KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Елбасы һәм сыртқы саясат

Елбасы һәм сыртқы саясат

05.03.2018

Көзді ашып-жұмғанша қауырт өзгеріп жатқан қазіргі күрделі әлемде, орасан ақпараттық тасқын дәуірінде халықаралық ахуалдың бет-бейнесі де шалт құбылуда. Елдер мен елдердің, бүтіндей аймақтар мен іргелі бірлестіктердің өзара тығыз араласуы мен ықпалдастығы арта түсуімен қатар, қайшылықтары мен текетіресі де тереңдеуде. Өкініштісі, соның салдарынан кеше ғана біртұтас болып, іргесі бүтін шекарасы бекем саналған жекелеген дербес мемлекеттердің ішкі берекесі қашып, шаңырағы шайқалып отырғанына көз жетуде. Мұндай қасіретті жайттардың түп-төркініне үңілгенде, елдің елдіктен айырылуының басты себептерінің тізбегінде – ұлттық бірліктің, ұлыстық тұтастықтың қалыптаспауы жағдайынан туындағаны көрінеді.

Егемендік жолы ұзақ болмағанымен, дүниежүзілік қоғамдастықтың қабырғалы мемлекетіне айналған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы ынтымағы мығым Қазақстан халқының, әлбетте жаһандық дамудың, адамзат тарихының аңғарын һәм уақыт тынысын тап басып отыратын Президент Нұсұлтан Назарбаевтың ғаламдық ауқымда қапысыз мойындалуының ақиқат жеңісі деп білеміз.

Еліміздің сыртқы саясатындағы осынау биік миссиясын ел мүддесіне бейімдей отырып абыройлы да нәтижелі атқаруға байыпты әрі прагматикалық дайындықпен келгенін айта аламыз. Яғни, қызметінің негізгі басымдықтары деп табиғи кеңістігі — орталықазиялық аймақтың өзекті мәселелерін, қасірет шеккен Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін анықтады. Бұл ұстаным Елбасының БҰҰ ҚК-не жолдаған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем орнату үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға Қазақстанның көзқарасы» саяси мәлімдемесінде тұжырымдалды.

Расында, өткен кезеңдердің қилы себептерінен келіп шыққан жөнсіз қайшылықтардан түпкілікті арылатын күн туғанына көз жеткізіп, ендігі белестерді тек қана өзара бірлік, бауырластықпен еңсеру қажеттігіне бет түзеген Орталық Азия елдері басшылығының қазіргі оң қадамдары миллиондаған қарапайым адамдардың жүрегіне үміт отын ұялатуда. Әсіресе мемлекет басшыларының өзара сыйластықтары әріптестіктен асып, ағалық-інілік сипат алғаны жыл құсы келгендей, жылы леп ескендей. Десек те, аймақ елдерінің алдында — тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, ұлттық мәдени, рухани жаңғыру, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге, трансұлттық қылмысқа, заңсыз миграцияға, сонымен бірге есірткі айналымына қарсы күрес тәрізді күрделі мәселелер түпкілікті шешімін таппағаны да аян. Мұндай сын-қатерлерді зардапсыз еңсерудің жолы әрбір мемлекеттің ішкі әлеуетін тиімді пайдалану, өзара қарым-қатынастарды қайта жаңғырту арқылы даму үрдістерін ұштастыра білу, сондай-ақ сыртқы факторлардың жойқын әсеріне лайықты жауап беру арнасында бірыңғай ұстанымда болудың өмірлік қажеттілігі айқын аңғарылуда.

Міне, осы биік мүддеде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі үстіміздегі жылғы қаңтар айындағы төрағалығы барысында Орталық Азия және Ауғанстан бойынша арнайы министрлік дебаттарын ұйымдастырудың ауқымды да жауапты жұмысын абыроймен адақтады. Бұдан ширек ғасырдан астам бұрын ғана кеңестік империяның бір қалтарысында қалып келген орталықазиялық республикалар үшін Ұлттар Ұйымы щеңберінде дербес арнайы жиынның өткізілуі де тарихи табыс екендігі даусыз. Сонымен бірге Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кешенді ісіне дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын аударуға тап біздің еліміздің орасан күш-жігер жұмсап келе жатқанын айту лазым. Қазіргі кезеңдегі нақты жайт — тек қана көршілес Орталық Азия елдері Ауғанстандағы жағдайдың реттелуін қалайды. Өйткені әлемдік ірі державалардың жеке мүдделері, соның ішінде транзиттік әлеуетті пайдалану бойынша бәсеке тұрғысынан, аймақтағы мемлекеттердің бір-біріне қайшылықты әрекеттері салдарынан, Ауғанстанда керісінше бейберекеттік сақталып отырғаны қолайлы. Демек олар бұл аймақта өзінің қатысуын жалғастырады, қару сататын нарықтың болуына да жасырын мүдделілік бар. Есірткі өндірісі мен тасымалының артуы Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтануына бастамайды, керісінше елде халықаралық ауқымға ұласатын қылмыстық жүйенің күшейіп, бақылаусыз кете беруіне апарып соқпақ. Бұл тұрғыда Ауғанстанмен тікелей көршілес елдердің аумағы есірткі тасымалы үшін транзит ретінде пайдаланылуы, онымен айналысатын ықпалды топтардың әрекеті — трансұлттық сипат алған қылмысқа қарсы күрестің нәтижесіз қалуының негізгі себебі ретінде сақталуда.

Ал, АҚШ сынды алпауыт елдер Ауғанстанда жаңа стратегия қабылдап, онда әскери қатысуын арттырғанымен, күштік жолдармен бұл елде ешқашан бейбітшілік орнамайтыны уақыт өткен сайын өткір білінуде. Сондықтан тек қана экономикалық тұрғыда белсенді қатысу мен нақты көмектесу жолдары арқылы онда тұрақтылықтың орнауына қарай алға жылжуға болады деген дүниежүзілік қоғамдастықтың ортақ ұстанымын қалыптастыру маңызды.

Қазақстан 2018 жылғы қаңтардағы төрағалығы шеңберінде Ауғанстанға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің салмақты делегациясының сапарын ұйымдастырып, оны Еліміздің Ұйымдағы өкілі Қ.Омаров бастап барды. Қысқа уақыт ішіндегі Ауған басшылығымен, бірқатар құзырлы органдарымен, осы елдегі БҰҰ Миссиясы, НАТО операциясының жетекшілерімен ондаған кездесулер өткізген еді. Осылайша, соңғы сегіз жылда бірінші рет жүзеге асырылған сапар барысында бұл елде қалыптасқан аса күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалмен тікелей танысуға мүмкіндік жасалды. Делегация мүшелерінің көзі жеткендей, аумақтарға, этникалық жікке, түрлі топтарға, діни ағымдарға бөлініп, іркіттей іріген Ауғанстанда аса қиын жағдай қалыптасқан. Терроршылардың жосықсыз әрекеттерінен мыңдаған жазықсыз жандар жапа шегуде, ең қауіптісі, ауған жеріндегі дағдарыс аймақтағы өзге елдерге от тастап жіберуі жоққа шығарылмайды.

Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу мұратында Қазақстанның ұстанымдары, яғни: орнықты даму бағдарламасын жүзеге асыру; жалпы аймақтық көзқарас, өйткені Ауғанстанға қатысты сынақтар мен қатерлерге қарсы күресті бір елдің көлемінде ғана жүргізу тиімсіз; БҰҰ жұмысының үйлесімділігі мен тиімділігін арттыру, бүтіндей бір елге тек қана үрей көзі ретінде қарамай, ірі экономикалық, инфрақұрылымдық  жобаларға тарту арқылы ортақ кеңістік қалыптастыру тәрізді ұсыныстар осынау елдің қазіргі билігінің көзқарастарымен ұқсастығы дәйектелді. Басқаша айтқанда, қазақ дипломатиясы ауған апатына әлем назарын аудару миссиясын толыққанды атқара білді. Африка, Америка, Азия, Еуропаның іргелі мемлекеттерінің өктем өкілдерін тізгіндегендей бейнеде табандарын ауға жеріне тигізу арқылы ауған халқының басындағы алапат трагедияның табиғаты ашылғандай.

«Abai.kz» порталында біз бұған дейін жазған бір баянымызда: «…қазірде әлемге кеңінен танымал ауғандық жазушы Халед Хоссейнидің «Желмен жарысқан», «Таудағы жаңғырық», «Жарқыраған мың күн» деген үш романында ауған әлемінің мүлде бөлек шындығы, алыс та жақын ауған жұртының боямасыз анық бейнесі, ақиқат болмысы, жаратылыс-бітімінің іштей ерекшелігімен, барша адамзат баласына тән қарапайым жандардың күнделікті тыныс-тіршілігі, уайым-қуанышы, сезім-көңілімен, әлбетте, ауқымды да тұңғиық қайғы-қасіретімен айқара ашылып, ой-санаңның, болмысыңның терең түкпіріне сыналап кете барады.

Халықаралық саясаттың азулы шешендерінің көпірме әңгімесін тыңдасаңыз,  Ауғанстан апатын оның жерінің геосаяси орналасуынан, жұртының ішкі қайшылықтарынан көреді, мәртебелі деп саналатын мәнсіз жиындарда бұл елді, құдды бір баланың сынған ойыншығындай қайта қалпына келтіру — ең басты, ең маңызды тақырып ретінде талқыланып бітпейді, ал оның сол қалпы неге бұзылды, тыныштықтан не үшін айрылды —  ешқайсысы ешқашан кінәні өздерінен іздемейді. Ақиқатында ше…», — деп жазған едік.

Иә, ол ақиқат алыста емес, тек қана өркениетті адамзат бір сәт өркөкіректік пен ынсапсыздықтан арылып, өзіміздің ғарышкер Айдын бауырымыз айтқандай, ол жақтан қарағанда аядай-ақ көрінетін жер бетінде қанағат пен парасатқа қарай кезекті бір қадамын жасаса, ендігіде ауған балаларының көз жасына қалмас еді.

(Авт. Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы Елшілігінің Кеңесші-Уәкілі Мұхтар Кәрібай)

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока