KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі

Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі

17.12.2022

Кеңес одағы бір адамның орташа ғұмырын кешіп, өзі жасаған қылмысы мен қателігінің салдарынан 1991 жылы омақаса құлап тынды. Алып мемлекет бейбіт жолмен он бес тәуелсіз елге ыдырап, кеңестік кезең келмеске кетті.

ХХ ғасырдың 60-жыл­­дары Азия мен Аф­­риканың көпте­ген елі тәуелсіз­дікке қа­рулы жолмен, ұл-қыздарын құрбан­дыққа шалып қол жет­кіз­гендіктен, Кеңес одағының қантөгіссіз ыды­рауы, оның құра­мына кірген ұлт рес­пуб­лика­ларының бей­біт жол­мен егемен мем­лекет­терге айналуы кей­бір саяси орталарда «тәуелсіздік ешбір қиын­дықсыз келді» деген жеңіл түсінік тудырды.

Осындай жел сөз Қа­зақстанда көп айтылды және тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан асса да, «қазақта бұрын мемлекет болмаған, оны большевиктер мырзалықпен сыйлаған, тәуелсіздік үшін қазақ ештеңе істеген жоқ, ол өзінен-өзі келді» деген әңгіме түр­лі деңгейден ауық-ауық естіліп қалады.

Тәуелсіздік оңай ке­летін болса, онда неге башқұрт пен татар, ноғай мен құмық, қарашай мен балқар сияқты бізге туыс және туыс емес ұлттар тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай келеді? Неге олар әлі де бұрынғы одақтың жұртында қалып отыр? Олар бізден кем бе, тіпті башқұрттар 1917 жылы қызыл өкіметтің орнауында шешуші рөл атқарған жоқ па еді? Татарлар кезінде қазақ даласында ағартушылық қызмет жасаған ұлт емес пе еді? Неге шешен халқы 1994 және 1996 жылдары азаттық жолында екі рет тайталасып, мақсатына жете алмады?

Еліміздің тәуелсіздігі өзінен-өзі келді деген жел сөздерді айтушылардың ауыздарына темір қақпақ қою үшін осы сұрақтарға жауап беру керек.

Ал ол сұрақтың жауа­бы халқымыздың өткен жүз  жылдық тарихының ішінде жатыр. Қазақ­станға тәуелсіздік аспаннан түскен жоқ, қарақан ба­сының қамын емес, қазақ халқының намы­сын жыртқан Алаш Орда арыс­тары, олар­дан кейінгі тарихи тұлға­лар­дың арқасында келген­дігін айту керек. Одан бері көп уақыт өткен де жоқ – бар болға­ны екі ұрпақ ауысты ма, жоқ па?

Қазақстан 1936 жыл­ға дейін Ресей құрамын­дағы автономиялық рес­публика болғаны белгілі. Қазақстанға одақтық рес­публика деңгейі үлкен қимастықпен тек 1936 жылы жаңа конституция қабылданған кезде берілді. Егер Қазақстан сонда одақтық мәртебе алмағанда Татарстан, Башқұртстан, Тува, Саха, т.б. автономиялық рес­пуб­ликалар секілді 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялай алмас еді.

Әлқисса, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін бұратана халықтар, әсіресе мұсылман миллеттерінің озық ойлы өкілдері өз болашақтарын айқындау бо­йынша белсенді жұмыс жүргізе бастады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін – 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросының ұйымдастыруымен Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өткізілді. Съезд жұмысына Түркістан, Кавказ, Қырым, Сібір бұратана халықтарының 830 мұсылман делегаты қатысты. Қазақ атынан Жаһанша Досмұхамедұлы, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев, Сәлімгерей Жантөрин секілді қайраткерлер барды. Съездің күн тәртібіне: Ресейдің мем­лекеттік құрылысы, жер, дін, әйел, жұмысшы және әскер мәселе­лері, оқу-ағарту ісі, соғыс­қа көзқарас, Құрылтай сайлауы кезіндегі мұсылмандар так­ти­касы, Бүкілресейлік мұсыл­мандар кеңесін құру мәселе­лері енгізілді. Делегаттар мемле­кеттік құрылыс мәселесін жан-жақты талқылап, Ресей мұсыл­мандары федеративтік негіз­дегі демократиялық республиканы жақтайтындықтарын білдірді. Съезд белгілі территориясы жоқ халықтарға ұлттық-мәдени автономия берілсін, ал барлық мұ­сылман халқы ұлттық-терри­ториялық автономияны ием­ден­сін деген шешім қабылдады. Құрыл­тай жиналысында жер мәселесі өз шешімін тапқанға дейін ұлт аймақтарына переселендердің қоныс аударуы уақытша тоқта­тылсын деп шешілді.

Екінші Бүкілресейлік мұсыл­мандар съезі 21.07. – 2.08.1917 жылы Қазан қаласында өтті. Оған 188 делегат қатысты. Сол уа­қытта Қазан қаласында Бүкілре­сейлік мұсылмандарының әскери съезі, Бүкілресейлік мұсыл­ман дінбасыларының съезі, Орын­борда Бірінші жалпықазақ съезі, Бі­рінші жалпыбашқұрт, Қоқанда Фер­ғана облысының мұсылман ең­бек­керлерінің съездері өтіп жатты.

Осы маңызды шаралардың барысында қабылданған құжаттарда – бұратана халықтардың автономиясы, ұлттық-мемлекеттік құрылымын өздері анықтау, өз тағдырларын өздері шешу, ұлттық армия құру және осы мақсаттардың жолында қасық қаны қалғанша күресуге даяр­лықтары айтылды. Осы съездердің барысында ұлттық зиялылардың бір бөлігі «Егемен болмай ел болмас, Етектен кесіп жең болмас» деп тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылса, келесі бір бөлігі Ресей құрамында автономия алумен шектелуге бет бұрды.

1917-1922 жылдары көпұлтты Ресейде орын алған азамат соғы­сы барысында патшалықты қай­та қалпына келтіргісі келген мо­нар­хистер, ең күшті деген эсер, кадет партиялары бұратана халықтардың мұң-мұқта­жын есепке алған жоқ, алғысы да келген жоқ. Ал Ленин баста­ған қызылдар (большевиктер) осындай кезеңде бұратана халық­тардың арасындағы көңіл-күйді ерекше бақылап отырды, тіпті ұлт істері бойынша комиссия құрды. Оның басына орыс емес Сталинді қойғаны қысқа уақыт ішінде өз жемісін берді.

Большевиктер (қызылдар) 1917 жылдың 15 қарашасында жариялаған Ресей халықтары құқықтарының декларациясында мұсылмандар көтерген барлық өзекті құқықтар, оның ішінде, халықтардың өз тағдырын өздері шешу, тіпті бөлек мемлекет құру құқықтары толық мойындалды. Қызылдар шаруаларға – жер, жұмысшыларға – зауыттар, бұратана халықтарға – тәуелсіздік беруге уәде берді. Қызыл большевиктер «Ресей халықтарының бөліну және тәуелсіз мемлекет құруға дейін өз тағдырларын өздері еркін шешу құқығы» деген тезисті декларацияға тайға таңба басқандай қадап жазып жариялады.

Қызылдардың айқын ұлттық бағдарламасының болуы оның қатарына бұратана халықтардың өкілдерінің көптеп келуін және билік үшін күресте олардың жеңіске жетуін қамтамасыз етті. Сол кездегі большевиктік пар­тияның 44 пайызын орыс емес­тер құрап, олар өз ұлттарының болашағына қатысты осы жандарына жақын идеяларды толық қолдап шықты. 

Әлихан Бөкейхан секілді жарқыраған қазақ оқығандары жиналған «Алаш» партиясының мүшелері, яғни қазақ ұлтшылдары және қызыл қазақ қайраткерлері еліміздің түбінде тәуелсіздік алуын заңдылық жағынан негіздеп кетті. Олай дейтін себебіміз – 1922 жылы КСРО Конституциясында одақтас республиканың одақтан шығу құқығы тіркелді. Бұл өз кезегінде 1991 жылы желтоқсан айында кеңес одағының бейбіт жолмен ыдырауына мүмкіндік берді. 

Алайда ұлттық республиканың кеңес одағынан шығуы үшін оның одақтық дәрежедегі респуб­лика болуы шарт еді. Ол кезде, 1936 жылға дейін Қазақстан одақтық дәрежедегі республика емес, Ресей құрамындағы автономиялық республика болатын. Татар, башқұрт, т.б. секілді. Ал автономиялық рес­пуб­ликаның одақтық мәртебе алу алғышарттары немесе лениндік қағидаттары келесідей еді:

Біріншіден, одақтас рес­публика мәртебесін алу үшін автономиялық республика шетелмен шекаралас болуы қажет. Қазақстанның Қытаймен ұзын шекарасы бар. Осы себептен татар, башқұрт және басқа да автономиялар одақтас республика мәртебесін ала алмады.

Екіншіден, республиканың негізгі титулдық ұлты тұрғын­дардың көпшілігін құрауы тиіс. 1936 жылға қарай ашаршылық салдарынан қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналған еді, бірақ кеңес үкіметі 1926 жылғы санақ нәтижелерін есепке алды. Ол бойынша қазақ тұрғындардың 57 пайызын құрады (1939 жылы өткізілген санақ бойынша қазақ өз елінде азшылыққа айналып, тұрғындардың 37,8 пайызын ғана құрады). Орталықтың ескі санақтың нәтижесін есепке алуы аштықтан қырылған қазақтың саны әшкере болмауы үшін жасалды. Осы себептен Қырым Республикасы Түркиямен теңіз арқылы шекаралас болғанымен, Қырым татарлары тұрғындардың азшылығын құрағандықтан одақтық республика мәртебесін ала алмады.

Үшіншіден, одақтық республика мәртебесін алу үшін тұрғындар саны 1 миллионнан кем болмауы тиіс. 1936 жылы Қазақстанның халқы 3 287 900 адамды құрады. Осы себептен Якутия және басқа да Сібір автономиялары одақтық мәртебеге қол жеткізе алмады.

Көріп отырғанымыздай Қазақ автономиясы одақтық республика мәртебесін алудың лениндік қағидаттарына толық сай келді және сол мәртебеге қол жеткізді.

Одақтан шыға алу құқығының заңды сипат алуы және оның кеңес одағының Конституциясында тіркелуі өте маңызды болып табылды. Бұл өз кезегінде 1991 жылдың желтоқсанында кеңес одағын бейбіт жолмен таратуға құқықтық негіз бергеніне тағы да назар аударамын. 1922 жылы Одақты құрған Ресей, Украина және Белоруссия 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беловеж келісімі деген атпен белгілі құжатқа қол қойды. Осы құжатқа сәйкес «Кеңес одағы – халықаралық құқықтың субьектісі ретінде өз өмірін тоқтатты».

Баяндалғаннан көріп отыр­ға­нымыздай, кеңес одағының бейбіт жолмен ыдырауы кеңес одағының конс­титуциясында көрсетілген ұлттық республиканың кеңес одағынан шығу құқығының арқасында жүзеге асты. Ал ол құқықтың негізгі заңда тіркелуі ұлттық зиялы топтардың белсенді іс-әрекеттерінің арқасында ғана мүмкін болды. Еліміздің тәуелсіздігінің құны атылып кеткен қазақ ұлтшылдары мен қызыл қазақтың қанымен, 1916-1934 жылдар арасындағы екі созылмалы аштық кезінде қырылған 4 млн қазақ өмірімен асыра төленген деп айта аламыз.

«Білгенге маржан – білмеске арзан» деген тәуелсіздік үшін қазақ ештеңе істеген жоқ, ол өзінен өзі келді деп аузын қу шөппен сүрткен білместер, әлі де құлдық сана шырмауында, кеңестік режімді аңсап жүргендер ғана айтатын принципсіз әңгіме екендігі айқын.

Осы орайда, неге осы құлдық сана еліміз тәуелсіздік алған соң жылқының жабағысы секілді түсіп қалмады, неге сиырдың шудасы құсап шұбатылып жүр деген логикалық сұрақ туады? Себебі: құлдық сана қағып тастайтын шаң, балаққа жұққан балшық емес, адамның жұлынына дейін кіріп кеткен, сананың түбіндегі, қолмен сылып алып тастауға келмейтін қатерлі дерт.

Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің «Жеті муза» қоғамдық ұйымының кезіндегі төрағасы, тарихшы, профессор Бақтажар Мекішев айтпақшы, «Бәрінің көзі ашық, бірақ көкіректері ояу емес».

Құлдық сана дегеніміз – ішкі дүниенің құрсауда болуы, келісімпаздық, өзінің жеке пікі­рінің болмауы, принципсіздік, көз­бояушылық. Николло Макиа­велии сөзімен айтқанда: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, отан­сүйгіштік пен имандылықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады».

Қатардағы адамдар, егер пайғамбар болмаса, қоғамда үстемдік етіп отырған бұл құлдық сананы жеңе алмайды, бірақ әр адам өз бойындағы құлдық санадан арылып, үйіндегі балаларына оның жұқпауын қамтамасыз ете алады. Адам өз бойындағы құлдық сананы жеңгенде ғана тәуелсіздіктің құнын пайымдайды, оның ұлттың, балаларының, жас ұрпақтың еркін дамуы үшін қаншалықты маңызды, қасиетті ұғым екендігін түсінеді.

«Жөнi түзу түйе жоқ, түзе­те алар ие жоқ» дейтіндей емес қазіргі заманда сауатсыз қазақ жоқ, бәрінің көзі ашық. Сон­дық­тан адам үшін өмір қанша­лықты қымбат болса, ұлт үшін тәуелсіздік ауадай қажет, сондай бағаға тең екенін түсіну маңыз­ды. Сонда ғана, адамның көкі­регі оянып, өз ұлтының тарих­тағы орнын бажайлап, ұлтының өткен-кеткеніне өгей емес, туыс, жылы көзқараспен қарайды, оны түсінуге тырысады. Жерінің кеңдігіне, байлығына марқайып, мінезінің дархандығы, салт-дәстүрлерінің көркемдігін мақтаныш тұта алады. Тіпті анасымен қайта табысқан жетімдей ұлт бауырына қайта кіргендей күй кешеді. Іс жүзінде ұлт құшағына қайта оралады. Кезінде ұлт тілі мен мәдениетінен мақұрым қалғандар енді балаларын қазақ мектебіне апарып, ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтай бастауы соның дәлелі.

Бұрынғы қазақта «Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деген мақал болған. Бірақ қазіргі заманда осы мақалдағы емес деген сөздер түсіп қалған. Кедейлікті анықтайтын түрлі халықаралық стандарт бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының өлшемі бойынша, от­басындағы әр адам басына, үлкен-кішіге қарамай, шаққанда кіріс күніне 3 доллардан кем бол­мауы тиіс. Санап көріңіз, одан төмен көрсеткіш кедейлікті білдіреді.

Әр адам өз отбасының мате­риалдық жағдайын жақсартуға, рухани даму жағын да ұмытпай, ұмтылуы керек. Сонда ғана қаны неміс болса да қазақтың төл перзентіне айналған Герольд Бельгердің қазақ туралы айтқан: «Өзінің байлығын өзі бағалай алмайды, ысырапшыл, сосын еліктегіш», деген сөздерінің мәнін түсінеді, дұрыс қорытынды жасай алады деп ойлаймын.

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»

Қайрат СӘКИ, 

Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока