03.11.2019
«Egemen Qazaqstan»/Қоғам /31 Қазан, 2019 ж. Редакция.: Жат ағымдардың жетегіне ілесіп, адастырар уағыздардың айтағына бас изеп, ақырында қақтығыс алаңына айналған Сирияға тап болған қандастарымызды елге қайтару ісінде мемлекетіміз тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілгені белгілі. Бұған «Жусан» операциясы дәлел бола алады. Осы орайда, яғни жат жерде басы шырмауға түскен жандарға қол ұшын беруде еліміздің шет мемлекеттердегі дипломатиялық қызметкерлерінің де атқарып жатқан істері мол. Бүгін біз сондай жағдайлардың біріне қатысты мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Бұл оқиғаның өткеніне біршама уақыт болды. Мен ол кезде Қазақстанның Сириядағы консулы қызметін атқаратынмын. Сирияда соғыс ошағының тұтануына байланысты, Дамаскідегі кеңсеміз көршілес Иордания астанасы Амман қаласына көшіріліп, ендігі қызметті осы арадан жүргізуге тура келді. Қазақстандық азаматтардың қажеттіліктерін өтеу орайында Дамаскіге жиі барып тұратынмын. Осындай сапарларымның бірі есімде ерекше сақталып қалды…
Кезекті рет Орталықтың тапсырмаларын орындау мақсатында Дамаскіге жол жүріп кеттім. Әдетте, Сирияға Ливан арқылы қатынайтынбыз. Ұшақпен Бейрутқа жетіп, одан әрі қарай көлікпен Дамаскіге жетеміз. Амман мен Дамаскі арасында әуе қатынасы үзілген, шекара жабылып, екі елдің арасында қарым-қатынас тоқтауға жақындаған. Бұл жолғы сапарымның мақсаты – Сирия аумағында болу тәртібін бұзғаны үшін ұзақ уақыт бойы қамауда отырған қазақстандық азаматты елге қайтару. Алдымен, Сирия Ішкі істер министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғаларымен кездесіп, отандасымызды елге қайтаруға қатысты жайттарды анықтап алдым. Қуанарлығы, біздің жігітке сириялық құқық қорғау және лаңкестікке қарсы күрес жүргізетін мекемелері тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, оған тағылатын қандай да бір айыптың жоқ екендігін жеткізді. Елінде соғыс қимылдары жүріп, қан төгіліп жатса да, дәстүрлі сабырлылығы мен қонақжайлылығынан, ақкөңіл пейілдерінен айырылмаған сириялықтардың мінезіне таңғалмасқа болмайды. Мәжбүрлікпен жат елдерде босқын болып жүрсе де, тұрған мекендерін лезде базарға айналдырып жіберетін іскерлік қабілеттері де ғажап олардың.
Әлгі қазақ жігіті Сирияға Түркиядан заңсыз кіріп, Хомс маңында ұсталғаннан кейін, Адра қаласында орналасқан арнайы түрмеге қамалып, бірнеше ай арнайы тексерістен өткізілген соң, Дамаскіге жеткізілген. Қамауда отырғанда артық әрекеттерге бармай, тәртібі жағымды болыпты. Түрме қызметкерлері тарапынан жәбір көрмеген. Қамаудағы отандасыммен жүздесу кезінде ол өзі туралы қысқаша баяндап берді. Алматы облысының тумасы, әке-шешеден ерте айырылып, жетім өскен. Туған-туыс, дос-жаран деген атымен жоқ. Қой бағып, түрлі қара жұмыс атқарған. Есейе келе ислам дініне бет бұрып, Сауд Арабиясына қажылыққа бармақ болған. Қазақстаннан Әзербайжанға, одан әрі Түркия арқылы Сирия аумағына өткен кезінде ұсталған екен. Бір қызығы, бірнеше елдің шекарасынан құжатсыз өткен. Түрмедегі жағдайына шағымданған жоқ. Тек соңғы уақыттары өкпесі ауырғаны болмаса, бір қарағанда, денсаулығы мықты көрінді. Өзара әңгімелесу кезінде айтқандары шашыраңқы шығып, есіне түскен жайттарды әбден шатастырып, әр нәрсенің басын бір шалатыны байқалды. Сәт сайын өзгеретін көңіл күйінен күтпеген әрекеттерге бара алатындай күмән туды. Дегенмен қалай болса да, азаматты елге жеткізуім қажет. Уақыт тығыз, шұғыл шешім қабылдап, оны ең ыңғайлы деп табылған Дамаск-Дубай-Алматы бағытындағы ұшақпен аттандыруға кірістік. Дамаскіден шет мемлекеттерге әуе қатынасы әбден қиындаған уақыт. Бауырлас дейтін араб мемлекеттерінің көбі Сириямен әуе байланыстарын үзген. Бұл басына бұлт үйіріліп, анығы сырттан келген жат күштер шаңырағын шайқалтуды көздеген Шам халқының барша қиындықпен жалғыз өзі арпалысып жатқан кезең болатын.
Ендігі шаруа әлгі жігітке қажетті құжаттарды рәсімдеп әрі Сирияның мүдделі мекемелерімен келісіп, жергілікті полиция көмегімен әуежайға жетіп, Дамаскіден аттану. Заулаған көліктеріміз әуежайға бет алды. Жол бойы қираған үйлер, траншеялар мен танктер тұрған бекеттер. Алыстан атыстың дауысы айқын естілуде. Жүргізушіміз жуырда ғана осы жерлерде қарулы қақтығыс болғанын айтады. Әуежайдың өзі әскери қамал тәрізді көрінді. Аспанда бірнеше әскери тікұшақ ерсіл-қарсылы ұшып жүр.
Біз қауіптенгендей тосын жайттар Дамаскі әуежайында басталды. Азаматымыз күтпеген жерден Қазақстанға қайтпаймын деген дау шығарып, ұшаққа отырмау үшін кез келген әрекетке баруға дайын екенін көрсетті. Жылдар бойы жинақталатын кәсіби тәжірибені пайдаланатын тағы бір сәттің туғанын түсіндім. Мұндай проблемамен Сауд Арабиясында, Иранда және Өзбекстанда қызметте жүргенде талай мәрте бетпе-бет кездескен едім. Иә, ол басқа әңгіме. Ресми қызметкер ретінде нұсқаулықтарға сәйкес жансыз, құрғақ тақылдаудың түкке тұрмайтындығы, керісінше ахуалды одан әрі ушықтырып жіберу ықтималдығы белгілі. Онымен жерлес, сапарлас, тіпті жанашыр жолдас бейнесіне көшіп, біршама уақыт бауырлық әңгіме айтудың кезегі келген. Әсері тиді білем, серігім бөтен ниетінен бас тартып, бірге жүруге келісті. Бұған қоса, ұшаққа алып кірмекші болған сусабын құтысының ішіне жасырған екі пышағын қолынан алдым. Ал оның тосын әрекеті тіркеуден өтіп, ұшаққа кіретін кезде кенеттен өрбігендіктен, шығарып салысуға ілесіп келген көмекшілерімнен ендігі қайыр жоқ. Оның үстіне әуежай қызметкерлеріне және кеденшілерге бұл жайтты хабарлау – оның депортациялануын дереу тоқтатып, бұған дейін атқарған барлық ісімізді жоққа шығармақ. Сондықтан өзім «тәркілеген» қауіпті заттар дереу қоқыс жәшігіне тасталды. Хош, ақыры Дубайға қатынайтын ұшаққа бірге отырдық.
Дубайға келіп қонған серігім екеумізді осы қаладағы біздің консул мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшіліктің дипломаттары және жергілікті мекемелер қызметкерлері қарсы алды. Алматыға ұшатын ұшақ келесі күні болғандықтан, біздің жолаушының «ерекше» мәртебесіне байланысты, өзге жұрттан оңаша арнайы бөлмеде күтуіміз ұйымдастырылыпты. Дамаскіде басталған екеуара жүрекжарды сұхбатты жаңа, қызықты тақырыптар қосып қайта жалғастыруға тура келді. Әйтеуір соңғы тәулік те сәтімен өтіп, Алматыға бағыт алдық. Алыс сапарларда жүргенде осынау алтын ұяма әрдайым аяулы ата-анаммен, ақжарқын, адал достарыммен қауышуды күтіп, іштей ерекше қуанышқа толы сағынышпен жетуші едім. Бұл жолы өзге сезім бойды биледі, қасымдағы өмірі бұралаңға толы адамды аман-есен еліне жеткізудің зор жауапкершілігін сезініп, көңілде толқу бар.
Әуежайда ұшақтан түскен сәтте тағдырдың тәлкегіне ұшырап тұрмыстың қисапсыз қиындығынан қажып, санасы сансыраған, ақырзаман дауылы атамекенінен адастырып, айдаладағы жанжал аумағына лақтырған азаматты жергілікті қызметкерлер қарсы алды. Мұнан кейінгі оның тағдыры мен үшін беймәлім, бірақ бала күнінен айналасының қамқорлығы мен жылы алақанына мұқтаждай көрінген бейкүнә бейнесі көз алдымда қалып қойыпты.
Бабыр ДӘУРЕНБЕК