02.06.2022
Ресейдің Украинаға қарсы, іс жүзінде, соғыс ашуы Батыс елдері тарапынан санкцияларға әкеліп соқты. Еуропа ресейлік авиация үшін әуе кеңістігін жауып, Ресейдің агрессиясын ауыздықтауға және тойтарыс беруге бірауызды іс-әрекеттерді бастап кетті. Шын мәнінде, Ресейге қарсы шектеулерді БҰҰ құрамындағы 193 елден тек 36 мемлекет енгізгенімен бұл елдер әлемнің жетекші экономикаларының қатарына жатады.
Ал Таяу Шығыс елдеріне келсек бұл аймақтың реакциясы біркелкі болмады. Таяу Шығыс елдерінің көптеген үкіметтері мен басшылары Ресейдің іс-әрекеттерін тікелей айыптаудан бас тартты немесе өз ұстанымдарын ашық білдірмеді.
Сауд Арабиясы Ресей мұнайына эмбарго жарияланып жатқанда бағаны төмендету үшін мұнай өндіруді арттырмайтынын мәлімдеді. БАӘ Мәскеудің әрекетін айыптайтын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына дауыс беруден бас тартты. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы мен БАӘ бірнеше жылдан бері Йеменде әскери әрекеттер жүргізіп келеді. Олардың әскери соққыларының салдарынан көбінесе бейбіт тұрғындар жапа шегуде және Сауд Арабиясы мен БАӘ Йемендегі гуманитарлық дағдарыстың шиеленісуіне кінәлі.
Египет Украинадағы оқиғаларды алаңдаушылықпен қабылдап, гуманитарлық дағдарысты болдырмау үшін дипломатиялық шешімдерге келуге шақырды. Алайда, Каир соңғы жылдары Ресеймен әскери ынтымақтастықты күшейтіп отырғаны белгілі. Ресей Египеттің «Мұсылман бауырлар» қызметіне тыйым салу туралы шешімін қолдады. Сонымен қатар, Египет Ресей мен Украинадан бидай импортына қатты тәуелді және оны тоқтату бұл елде азық-түлік дағдарысын тудыруы мүмкін.
Иран соғысқа қарсы шықты, бірақ Батысты оған жауапты деп айыптады. Иран НАТО-ның кеңеюі әлемнің барлық аймақтарындағы тәуелсіз елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді деп санайды. Украина президенті М.Зеленскийдің Мюнхен трибунасынан Украинаның ядролық арсеналын қалпына келтіру туралы мәлімдемесінен кейін Иран өзінің ядролық бейбіт бағдарламасына басқаша көзқарасты күтеді.
Израиль Ресей туралы тікелей айтпастан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдады. Кейінірек премьер-министр Мәскеуді айыптамай, украиндықтарға ынтымақтастық танытса, сыртқы істер министрі Ресейдң агрессиясын «халықаралық тәртіпті елеулі бұзу» деп атады. Ресей сыртқы істер министрінің антисемиттік мәлімдемелері Израильдің украиналықтарға түрлі деңгейлерде іш тартуын күшейте түсті.
Катар Ресейді айыптамай, барлық тараптарды ұстамдылық танытуға шақырды. Катар Әмірі сонымен бірге оның елі сұйытылған табиғи газ өндірісін көбейте алмайтындығын және энергетикалық дағдарыстың алдын алу үшін оның экспортын Еуропаға бағыттай алмайтындығын мәлімдеді.
Ливан Украинадағы соғыс бойынша екіге бөлінді. Үкімет Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Ресейді әскери операцияны дереу тоқтатуға шақырса, ел парламенті үкіметті асығыс мәлімдеме үшін сынға алды. Осыдан кейін «Хезболла» кіретін коалицияның көптеген мүшелері Ресейге қолдау білдірді.
Украина мәселесі бойынша араб мемлекеттерінің ұстанымына тоқтала отырып, Сирия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Украина бойынша жақында қабылдаған қарарына қарсы шыққан, Ресейді толық қолдаған бірден-бір араб елі болып табылғанына назар аударамыз. Ресейдің Сирия порттарындағы нысандары, азамат соғысы барысында Ресейдің осы елдің қанқұйлы жүйесіне қолдауы екі елді мәңгілікке матап тастаған тәрізді.
Осы орайда Араб бірлігін зерттеу орталығы (CAUS) Украинада Ресейдің АҚШ бастаған НАТО-ға қарсы тұру және осыған байланысты халықаралық оқиғаларға арналған қызықты және пайдалы вебинар өткізді. Көптеген араб ғалымдары, дипломаттары мен талдаушылары Еуропадағы қазіргі жағдайды талдап, өздерінің саяси болжамдарын беруге тырысты.
Бірінші кезекте қарастырылған мәселелердің ішінде Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясы, Киевтің Донецк пен Луганск және Қырымды қайтару мүмкіндігі болды. Тіпті Ауғанстанда Кеңес Одағы тығырыққа тірелгендей Ресейді Украинамен ұзаққа созылған қақтығысқа әкеліп, оған зиян келтіру үшін Батыстың жасаған торы ма деген сұрақ та күнтәртібінде тұрды. Ресейді Украинаның тұзағына түсіру үшін Батыстың қастандық теориясын қолдайтын көзқарас бойынша НАТО-ның тікелей Ресей шекараларына жақындауы күшейу және кеңейу деп саналады. Сондықтан Ресей басшылары үлкен экономикалық шығындарға қарамастан геостратегиялық мақсаттар үшін соғысқа баруға мәжбүр болған.
Семинарда Украинады соғыстың әлемдік тәртіпке әсері де қарастырылды. Көп нәрсе соғыс қимылдарының нәтижесіне байланысты болады, бірақ бұл жалғыз фактор емес. Ресей Украинадағы әскери-саяси мақсаттарына жете алмайды және нәтижесінде НАТО нығаяды деп болжам жасалды.
Араб сарапшылары кез-келген мемлекет, оның ішінде Украина да, Ресей де өзінің ұлттық мүдделерін қорғауға заңды құқығы бар деп санайды.
Осы орайда Arab News агенттігінің араб елдері тұрғындарының Украинадағы соғысқа қатысты сауалнамасының нәтижелері жарияланғаны көңіл аударарлық.
Зерттеу қорытындысы арабтар Украинадағы соғысқа немқұрайдылықпен қарайтындықтарын көрсетті. Сауалнамаға жауап бергендердің 66 пайызы ешқандай позиция ұстамайтынын, 18 пайызы Украинаны, 16 пайызы Ресейді қолдайтындарын айтқан.
Сонымен бірге, респонденттердің 53 пайызының пікірінше, араб елдері қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу үшін делдал ретінде әрекет етуі керек, 38 пайызы бейтараптық ұстану керек деп санайды. 5 пайызы Ресейді, 4 пайызы Украинаны сөзсіз қолдаған.
Жалпы алғанда, арабтардың Батысқа сенімі дәстүрлі түрде аз. Украинадағы соғысқа сұралғандардың 24 пайызы НАТО, 13 пайызы АҚШ, 6 пайызы Украина кінәлі деп санайды. Ресей кінәлі деп 16 пайыз санаса, 42 пайызы жауап бере алмаған.
Сұралғандардың 36 пайызы соғыс Украинаның кейбір жерлерін жоғалтуымен, 14 пайызы Украинаның жерлерін толық жоғалтуымен, 8 пайызы – Ресейдің жеңілуімен аяқталады деп санаған. 5 пайызы жауаптардың ешқайсысы дұрыс емес десе, 37 пайызы жауап бере алмаған.
Респонденттердің 27 пайызы араб ақпарат құралдарына, 21 пайызы батыстық БАҚ-қа, 8 пайызы ресейлік БАҚ-қа, 11 пайызы басқа ақпарат көздеріне сенеді. Ал 33 пайызы жоғарыда айтылғандардың ешқайсысына сенбейді.
Зерттеу Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада орналасқан 14 араб елінде 2022 жылдың мамыр айының соңында жүргізілді. Сарапшылар зерттеу нәтижесіне орыс үгіт-насихатының әсерінің барын, сонымен қатар араб елдеріндегі соңғы кезеңдердегі Батысқа деген сенімнің төмендеуін көрсетті деп санайды.
Қорыта айтқанда, Таяу Шығыс елдері, оның ішінде араб елдерінің арасынан тек Ливан ғана Украинаны толық қолдады, ал Марокко, Иордания, Тунис және Катар қалған 18 араб елі бас тартқанда Украина бойынша халықаралық іс-шараларға қатысып, өздерінің Украинаға іш тартатындықтарын көрсетіп келеді. Қалған араб елдері, негізінен авторитарлық режимдер Ресейді үнсіз әрекеттерімен қолдап отыр.
Нет комментариев