KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Күрд халқының қазіргі жағдайы туралы

Күрд халқының қазіргі жағдайы туралы

09.06.2022

Халықаралық қатынастар жүйесінде аймақтық, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің қатарына Таяу Шығыстағы күрдтердің жағдайы жатады. Күрд мәселесіне жеке мемлекеттің ішіндегі ұлтаралық қақтығыс немесе бейбіт келісімдер нәтижесінде шешімін табатын екі мемлекет арасындағы даулы мәселе  деп анықтама беруге болмайды. Күрд мәселесі — Күрдістан мемлекетін құру талпынысымен байланысты құқықтық, әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық мәселелер түйіні болып табылады. Күрд мәселесі – Осман империясы құлағаннан кейін 4 мемлекет арасында бөлініске түскен халықтың тағдыры.

Қазіргі күрдтер мекендеген жер көлемі – 450 мың шаршы шақырым. Түркияның құрамында – 200 мың, Иранда – 160 мың, Ирақта – 75 мың, Сирияда – 15 мың шаршы шақырым жерлерді күрд халқы ежелден мекен етеді.

Қазіргі таңда ғмаңыздылығын арттыратын бірнеше факторлар бар:

Біріншіден, күрдтердің Таяу Шығыстағы геостратегиялық жағынан ең маңызды өңірде орналасуы.

Екіншіден, Күрдістан зор экономикалық әлеуетке ие. Оның негізін мұнай қоры құрайды. Бұл өңірден өтетін мұнай құбырлары Еуропа мен Азияға тез арада мұнай жеткізуге қолайлы жағдай туғызады. Күрдістанның  қосымша экономикалық басымдығына оның Тигр өзені түріндегі гидроресурстары жатады.

Күрдтер – Таяу және Орта Шығысты мекендейтін ежелгі халықтардың бірі. «Күрд» атауы б.з.д. 400 ж. грек жазушысы Ксенофонттың жазбаларында кездеседі.

VII-ІХ ғасырлар аралығында күрд өңірі мұсылман халифатының құрамына енді. ХІ ғасырда Күрдістан өңіріне Орта Азиядан көшпенді түркілер тайпалары басып кірді. ХVI ғасыр басында күрд тарихының маңызды бөлігі басталады. Осы уақытта бүкіл араб шығысын жаулап алған Осман империясы мен Сефевид түркі әулеті басқарған шиіттік Иран күрд жерлерін бөліп алды. 1514 жылы Чалдыранда түріктердің парсыларға қатты соққы беруінен кейін Күрдістанның басым бөлігі Осман империясына қарады. 1514 жылы Осман империясы мен жиырма үш күрд тайпалары арасында достық және одақтастық туралы келісім шартқа қол қойылды.

ХІХ ғасыр басына дейін күрд халқы тұрған жерлер Осман империясы мен Иранның арасындағы бәсекелестіктің нысаны болып келсе, ХІХ ғасырда оған еуропалық елдер ─ Англия мен Ресей қосылады. Ал ХІХ ғасырдың соңына қарай жаңа капиталистік ел — Германия араласа бастайды. Кейінірек бұл мемлекеттердің қатарына Америка Құрама Штаттары мен Франция қосылды. Еуропалық мемлекеттер күрд жеріндегі әртүрлі қайшылықтар мен қақтығыстарды (түрік-парсы қақтығыстары, күрд арасындағы қайшылықтар) отарлық саясатының құралына айналдырды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Иран мен Түркия үкіметіне қарсы күрд халқының күресі күшейе түсті. Равандуз көтерілісі (1835-1837 жылдары) бұның айқын дәлелі болып табылады. Күрд ұлт-азаттық қозғалысының орталығы ирак-ирандық шекара арасындағы таулы аймақ Равандуз болды. Ахмед паша бастаған күрд тайпаларының күресі Осман империясымен қатар Ирандағы шах үкіметіне де қарсы бағытталды. Орталық Күрдістанның үлкен бөлігінде өз ықпалын орнатқан Ахмед паша ешкімнің билігін мойындамай, Равандузды  тәуелсіз билік иесі ретінде басқарды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де күрдтерді жаппай қудалау болғанын атап өту қажет. 1920 жылғы 10 тамызда Севр бейбіт келісім шартына бір жағынан Түркия, екінші жағынан одақтас державалар – Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, сонымен қатар Армения, Бельгия, Грекия, Польша, Португалия, Румыния, Хиджаз және Чехословакия арасында қол қойылды. Севр келісімі 433 баптан тұрды. Келісім–шарт бойынша Осман империясы жойылды. Сұлтан үкіметі барлық араб иеліктерінен айырылды. Күрдістанды қайта құру мәселесі Антанта державалары тарапынан көтерілді. 1920 жылғы Севр бейбіт келісімінің 62, 63 және 64 баптарына сәйкес күрдтерге кең автономия берілді. Күрдтердің тарихи аумағын бөліп беріп, ұлттық тәуелсіз мемлекетін құру мәселесі де көтерілді. Кейін Күрдістанның тәуелсіздігіне кепілдік болатын Севр келісімі қағаз жүзінде қалғанымен, күрд мәселесінің дамуында маңызды орынға ие болды.

Күрдтер қоныстанған аудандарға автономия беру туралы мәселе күрд халқының тарихында алғаш рет халықаралық дипломатиялық құжатта қарастырылды. Бұл күрд мәселесінің әлемдік деңгейде алғашқы рет талқылануы еді. 1923 жылы Ататүрік қозғалысының жеңіске жетуіне байланысты Антанта елдері Севр бейбіт келісімін қайта қарауға мәжбүр болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күрд халқының тағдыры 1946 жылы КСРО-ның көмегімен Мехабадта Күрд (Мехабад) республикасының жариялануымен ерекшелендi. Бұл мемлекет небәрі 11 ай, 1946 жылдың желтоқсанына дейін ғана өмір сүрді.

ХХ ғасырдың аяғындағы Ирактағы саяси ахуал өз кезегінде күрд мәселесін де қамтыды. Күрдтер АҚШ-ты өздерінің стратегиялық серіктесі ретінде қабылдады, бірақ АҚШ-тың түріктерді қолдауы және олардың мұнай кендеріне қатысты саясаты шынайы екіжақты қарым-қатынас орнатуға кедергі болды. Дегенмен Ирак күрдтерінің топтаса түсуі Түркия, Иран және Сирияның күрд диаспораларының белсенділік танытуына әсер етті. Ирактағы күрдтердің саяси белсенділігі Түркия, Иран, Сирия үкіметтерін үрейлендіріп, олардың күрд мәселесіне қатысты ұстанымдарының жақындасуына алып келді.

  Түркияда күрдтер Ататүріктің кезеңінен бастап ұлттық азшылық құқықтарына ие болған емес. Дегенмен халықаралық құқықтық, парламенттік және қоғамдық ұйымдардың әсерімен түрік қоғамында күрдтер халық ретінде мойындалды. Түркияның бұрынғы президенті Т. Озалдың күрдтерге автономия беру идеясын жақтаушылылар саны өсіп келеді. АҚШ тың Ираққа қарсы соғысы кезінде Түркия АҚШ-тан Ирақтағы күрдтерге өзіндік мемлекет құруға жол бермеуін талап еткен болатын.

Сарапшылар бұл дағдарыстан шығу үшін — Күрдістанның түріктік, ирандық, ирақтық бөліктеріне ұлттық-мәдени күрд автономияларын беру қажет деп санайды. Осы автономиялық құрылымдар «негізгі» мемлекеттердің аумақтық тұтастығын мойындап, жалпы күрдтік мәдени құрылым болуы керек. Заманның өте күрделі күрд мәселесі    зерделік пен зиялылықтың негізінде әлемдік қауымдастық пен үкіметтік ұйымдар тарапынан қатаң халықаралық бақылауға алынып, жүйелі түрде біртіндеп шешілуі аймақтағы болашақ қауіпсіз өмір сүрудің кепілі болары сөзсіз.

Қазіргі таңда күрд мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып келеді. Күрд мәселесі тек Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі саяси жағдайға ғана емес бүкіл халықаралық қатынастарға, күрд қозғалысын өз пайдаларына пайдалануға тырысқан жетекші елдердің саясатына өзіндік әсерін тигізуде.

Күрд мәселесі геосаяси маңызы бар, қазіргі тарихи дамудағы ірі этникалық дағдарыс болып табылады. Бірнеше жыл бұрын бұл мәселені көпшілік біле бермесе, Украинадағы соғысқа дейін бүкіл Еуропа елдері мен әлем елдерінің назарын аудартқан өзекті мәселелердің бірі болып келді.

 

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока