріс әсерлерінің алдын алу шаралары анықталды.

Ресей XIX ғасырдың аяғында Парсы шығанағы мен жалпы Ара­бияда «Іс саясаты» атты жаңа сыртқы саяси тұжырымдамасын қолға алған болатын. Оның негіз­гі мақсаты аймақта Ресейдің эко­но­микалық, сауда мүдделерін кү­шейту еді. Сол кезеңдегі Сыртқы істер министрлігінің сараптама­лық құжаттарында Жидда қаласын­да­ғы консулдықтың қызметі Ара­бия түбегіндегі, Қызыл теңіз айма­­ғын­­дағы саяси ахуалды, сондай-ақ Меккеден басталып барша мұ­сыл­ман әлеміне тарайтын діни, сая­си пиғылдар мен ағымдарды ба­қы­лауға мүмкіндік береді делін­ген.

Елші А.Нелидов министрлік­ке жолдаған хаттарының бірінде: «Біздің империяның құзырын­да­ғы түркістандықтар мен Орта Азиядағы басқа да мұсылман ха­лықтарының өміріндегі маңыз­ды оқиға – қажылықты атқаруға көмек пен қамқорлық жасауымыз жүйелі әрі мәнді болуы тиіс, сонымен бірге Ресей империясының Жиддадағы консулы мұсылман болуы маңызды», деген. 1890 жылдың 15 тамызында Император III Александр консулдықты та­ға­­йындау мәселесін қолдап, бұл жө­нінде дипломатиялық арналар арқылы Осман империясы хабардар етіледі.

Ресейдің Жиддадағы бірін­ші консулы болып татар Шахи­мардан Мириясұлы Ибрагимов тағайындалады. Ресей империя­сының Арабиядағы тұңғыш дипломаты 1841 жылы Орынбор губерниясында дүниеге келген. Сібір кадет корпусында бі­лім алып, Омбы қа­ласындағы әс­ке­ри кантонистер мектебінде та­тар, қазақ тілінен аудармашы ма­­мандығын тәмамдаған. Қыз­мет­­тік жолын Көкшетаудағы өңір­­­­­лік приказдың хатшысынан бас­­­­­тайды. Көп ұзамай облыстың әс­­­­кери губернаторлығының Сібір қа­зақ­тарының ісін жүргізетін кең­се­сіне бекітіледі. Татар, қазақ тіл­де­рінен аудармашы бола жүріп, Пет­­ропавл қалалық басқарма­сын­да әкімшілік қызмет атқарған. Біз үшін маңыздысы – ол әйгілі Шо­қан Уәлихановпен терең достық қа­тынаста болған. Білімімен көзге түсіп, 1870 жылы Ташкентке парсы және татар ті­лінің аудармашысы ретінде ауыс­тырылады. Сонда жүріп, сегіз жылдай қазақ және өзбек тілдерінде шығатын «Түркістан уәлаяты газеті» ба­­сылымының бас редакторы қыз­метін атқарады. Оның Шо­қан­­мен шынайы достығының дә­ле­лі ретінде әйгілі ғалымның ге­не­рал Черняевтің Түркістан экс­педи­ция­­сына қатысты қарсы­лықты ұста­нымын толық қолдап, сол үшін би­лік тарапынан өзінің де елеулі зар­дап шеккенін айтуға болады.

Патша пәрменін алған Ш.Иб­рагимов 1891 жылдың 12 мау­сымында Жиддада Ресей им­пе­риясының тұңғыш консулдығын ашады. Осы күннен бастап Ре­сей дипломаты Ресей империя­сынан Мекке мен Мәдинаға құл­шылық етуге ағылып келетін мұ­сылмандармен кең көлемді жүйелі жұмысына кірісіп, қажылық жа­саушылардың санағын жүргізді, Мекке мен Мәдинада тұратын им­перия азаматтарын түгендеді. Логистика мен қажыларға консул­дық көмек көрсетуді жолға қойды. Қажылыққа келген әр алуан ұлт өкілдері – Ресей мұсылмандары­ның саяси көзқарастары жөнін­де сал­­мақты ақпарат дайындады. Ре­сей империясы Сыртқы іс­тер ми­­нистрлігінің архивтік де­рек­те­рін­де, әсіресе консулдық есеп­те­рін­де бірқатар қызықты жайт баян­дал­ған. Солардың ішінде қа­зақ же­рінен келетін қажылар туралы мә­ліметтер де кездеседі.

Арабиядағы дипломатиялық қызметі барысында Шахимардан Ибрагимов өзіне көмекшілікке қазақтарды алу жөнінде Сыртқы істер министрлігіне хат жібереді. Нәтижесінде, Ташкентте аудар­машы болып жүрген қазақ жі­гіті Оразбай Кішкенбаев дип­ло­матиялық мекемеге қызметке алынған. Бұл азаматтың кейінгі еңбек, өмір жолы әлі де болса арнайы зерттеуді қажет етеді.

Консулдықтың министрлік­ке қажылықтың өтуі жөніндегі жолдаған ақпаратында қазақ қа­жылары туралы тұшымды деректер бар. Қазақ елінен қажылыққа ба­ратындар Мазари-Шариф, Қабыл, Жалалабад, Пешавар, Бомбейге дейін құрлықпен келіп, Жиддаға кемемен аттанған. Бұл жол ұзақ уақыт алғанымен, артық құ­жат­тарды қажет етпейтін. Қажылық­қа баратындардың қолында өңірлік старшиналар берген құжаттар ғана, ал кейбіреулерінің, тіпті еш­қандай құжаттары болмапты. Жыл сайын қазақ даласынан және Орта Азиядан 4 мыңнан астам адам ба­ратын. Жол қиындықтарынан және ауру-сырқаудан, түрлі ін­дет­терден қажылардың жартысы­нан көбі жолда қайтыс болады.

Жиддаға келген бойда қажы­лыққа барған қазақтарды олармен арнайы айналысатын «далилдер», қазіргі тілмен айтқанда, жетекші гидтер бөліп алып ке­тетін. Олар белгілі қаражат үшін қажылар­мен қажылықтың со­ңына дейін болып, тиісті көмек көрсеткен. Да­лилдер, негізінен, татарлар мен бұхарлықтар еді. Жалпы, сол кезде Меккеде қазақтарға және өзге де түркістандықтарға қызмет жасайтын арнайы кәсіпқой далилдер болған. Ұлттарына қарай қажы­лар бөлек қонақжайларда тұрған. Мұндай ғимараттарды Ресей мұ­сылмандарының ауқатты адамдары өз қаржысына салдырғаны тарихтан мәлім.

Қажылыққа барған қазақтарға сипаттама бере отырып, орыс дипломаттары қазақтардың өжеттігі мен қайсарлығын, қиындықтар­ға шыдамды келетіндігін, керек кезінде қарақшылар мен жол торушылардың қысымына той­тарыс беретіндігін ерекше атап өтеді. Осыған байланысты дип­ломатиялық құжаттардың бі­рінде Ресей консулы Фон Цим­мерман Арабияға келіп жатқан ұлттар өкілдерінің ішінде ең тынышы бұхарлықтар мен парсылар, ал ең мінездісі кавказ халықтары мен қазақтар деген екен. Сонымен бірге ол құжаттардың ішінде консул Фон Циммерманның келесі есебінің үзіндісін орыс тіліндегі түпнұсқасынан келтіруді жөн көрдік. «Казахи Семипалатинской области, – телеграфировал Консул Фон Циммерман (22.02.1903), — во главе с волостным старшиной, собравшись 16 февраля во дворе Заповедной мечети в Мекке, где находится Кааба, вознесли Богу горячие молитвы о здравии и благоденствии Их Императорских Величеств Государя Императора и Государыни Императрицы». Получив эту телеграмму и ознакомившись с ней, «Государь повелел передать Высочайшую благодарность» русскоподанным казахам Семипалатинской области, прибывшим на поклонение в Мекку».

Ресей империясының дүние­нің төрт бұрышына көз тіккен саясатының тағы бір нақты кө­рінісі ретінде іске асырылып, өз кезеңінің мүдделеріне сай қыз­­мет жасаған дипломатиялық ме­кемесі 1914 жылы Бірінші дү­ниежүзілік соғыстың басталуымен жабылады. Соғыста күйреген Ресейдің түпкі мақсаттары жүзеге аспағаны баршаға аян. Арабия болса, Осман империясының ық­палынан кетіп, әлем картасында Сауд Арабиясы Корольдігі деген жаңа мемлекет пайда болды. Бұл шағын мақала сонау кезеңдердегі қажылық сапар жасаған аға сұлтан Құнанбай сынды қазақ даласы­ның ірі өкілдері туралы деректерді то­лық ашпағанымен, ол замандағы кейбір тарихи мәліметтерді ортаға салуды мақсат еткенін айтпақпыз.

Көзіқарақты оқырман кейін, яғни 1932-1936 жылдары Сауд Арабиясы Корольдігіндегі ендігі Кеңес Одағының уәкілетті өкілі болып Алаштың ардақты перзенті Нәзір Төреқұловтың кемел қызмет атқарғанын, аса дарынды дипломатты қылышынан қан тамған Кеңес билігі жазықсыз құрбан еткен соң Корольдік басшылығы Кеңес Одағымен дипломатиялық қатынастарын үзгенін біледі. Бай­қалып отырғандай, қол астындағы ха­лықтарды бұратана санаған пат­шалық Ресейдің өзінде сыртқы ­саяси мүдделерге келгенде өзгеше тиімді шешімдер қабылданып, дип­ломатиялық лауазымдарға ерекше көзге түскен білімді, та­лант­ты, ең бастысы, баратын елінің болмысын, тарихын, тілін, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мә­де­ниетін жетік меңгерген, демек, мемлекет мүддесіне нақты пайда әкеле алатын жан-жақты тұлғалардың тағайындалғанына көзіміз жетеді.

Мұның өзі жүйелер өз­гер­генімен, мемлекеттік, жа­һан­дық мүдделерге келген­де дип­ломатиялық саясат­та­ғы біріз­діліктің, алысты бол­жаушылық әрекеттің көрі­ні­сі ретінде біз­дің қазіргі дипло­матиялық сала­мыздың қадамдары үшін барынша өзекті екендігін айтуымыз лазым.

Бабыр ДӘУРЕНБЕК, Мұхтар КӘРІБАЙ

Egemen Qazaqstan

Оставьте свой комментарий к статье:

Рекомендуем прочитать

Как отстаивал и закреплял свои границы Казахстан с обретением независимости

Государственная граница была и остается главным атрибутом суверенитета, ключевым звеном в системе национальной безопасности любой современной страны. Правовое оформление и укреп­ление государственной границы...

Казахстанская атомная электрическая станция

Проект строительства АЭС в Казахстане обсуждается довольно продолжительное время.  Скорее всего строить АЭС в Казахстане будет Госкорпорация «Росатом». В этой связи думается будет интересным опыт проектов...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока