01.01.2023
Сирия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Елде жанармай тапшылығы байқалады, ал бұл өз кезегінде барлық салаларда проблемаларға әкеліп соғуда. 2022 жылдың соңғы күндері бензин бағасы екі есеге жуық өсті, ал Сирия фунтының долларға шаққандағы бағамы тағы бір жоғары деңгейге жетті. БҰҰ сириялықтардың 90 пайызы гуманитарлық көмекке мұқтаж дейді. Ресми билік елде болып жатқан қиындықтарды батыстық санкциялармен түсіндіреді.
Сириядағы ресми жұмыс күндерінде бірқатар мемлекеттік мекемелер жабық күйінде қалды. Сирия билігі мемлекеттік мекемелерде төрт күндік жұмыс аптасын уақытша енгізуге шешім қабылдады. Бұл шешім санкциялар аясында жанармай тапшылығына, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының төмендеуіне байланысты қабылданды.
Ресми түрде Сирияда демалыс күндері жұма және сенбі болып табылады. Мемлекеттік мекемелер жексенбі күндері жұмыс істемейді. Бұл өзгеріс жұмысы үздіксіз болуы керек мекемелерге қатысты емес. Сонымен қатар, бірнеше университеттердегі сабақтар тоқтатылды.
Ішкі сауда министрлігі наубайханалар мен ауруханалар жабылмайтынын түсіндірді. Ол сауда ережелерін бұзғандықтан, елде 142 жанармай құю станциясы жабылғанын айтты. Оның айтуынша, жанармай тапшылығы жағдайын қалай шешуге болатыны әлі белгісіз.
Осындай жағдай соңғы кездері жиі қайталанатын болды. Жоспардан тыс демалыс туралы шешімді Сирия билігі электр қуаты мен жанармайды үнемдеу үшін қабылдап отыр. Екі айға жуық уақыт ішінде ел жанармай дағдарысын жеңе алмай келеді. Кейбір аудандарда электр қуаты күніне бір сағатқа ғана беріледі, ал адамдар жұмысқа жете алмай үйлерінде қалуға мәжбүр.
Бензин мен дизель іс жүзінде сатылымда жоқ, ал бензиннің бағасы өткен аптада екі есеге жуық өсті, сәйкесінше, басқа да тұрмыстық қажетті тауарлардың бағасы өсті. Осындай жағдайда жергілікті валюта сириялық фунттың сатып алу қабілеті төмендеп, тағы бір рекордты жаңартты. Қазіргі кезде қара биржада 1 долларға 6 мың фунт беріледі. 2011 жылы Сирия қақтығысы басталғанға дейін доллар бағамы шамамен 47 фунтқа тең болды. Сириядағы орташа жалақы шамамен 20-30 АҚШ долларын құрайды. Бұл қаржығы бар болғаны 20 литр бензин сатып ала аласыз. Ал қара нарықта бұл екі есе қымбат болады. Көптеген сириялықтар бұл қыста жарық пен жылусыз қалай өмір сүретінін білмейді. БҰҰ да гуманитарлық көмекке мұқтаж сириялықтардың саны биылғы жылы 14,6 миллионнан 2023 жылы 15 миллионнан асады деп күтеді. Бұл Сирияның барлық тұрғындары деген сөз (Сирия халқының саны 18 млн шамасында).
Сирияда қалыптасқан осы жағдайда түрлі алып-қашпа қауесеттер таралды. Солардың біріне байланысты Сирияның Орталық банкі бюджет қызметкерлерінің жалақысын кешіктіру туралы ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды. Орталық банк ресми әлеуметтік желілерінде айларға ғана емес, жылдарға жететін қаржы бар екендігін растап, шетел валютасының жеткілікті қоры бар екеніне сендірген хабарлама жариялады. Банктің бұл мәлімдемесі кейбір сириялық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде пайда болған бюджет пен әскери қызметкерлерге келесі кем дегенде үш ай ішінде жалақы төлеу тоқтатылады деген хабарламаларға қатысты жасалды. Сонымен бірге, бұл басылымдарда Ресей Сирияның қарыз алу туралы өтінішін қабылдамады деп те айтылды. Алайда сілтеме американдық Associated Press (AP) ақпарат агенттігіне жасалғанымен, ол мұндай хабар таратпаған болып шықты.
Сонымен қатар, AP, көптеген басқа бұқаралық ақпарат құралдары сияқты, өз мақалаларында Сириядағы жанармай жағдайын қозғады. Желтоқсан айының басында Сирия билігі елге жанармай 50 күннен артық жеткізілмей жатқандығын мәлімдеген болатын. Желтоқсан айының басында Сирияның Мұнай және минералды ресурстар министрлігі дағдарыстың себебі жанармай жеткізілімінің кешігуі екенін және Дамаскінің ұзақ уақыттан бері стратегиялық қор құру мүмкіндігі жоқ екендігін ашық жариялады.
Қазіргі таңда Сирияда қалыптасқан жағдай Ресей-Украина арасындағы соғыс, Ресей мұнайының экспортына әсер еткен Батыс санкцияларына тікелей байланысты болып отыр. Сирия әлемдік дағдарысқа сілтеме жасайды және өзіне қажетті мұнайдың көп бөлігін импорттайтындықтан және Сирия территорияларына түрік шабуылдары нәтижесінде мұнай кен орындарына келтірілген зияннан осындай жағдай қалыптасты деп санайды. Қорыта айтқанда, сириялық ресми тарап бұл Сирияға мұнай өнімдерін жеткізуде туындап отырған жағдайлардың салдары және оны шешу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр деп мәлімдеді.
Сирия 2011 жылы елде азамат соғысы басталғанға дейін күніне 380 мың баррель мұнай өндірді. Оның 250 мың баррелі ел ішінде пайдаланылды, ал қалғандары экспортқа жіберілетін еді. Қазір өндіріс күрт төмендеді, өйткені Сирияның ең ірі мұнай кен орындары елдің шығысында орналасқан және оны қазіргі кезде АҚШ-тың қолдауымен күрд күштері бақылайды. Сирия мұнай министрлігінің статистикасына сәйкес, Дамаск бақылауындағы аудандарда қазіргі уақытта күніне шамамен 80 мың баррель өндіріледі. Сонымен бірге Сирияға мұнай өнімдері мен дайын жанармайды жеткізу ЕО мен АҚШ-тың санкцияларына ұшырайды. Шын мәнінде, Сирияға мұнай өнімдері мен жанармайды тек Иран және кейбір жеке ресейлік компаниялар жеткізіп отыр.
Осыған қарамастан, өткен айда Иран Сирияға мұнай жеткізілімін айына 1 миллион баррельге, жалпы 3 миллион баррельден астам көлемге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бірақ іс жүзінде мұнай жеткізу қиын міндет. Сонымен, көктемде теңізге шыққан ирандық LANA танкері желтоқсанның басында ғана Сирияның Баниас портына жете алды. Сәуір айының ортасында кемені грек билігі тоқтатып, Эвбея аралындағы Грекияның Каристос портында ұстады. Грек сотының шешіміне сәйкес, ирандық LANA танкеріндегі мұнай АҚШ-тың пайдасына тәркіленді және ішінара сол елге жіберу үшін басқа танкерге тиелді. Тегеранда жүкті басып алу халықаралық қарақшылықтың мысалы ретінде сипатталды. Мамыр айының соңында Ислам революциясы сақшыларының корпусының Әскери-теңіз күштері Парсы шығанағында грек танкерлері Delta Poseidon және Prudent Warrior ұстады. Осыдан кейін Афина ирандық танкерді тұтқындаудан босатты, бірақ ол грек аумағынан шыға алмады. Жағдай қараша айының соңында ғана шешілді. Иран мен Грекия танкерлерді өзара босатуға келісті.
БАҚ-тың хабарлауынша, нәтижесінде Lana танкері Сирияға 700 мың баррель мұнай жеткізген. Алайда, бұл жанармай дағдарысын шешу үшін жеткіліксіз.
Жанармай мен экономикалық дағдарыс елдің оңтүстігіндегі Сувейда провинциясында наразылықтардың себебі болды. Онда халықтың едәуір бөлігі друз қауымдастығынан болып табылады. Қақтығыстарда бір демонстрант пен бір полиция қызметкері қаза тапты. Друз шейхтердің араласуынан кейін ғана жағдай тұрақталды. Алайда, мұндай наразылықтар елдің басқа бөліктерінде де орын алуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.