23.11.2022
2022 жылғы 22 қарашада Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Орыс-Араб зерттеулері және ақпарат қорымен (ОАЗАҚ) және Зерттеулер және мәдениетаралық білім орталығымен (CRIK) бірлесіп «Қазақстан 2022 жылғы президенттік сайлаудан кейін» тақырыбында Дөңгелек үстел өткізді.
Конференцияға ОАЗАҚ Төрағасы М.Ат-Турки, Зерттеулер және мәдениетаралық білім орталығының (CRIK) ғалымдары мен бас сарапшылары, Имам Мұхаммед бен Сауд Ислам университетінің, ОАЗАҚ-тың, Сауд Арабиясының басқа да ғылыми-зерттеу орталықтарының жетекші мамандары, «Eglamuine» (журналистер) қоғамдастығының және басқа да жергілікті және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Б.Арын қатысушыларды Қазақстанда өткен сайлау науқанының барысы туралы хабардар етіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 81,31% — дан астам сайлаушылар дауысын жинап, айқын басымдықпен жеңіске жеткен кезектен тыс президенттік сайлау қорытындыларымен егжей-тегжейлі таныстырды. Бұл ретте ол халықаралық байқаушылардың бағалауы бойынша сайлау халықаралық құқық нормаларына және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес барынша ашық түрде өткізілгенін атап өтті.
Қазақстандық дипломат бұл сайлау қазақстандықтардың қалауы мен Мемлекет басшысының саяси бағытына кеңінен қолдауын көрсеткеніне ерекше назар аударды.
Өз сөзінде Б.Арын сондай-ақ Президент Қ.К.Тоқаевтың «Әділ Қазақстан» құруды және қоғамды демократияландыруды көздеген бағдарының негізгі тұстары, сондай-ақ кешенді әлеуметтік-саяси қайта құрулар мен а.ж. маусым айында өткен бүкілхалықтық республикалық референдумда қабылданған конституциялық түзетулер туралы айтып берді.
Өз кезегінде ОАЗАҚ Төрағасы М.Ат-Турки Президент Қ.К.Тоқаевты және Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, түрлі бағыттардағы, оның ішінде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Сауд ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның көптеген көрсеткіштер бойынша Орталық Азияда көшбасшы орынға ие екенін және бұл ел басшылығының көреген, ашық және прагматикалық саясатының арқасында екенін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінде әлемдік сахнадағы геосаяси сілкіністер жағдайында Қазақстан қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтай отырып, саяси және әлеуметтік өмірді трансформациялау арқылы өз дамуының жаңа кезеңіне өтуде.
Зерттеулер және мәдениетаралық білім орталығының (CRIK) сарапшысы Амин Сүлейман Әл-Сидо өз сөзінде Қазақстанның бүгінде өңірде ғана емес, бүкіл Азия құрлығында да маңызды стратегиялық және сауда-экономикалық рөл атқаратынына назар аударды. Өз тәуелсіздігінің қысқа тарихи кезеңінде Қазақстан әсерлі нәтижелерге қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастық арасында лайықты орнын алды. Елдің теңгерімді және көпвекторлы сыртқы саяси бағыты қазақстандықтарға өңірдің барлық елдерімен тату-көршілік қарым-қатынас орнатуға және Орталық Азияда тұрақтылықты сақтауға маңызды үлес қосуға мүмкіндік берді.
Қазақстандағы конституциялық реформалар мен саяси өзгерістер саудтық сарапшылар қауымдастығының үлкен қызығушылығын тудырды. Сауд сарапшылары мен БАҚ өкілдеріне билік институттары арасындағы тепе-теңдікті құру процесі, оның ішінде суперпрезиденттік басқару формасынан «күшті Парламенті пен есеп беретін Үкіметі» бар президенттік республиканың классикалық моделіне өту, сайлау жүйесін, елдің партиялық жүйесін демократияландыруға қатысты және т. б. сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси-әлеуметтік реформаларды, президенттік сайлаудың ұйымдастырылуын және Мемлекет басшысының бастамаларын, оның ішінде қоғамдық-саяси және азаматтық-құқықтық салада 6 Конституциялық заңның қабылдануын жоғары бағалады, сондай-ақ белгіленген барлық мемлекеттік міндеттемелердің табысты жүзеге асырылуына сенім білдірді.
Дөңгелек үстел аясында сарапшылар ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың ағымдағы жылдың шілде айында Сауд Арабиясына жасаған ресми сапарының қорытындыларын талқылады. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастарды дамыту аясында Президент Қ.Қ.Тоқаевтың қайта сайлануы екіжақты қатынастарға және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға оң әсерін тигізетіні атап өтілді. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде екі ел көшбасшыларының өзара қолдауы мен берік саяси ерік-жігерлерінің арқасында Рияд пен Астана арасындағы достық және сенімді қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен туризмді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар биыл тікелей әуе рейстерінің ашылуы арқасында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы туристік ағым айтарлықтай артқанын атап өтті.
Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың Қазақстанның одан әрі дамуындағы, әлемдік қоғамдастық арасында оның беделін нығайтудағы, сондай-ақ елдің саяси өмірін қайта жаңғыртудағы тарихи рөлін жоғары бағалады. Шақырылған қонақтар Қазақстан басшысын жаңа мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, Қазақстан халқының гүлденуі мен өркендеуі жолындағы оның көп қырлы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Кездесуге қатысушылар екіжақты Қазақстан-Сауд ынтымақтастығын жандандыру бойынша өз пікірлерімен бөлісіп, бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі