KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Қазіргі таңдағы Қазақстан мен Ирак арасындағы қатынастар туралы

13.05.2016

Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1995 жылдың 14 қыркүйегінде тиісті Хаттамаға қол қою арқылы орнатылған.
Б.Сәрсенбаев 2008 жылдан – 2014 жылғы 9 қарашаға дейін Аммандағы резиденциясы арқылы (Иордания) еліміздің Ирактағы тұңғыш Елшісі қызметін қоса атқарды. Ирактың Қазақстандағы Елшілігі 2008 ж. 12 қазанынан бастап қызметін бастаған. 2010 ж. сәуір айында ирак тарапынан Раджех әл-Мусауи Қазақстандағы осы елдің Елші болып тағайындалды.


Ирак пен Қазақстан арасындағы саяси қатынастарды нығайтудың келешегі әрине бар деуге боларлық. Соңғы жылдарда Иракпен арадағы байланыстарды өз деңгейінде орнатуға негізінен Ирактағы саяси ахуалдың тұрақсыздығы кедергі. Аймақ елдерімен қатынасының күрделілігі мен ішкі биліктің алауыздығы елімізбен арадағы байланыстарды нығайтуға кері әсерін тигізіп келеді. Ирактағы көп жылдардан бері созылып келе жатқан күрделі саяси дағдарыс бұған дейін Қазақстанмен тиісті деңгейде байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік бермеуде.
Дегенмен, Ирак басшылығы елімізбен көптарапты және сансалалы ынтымақтастықты құруға аса мән беретінін атап өту керек. Олар бұл тұрғыда еліміздің халықаралық сахнадағы саяси бастамаларына толыққанды қолдау танытып келеді. Ирак Вице-президенті Тареқ әл-Хашими қатысқан 2010 ж. 8 маусымында Стамбұл қаласында өткен, Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесінің Үшінші саммитінде Ирак аталған ұйымға толыққанды мүше мәртебесіне ие болды.
Ирак Ислам Ынтымақтастығы ұйымы шеңберінде де еліміз өткізген іс-шаралар мен бастамаларға жоғарғы деңгейде атсалысуда. Атап айтсақ, 2011 ж. 28-30 маусым аралығында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші сессиясына Ирактың Сыртқы істер министрі Х.Зибари бастаған делегация қатысты. Ол осы сессия шеңберінде ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовпен және ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановпен келіссөздер жүргізді. Олардың барысында екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай Индонезия (2011ж. 26 мамыр) мен Египетте (2012 ж. 9 мамыр) өткен «Қосылмау қозғалысы» министрлер конференцияларының шеңберінде Ирактың Сыртқы істер министрі Х.Зибаримен екі рет кездесті. Бұл кездесулерде халықаралық және екі жақты саясаттағы ықпалдастық жолдары қарастырылды.
Ал, 2011 ж. 7-9 маусым аралығында 7-ші Дүниежүзілік Ислам Экономикалық Форумының жұмысына Ирак Премьер-министрінің орынбасары Р.Н.Шауис қатысты. Аталған іс-шара шеңберінде ел Премьер-Министрі К.Мәсімовпен кездесіп, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жолдарын талқылады.
2012 ж. 27 тамызында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың Ирак Сыртқы істер министрі Х.Зибаримен телефон сұхбаты болды.
2012 ж. 30 тамызында Тегеран қаласында өткен «Қосылмау қозғалысының» 16-шы саммитіне ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов қатысып, аталған шара шеңберінде ол Ирак Сыртқы істер министрі Х.Зибаримен кездесті. Кездесу барысында тараптар арасындағы байланыстарды одан әрі жандандыру мәселелері талқыланды.
2012 ж. 11-12 қыркүйекте Астана қаласында өткен АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кездесуіне Ирак Республикасының Жоспарлау Министрі Әли Юсеф әл-Шүкри бастаған делегация қатысты. Делегация құрамында ИР Сыртқы істер министрлігі Азия және Австралия департаментінің директоры Мұхаммад Сабыр Исмаил, ИР Жоспарлау министрлігінің департамент директоры Нада Әбдүлраззақ Әбдүлуахаб және ИР Жоспарлау министрінің ассистенті Сухайб Джихад Садық болды.
2015 ж. 10-11 маусымында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-съезі отырысына ирак тарапынан Бағдад қаласындағы Әбу-Ханифа мешітінің имамы, Мұсылман құқығы бойынша Ирак ғұламалар тобының Төрағасы А.Таха бастаған делегация қатысты.
Қазақстан мен Ирак арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың әлеуеті бар болғанымен олардың дамуы серпін алмауда. Ирактықтар экономикалық ықпалдастықты арттыруға мүдделілік танытып келеді. Тараптар арасындағы орын алған сапарлар шеңберінде Бағдад билігі Қазақстандық инвестицияның Ирак нарығына кіруін құптайтындықтарын жеткізуде. Олар осы тұрғыда, соғыстан кейінгі қираған инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруде Қазақстандық компанияларға қолдау танытуға әзір екендіктерін білдіруде және Ирак Сыртқы істер министрлігі Ирактың Астанада Елшіліктері бар екенін алға тарта отырып, екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатында, Қазақстан тарапынан Бағдадта Дипломатиялық миссиясын ашуды жеделдетуді өтінуде.
Қазақстандық компаниялардың ирак нарығына келуі туралы 2009 ж. 16 мамырында Амман қаласында Бүкіләлемдік Экономикалық Форум шеңберінде ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі А.Мағауов Ирактың Мұнай министрі Х.әл-Шахристанимен кездесуі барысында да талқыланды. Кездесуде тараптар Ирактағы мұнай мен газ өндіру жобаларын бірлесе игеру мүмкіндіктерін қарастырды.
2010 ж. 20 қазанда «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Ирактың батыс аймағындағы Анбар ауданында 158 млрд. куб.м. құрайтын «Аккас» табиғи газ кен орнын өңдеу бойынша тендерден іріктелді. Бірақ, 2011 ж. мамырында «ҚазМұнайГаз» ҰК директорлар Кеңесі жобадан шығу туралы шешім қабылдады. Ал бұл Ирак басшылығы тарапының жағымсыз реакциясын туғызды.
2013 ж. 22-24 мамыр аралығында өткен VI Астана Экономикалық Форумы және «Дағдарысқа қарсы Бүкіләлемдік 1 конференция» жұмыстарына ирак тарапынан Премьер-министрдің орынбасары Роуш Нұри Шауис бастаған 24 адамнан тұратын делегация қатысты. Оның құрамында Сауда министрі Хайрұлла Хасан Бабакр, Индустрия және табиғи қазбалар министрі Ахмед Насер Дели Әл-Карболи сияқты жоғары лауазымды тұлғалар болды.
Ирак Премьер-министрінің орынбасары Р.Шауисті аталған форум шеңберінде ҚР Премьер-министрі С.Ахметов, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы орынбасары Қ.Ишановтар қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан-Ирак қарым-қатынастарының қазіргі ахуалы мен оны дамытудың болашақ перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар, аталған шара барысында Ирак Сауда министрі Хайрұлла Хасан Бабакр еліміздің азық-түлік корпорациясы басшылығымен кездесіп, қазақстандық бидайды Ирак нарығына жеткізу мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда, аталған жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастыру мақсатында, Ирак Сауда министрлігі еліміздің «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясын» Бағдадқа сапармен келуге шақырды.
Ирак Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Р.Шауис 2014 ж. өткен VIІ-ші Астана Экономикалық Форумы және «Дағдарысқа қарсы Бүкіләлемдік ІІ-ші конференциясы» жұмыстарына екінші рет қатысып, ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовпен ҚР Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалинмен кездесті. Кездесулер барысында екі жақты қарым-қатынастардың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мәселелері, оның ішінде, Қазақстан-Ирак Үкіметаралық комиссиясын құру мен оның алғашқы отырысын өткізу мен ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Бағдадқа сапарының мерзімдері талқыланды.
Р.Шауистің бұл сапарында онымен бірге Қазақстанға делегация құрамында Ирак Сауда министрі Х.Бабакр, Қаржы министрі С.әл-Сафи, Ирак Ұлттық инвестиция ұйымының Басшысы С.әл-Әражи сияқты жоғары лауазымды тұлалары бар 34 адамнан тұратын делегация ілесіп барды.
Елдеріміздің арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық даму үстінде. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, сондай-ақ Қазақстан тарапының Иракты бейбіт қалпына келтіру ынтымақтастығы аясында халықаралық міндеттемені орындау мақсатында 2003-2008 жылдары Иракта коалицияның Тұрақтандыру күштері құрамында Қазақстан ҚК Инженерлік-саперлік жасағы (Казбат құрамынан) қызмет етті. Қазақстан контингенті Ирактағы соғыстан кейінгі қалған миналар мен снарядтарды залалсыздандыру міндетін атқарды. Қазақстан әскерилері Иракта болған мерзімде 4 млн. астам жарылғыш құралдарды жойып, Ирактың Армия Академиясының курсында 500-ден астам ирактық мамандарды оқытты және 2500 бейбіт тұрғын мен коалицияның әскери қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетті.
Дегенмен, Иракпен арадағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың әлеуетін көтерудің мүмкіндігі жоғары. Ирак бюджетінен әскери салаға жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін назарға алсақ, болашақта қазақстандық әскери өнеркәсіп өнімдерін ирак нарығына шығарудың тиімділігінің көкжиектері де ашық.
Мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Ирактағы орын алып жатқан күрделі ахуалға орай аса жоғары деңгейде дамымауда. Қазіргі таңда, Иракпен бұл салада тығыз байланыстар орнату әзірше мүмкін емес. Алайда, екі елдің білім, денсаулық мәдениет және тағы басқа салаларындағы ықпалдастықтарды дамытуға мүдделілік жоғары. Атап айтсақ, тараптар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету ғылыми тәжірибелермен алмасуға және ирактық студенттерді екі жақты келісімге сәйкес, еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқытуға жол ашар еді.
2011 ж. 29 қыркүйек – 2 қазан аралығында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерінің денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші Ислам Конференциясына Ирактың Денсаулық министрінің орынбасары Х.Хусейн Али басшылығымен ирак делегациясы қатысып, ҚР Денсаулық министрі С.Қайырбековамен болған кездесуде екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.
Ирак тарапы сонымен қатар, 2012 ж. 17-18 мамырында Астана қаласында ИСЕСКО қамқорлығымен өткен қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-ші Ислам конференциясына Ирак экология министрі Саргон Слиуа бастаған ирак делегациясы қатысты.
Ирактағы саяси дағдарыс тұрақтанатын болса онда Иракқа тұтыну астығын, құрылыс материалдарын, металл және дайын конструкцияларды, электр су насостарын, мұнай және энергетика жабдықтарының бірқатар түрлерін жеткізу мүмкіндіктері бар. Ирактың денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын қалпына келтіруге, ауыл-шаруашылығы, оның ішінде сумен қамтамасыз ету мен суландыру жүйесін жетілдіруге Қазақстанның мемлекеттік және жеке компаниялары қатыса алады. Ирактың инфраструктурасын қалпына келтіру үшін осы елге еліміздің түрлі салалардағы мамандарын жіберудің қисындылығы бар.
Ирак араб әлеміндегі Қазақстанға ең жақын орналасқан мемлекет. Сондықтан бұл фактор екі ел арасындағы қатынастарды әрі қарай дамытуға жағымды ықпал жасайды.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Ирак арасындағы сауда айналымы 2010 ж. 18,8 млн. долл. болса (негізінен экспорт), 2011 ж. аталған көрсеткіш 1,8 млн. долл. көлемінде белгіленді (экспорт). Ал, 2012 ж. бұл көрсеткіш 3.5 млн. долл. құраса (негізінен экспорт), 2013 ж. қорытындысы бойынша сауда айналымы едәуір өсіп 34,052 млн. долларға жеткенімен 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,7 млн. долл. кеміген. Ал, 2015 жылы бағам 5,781 млн. долл. көлемінде тіркелген (экспорт).
Дегенмен Қазақстан мен Ирак арасындағы байланыстар осы таңға дейін қажетті деңгейге көтеріле қоймады. Мүмкіндіктер толық пайдаланбауда. Ирак жағы мүдделілік танытқанымен қазақстандық тарап, тұрақсыз елге назарын толық аударуға ниет білдірмеуде. Барлық ниеттер саяси байланыстармен шектеліп, іскерлік жобалардың басымы сөз жүзінде қалып, шынайы іскерлік әрекеттер жасалмауда.

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока