15.07.2020
Бүгінде Әзірбайжан мен Арменияның арасы барынша ушығып тұр.
12 шілдеде Армения-Әзірбайжан шекарасында (қақтығыс Әзірбайжанның Товуз ауданы мен Арменияның Тавуш облысымен шекаралас жерде болған. Қақтығыс болған жер Таулы Қарабаққа қарамайды. Товуз бен Қарабақ арасындағы қашықтық 240 шақырым, ал Товуз бен Баку арасындағы қашықтық – 439 шақырым) бастаған қарулы қақтығыс қазірдің өзінде де толастар емес. Екі жақтан да әскерилер қаза болды, жарақат алғандар бар.
Соғыс жағдайында болғандықтан, екі жақтың арасындағы майдан тек әскери, саяси шепте ғана емес, ақпараттық шепте де өршіп тұр.
Осы оқиғаға қатысты біздің ақпаратық кеңістікте жарияланған кей материалдарда аракідік жаңсақ немесе кемшін ақпараттар бой көрсетіп қалуда. Осы кемшіліктің орынын толтыру мақсатында, біз де ішбу жазбамыз арқылы, кей мәселелер бойынша өз көзқарысымызды бөлісуді жөн көрдік. Ондағы мақсатымыз – оқырман қауым мен салалық мамандарға қолдан келгенше тың ақпарат ұсыну.
Армения-Әзрбайжан арасындағы саяси-әскери жанжал 1990 жылдары басталып, қазірге дейін әртүрлі деңгейде қайта тұтанып, қайта өршіп жалғасып келеді. Бұған дейінгі ең соңғы ірі қақтығыс 2016 жылы сәуір айында болып, Әзірбайжан тарапы бірнеше биіктіктерді кері қайтарған болатын.
Төрт күнге созылған бұл қақтығыстан екі жақ та тиісті қортынды шығарған болатын.
- Армения әскери тұрғыдан Әзірбайжанмен бәсекелес бола алмайтындығына анық көз жеткізіп, Ресейдің қолдауынсыз ашық соғыс жағдайында басып алған Әзірбайжан жерлерін уысынан шығарып алатындығын ұғынған болатын.
- Сәйкесінше, Әзірбайжан да өзінің әскери мүмкіндіктерін айқындай түсіп, әскери күшін дамытуға басымдық берген-ді.
Десек те, 12 шілдеде екі жақтың арасында қақтығыс болып, жағдай қайтадан ушыға түсті. Әзірбайжанның Арменияны Товуз арқылы тікелей шабуылдауы мүмкін емес. Әрі бұл қисынға да келмейді. Өйткені Әзірбайжан үшін негізгі стратегиялық нысандағы және соғыс ықтималы жоғары аймақ — Таулы Қарабақ. Товуз емес. Товуз Әзірбайжан үшін шекаралық аймақ қана. Гипотезалық тұрғыдан айтар болсақ, егер де Товуздан Арменияны шабуылдау Әзірбайжан үшін негізгі мақсат болған болса, бұл қақтығыс бұдан бұрын да болар еді.
Товуз, географиялық тұрғыдан, таулы аймақ болуына байланысты қақтығыс гаубицалармен, ірі калибрлі қарулармен және пилотсыз ұшатын құрылғылармен(Әзірбайжан) жүргізілуде. Бұл жағынан алғанда да Армения Әзірбайжаннан әлде қайда кейінгі сатыда.
Жоғарыдағы айтылған жәйттер мен өзге де факторларды ескерек отырып, бұл қақтығыстың астарында әскери мақсаттардан бұрын, саяси мүдделердің басым екендігін болжай аламыз.
Ресми Бакудың мәлімдеуінше, әскери анализдердің алғашқы қорытындылары бойынша, оқ атпау туралы келісімді алғаш болып Армения қарулы күштері бұзған. Салдарынан бірнеше ӘР жауынгері қаза болып, Әзірбайжан тарапы сәйкесінше тойтарыс берген.
Осыған сүйене отырып Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев кешегі баспасөз жиынында қақтығыс болған аймаққа шетелдік әскери өкілдік басшыларынын шақырылатынын және мәселені ашық түрде жария ететіндігін мәлімдеген-ді.
Тағы бір «қызықты» жәйт – қақтығыстың ҰКШҰ жиынының қарсаңында болып, тап осы қақатығысқа байланысты «қосымша кеңес өткізу мақсатында» ұйым жиынының кейінгі шегерілуі болды.
Пайымдауымызша, Ереван түптеп келгенде Бакумен арадағы мәселенің саяси диалог арқылы шешілмеген жағдайда ҰҚШҰ арқылы өз мүддесін жүзеге асыру үшін осы бастан аталған ұйымды өз жағына тартудың жолдарын қарастырып, ұйымның ықтималды әрекеттерін зерттеуге кірісіп кеткен сияқты. Ал екінші жағынан COVID-19 факторы мен ішкі саяси-экномикалық дағдарыстың ықтималды дүмпулерінен өзін аман алып қалудың бірден-бір жолы ретінде осы қақтығысты қолдан жасауы әбден мүмкін.
Дейтұрғанымен біздіңше басты мәселе, БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның армян-әзірбайжан, таулы-қарабақ жанжалы жөніндегі қарарларына сәйкес, жанжалды реттеуде «егемендікті құрметтеу, оны сақтау, аумақтық тұтастық пен шекаралардың қол сұғылмаушылығы» принциптері басты назарда тұруы тиіс.
Өйткені бұл жанжал дер кезінде диалог негізінде өз шешімін таппаса, қақтығыстың салдарлары локалды болудан шығып, аймақтық деңгейге дейін өршіп кетуі әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде беліглі бір аймақтың шекарасынан шығып, түгел аймақтың қауіпсіздігіне оразан зор қатерлер тудыруы мүмкін.
Қазақстанның ұстанымы:
Қазақстан Ресубликасы өзінің сыртқы саясатында көпвекторлы бағыт пен бітімгерлік позицияны ұстанатындағы мәлім. Осыған сәйкес ҚР СІМ аталған дауға қатысты арнайы мәлімдеме жариялап, «қақтығысты шешудің бейбіт жолдарын іздеуге барынша жәрдемдесуге дайын» екендігін мәлімдеді.
Аталған құжаттың толық мәтіні төмендегідей:
«Әзербайжан мен Армения шекарасында қарулы қақтығысқа қатысты ҚР СІМ мәлімдемесі
Қазақстан Республикасы адам өліміне әкеліп соққан Әзербайжан-Армения шекарасында болған қарулы қақтығысқа алаңдаушылық білдіреді.
Достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын даулы мәселелерді шешуде ұстамдылық танытуға және күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға шақырамыз.
COVID-19 пандемиясы мен әлемдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы аясында қақтығыстың одан әрі өршуі күтпеген теріс салдарға әкелуі мүмкін.
Бейбітшілік пен келісімге, ең алдымен, екіжақты форматта тез арада қол жеткізетініне үміт артамыз. Халықаралық ұйымдар шеңберінде, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, АӨСШК алаңдарыда қақтығысты шешудің бейбіт жолдарын іздеуге барынша жәрдемдесуге дайынбыз».
Шын мәнінде бұл қақтығыс кімге тиімді? Астарында қандай құпия бар? Мұның жауабын уақыттың еншісіне тапсырмасқа амал жоқ. Бірақ қалай болғанда да тарихи әділдіктің өз биігінен орын алары хақ!
Автор: Нұрғали Жүсіпбай
Нет комментариев