KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Мұхтар Кәрібай: Ұлттық жаңғыруға Үндеу

Мұхтар Кәрібай: Ұлттық жаңғыруға Үндеу

12.10.2018

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз Қазақстан мемлекетіндегі қазақ қоғамының бүгінгі келбеті мен келешекке сенімді енуінің күретамырлы жайттарын айқын анықтаған ауқымды да нақты, манифест деңгейіндегі бағдарламалық құжат деуге толық негіз бар.

Қас қағымда өзгеріп жатқан қазіргі әлемде бағыты бұлыңғыр тарихи кезеңдердің басталуы, әсіресе халықаралық саясатта кеше ғана шекарасы берік, іргесі бүтіндей көрінген дербес мемлекеттердің күтпеген жерден ішкі берекесі кетіп, шаңырағы шайқалып отырғаны әбден ойландырады. Мұндай қасіретті жайттардың түп-төркініне үңілгенде, елдің елдіктен айырылуының басты себептерінің бірі – ұлттық бірліктің, ұлыстық тұтастықтың қалыптаспағандығынан туындағаны аңғарылады. Яғни, бір елдің ішінде өмір сүргенімен, белгілі топтардың бөлек аймақтарда шоғырлана орналасуы, әртүрлі тілдерде сөйлеп, өзгеше әдет-ғұрып, салт-дәстүр, діни наным-сенім ұстануы. Ол аздай, мүдделі сыртқы күштер бұлардың арасында мемлекеттің ресми идеологиясынан басқа, әдетте, мүлде қарама-қарсы ұстаным мен идеологияны қолдан келген барлық тетіктерді пайдалану арқылы тарата бастайды. Ақырында, елдік тұтастықтан айыруға, ең өкініштісі ешбір жазығы жоқ қарапайым бейбіт тұрғындардың қисапсыз қырғыны мен орасан зардап шегуіне әкеліп соғатын ішкі жанжал, түбінде азаматтық соғыс оты тұтанады.

Міне, сондықтан Президент мақаласындағы  санамыз ісімізден озық тұруы тиіс деген қағиданың тереңдігі келіп шығады. Тіпті, ол саяси және экономикалық дамуды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатыны тұжырымдалған. Расында, бүгінде іркіттей іріген Ирақ, Либия, сондай-ақ Сирияның тұрғындарының экономикалық, әлеуметтік  жағдайлары төмен болмағандығы аян. Сондықтан басқа салалардағы жаңғыру құр жаңғырыққа айналмауы үшін, ең алдымен ұлттық кодыңды сақтай білудің күн тәртібіндегі басты мәселеге айналғаны кәміл. Ал, ұлттық кодыңның өзегі, әсіресе қазақ халқы үшін, ана тілінде тұрғандығы аспандағы айдай ақиқат. Ұзақ мерзімдер көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан, біздің замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлеріміздің алтын діңгегі өзгелердей пирамида, сарай, қорған тәрізді көзге көрінетін заттық белгіде емес, тіліміздің терең қатпарларында сақталған қастерлі ұғым-түсініктер, қасиетті қағидаларда тұр. Ендеше, мақаладағы  «жаңғыру ұлттық-рухани тамырдан нәр ала алмаса, адасуға бастайды» деген пікір бүгінгінің басты ұранына айналуы лазым.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы ширек ғасырында белгілі себептерге байланысты негізгі күш-жігер экономикалық, сяаси салаларға ойысып, әдеби, мәдени, рухани құндылықтар екінші қатарда қалып отырды. Ішкі саясатта ұлттық жаңғырудан бұрын ұлтаралық келісім жоғары тұрды. Олай болуының да өміршеңдік талаптары болды. Бабалардан мирас болған, қанына сіңген ізгі қасиеттері жоғары халық бүтіндей бір кезең өз үкіметінің өз тілінде сөйлемеуіне де толеранттылық тантып, үнсіз түсіністікпен тосып келді. Дей тұрғанмен, қазақ қоғамының, соның ішінде қазақ тілді қалың қауымның өзекжарды, тіпті жанайқайының тиісті орындарда қажетті деңгейде естілмей қала беруі ұлттық жаңғыруға емес, әсіресе жас буын арасында «қаңғыруға», яки алдымен торығушылық көңіл-күйге ұшырап, одан адасушылыққа, теріс әлеуметтік әрекеттерге, соның ішінде шет елдерден келген жат діни ағымдар мен идеологияға бой ұруы тәрізді барынша қатерлі бағытқа бет бұруына әкеліп соқтырды. Сондықтан Елбасы тұтас қоғамның ғана емес, әрбір қазақстандықтың, жүрек түкпіріндегіні ақтарғандай, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні (жыраулар поэзиясы деп түсіндік), Абайдың даналығы мен Әуезовтың ғұламалығына, Құрманғазының күйлеріне сүйене отырып санасын жаңғыртудың асыл арналарын белгілеп берді.

Нақтырақ келгенде:  бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы және өзге де нақты мақсаттарға қол жеткізудің жолдары мен мәні түсіндірілген.

Бүгінгі Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас толыққанды мүшесі болғандықтан, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арыла отырып, ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарын мансұқтау арқылы жаңғыру ұсынылады. Мемлекет басшысының тұжырымдағанындай, расында, «керегемізді кері тарттырып» тұрған жайттар да жетерлік, олар: жең ұшынан жалғасқан жершілдік, тамыр-таныстық, ысырапшылдық пен астамшылық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылық емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке лақтыратын мұндай «ғұрыптардан» дереу құтылып, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салуатты өмір салтын ұстану, кәсібилікке жеткізетін ұлттық прагматизмге шақырады Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстанның өзге өнер, білім бар жұрттармен терезесі тең болып дамуына опа бермей отырған жең ұшынан жалғасқан жершілдік пен тамыр-таныстықтың тамырын қиып, әркімнің жеке үлесін, кәсіби біліктілігін бағалайтын меритократиялық қоғамды толық құрмайынша, келешек жоқ.

Иә, Абай айтқан «туғанда дүние есігін ашады өлең»-нен де айырылып, қазіргі кезеңде қазақ қоғамында шілдеханадан бастап жалғасып беретін тым-тым аста-төк тойлар, мәні мен мағынасы мүлде ескірген ырым-жырымдарды тұтас реформалайтын, бұлардың концепцияларын қазіргі заман талаптарына сай түбегейлі өзгертетін уақыт баяғыда жетті. Бұл жөнінде жоғарыда айтылғандай жанайқайы жете бермейтін зиялық қауым айтып та жазып та келеді. Бірқатар елдер арнайы заң да қабылдады. Америка, Еуропаның дамыған алпауыт мемлекеттерінің Тәуелсіздік күніне орай өткізетін ресми дипломатиялық қабылдауларының өзі қазақ тойына кететін шығынның жүзден бір бөлігіне өткізілетіндігін көзіміз көріп жүр. Соларды сөккен адамды кездестірмедік.

Ұлттық жаңғыруда орасан зор мәні бар отандық бұқаралық ақпарат құралдарында, бірінші кезекте, қазіргі шоу-шылар мен «жұлдызшалардың» ермегіне айналған қазақ телевидениесіндегі арзан даңғойлық пен даңғазылықты дереу тоқтату қажет. Ақпарат құралдары Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасын, «Жаныңда жүр жақсы адам» тәрізді жобаларды жүзеге асырып, адал да ерен еңбектерімен елді алға тартып келе жатқан, тасада қалып кеткен арда азаматтардың ұлағатты өмір жолдарын насихаттауға бет бұрсын.

«Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» (бұған қатысты халықпен ақылдасатын жайттар бар) тәрізді бағдарламаларға кіріскен Қазақстанның жаһандық әлеммен қабыспайтын бір жайты – кириллицадан кетіп, латын әліпбиіне ауысу екендігі басы ашық мәселе. Латын әліпбиіне өту – өркениетті әлемнің қақпасынан сығаламай, оны айқара ашып кіру деген сөз.

Әлеуметтік және гуманитарлық біліміміздің ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге тар көзқараспен қарауға мәжбүрлігімізден шеккен зардабымыздың орнын жедел толтыруымыз үшін  әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тілінде шығарудың ұлағатты нәтижесін асыға күтеміз. Бұл орайда еліміздің шет мемлекеттерде жеткілікті мерзім қызмет етіп келе жатқан, ана тілімен қатар бірнеше тілдерді жетік меңгерген дипломатиялық қызметкерлердің әлеуетін пайдалануға әбден болар еді.

Президент Н.Назарбаевтың, шын мәнінде, барша қоғам Ұлттық жаңғыруға Үндеу ретінде қабылдаған мақаласында баяндалған тұжырымдардың іске асуы — жеті атаға дейін қыз алыспайтын тегі, гені таза, жеті тілде мүдірмей сөйлеуге, жетпіс өнерді игеруге қабілетті қазақ халқының бауырлас, тамыр диаспораларды бауырына тарта отырып, жиырма бірінші ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар, дарһан да дара, мәртебелі мемлекет болатыны кәміл!

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока