KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Ұлы даланың жеті қырын таныту — парыз

Ұлы даланың жеті қырын таныту — парыз

28.12.2020

Біз өкіліне жататын ұрпақтың маңдайына қасиетті халқымыздың тарих мұхитының асау толқындары мен дүлей дауылдарына тап болса да, әділет жолынан таймай, айнымай да адаспай ұдайы алға басып, асыл текті бабалар мұраты — қастерлі Тәуелсіздігіне қол жеткізген кезеңіне куә болудың бағы бұйырды.

Егемендіктің еңсесін тіктеу, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған халықаралық қоғамдастыққа дербес мүше ретінде қадам басқан еліміздің жаһан жұртына мойындалуының ұлы миссиясына кіріскен Президент Н.Назарбаев жаңадан құрылған Сыртқы істер министрлігіне барынша ауқымды міндеттер жүктеп, білікті кадрлерді іріктей келе, бұл салада жырақта жүрген қазақтың ұл-қыздарын түгел елге шақыртты. Еті тірі политех пен «иняздың» жігіттерінен қалыспай, ҚазМУдың шығыстану факультетінің түлегі, араб тілінің маманы болғандықтан біз де 1992 жылы қазанда министрлікке жұмысқа қабылдандық. Университеттің соңғы курстарында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлері ақталып, ғұмырларын ұлт азаттығына, әлеуметтік көтерілуіне арнаған тұлғалардың бүтіндей бір дәуір мүлде жабық болып келген ұлы мұрасынан сусындаудың мүмкіндігі туған еді. Сондықтан алдымызда бізге дейінгі сан ұрпақтың, арпалысып өткен арыстарымыздың аманатын орындау, Абайдың қалың елі қазағының дүниежүзілік қоғамдастықтағы өз орнын алуы, қысқасы тағдыры терең Ұлы даланың жеті қырын таныту міндеті тұрды.

Азаттықтың алғашқы жылдары жаңа министрліктің іргесін қалап өркениетті жолға салу республикаға танымал, беделді, тәжірибелі қоғам қайраткерлері Ақмарал Арыстанбекова ханым, Төлеутай Сүлейменов, Қанат Саудабаевтай азаматтарға сеніп тапсырылып, ізашар аға ұрпақтың шарапатымен ендігі биік мәртебеге жетіп, министр, елші, әлемдік ұйымдардағы өкіл лауазымдарын атқарып отырған дипломаттарымыздың балаң мұртты, жасыл желекті бастапқы буыны да сол кезеңде қалыптасты. Бүгінде топшысы бекіген отандық дипломатияның кәсіби һәм зиялылық келбетінің орнығып нығаюы Қасым-Жомарт Кемелұлының есімімен тығыз байланысты. Сыртқы саясат ведомствосын ұзағынан екі мәрте басқарған жылдары Қ.Тоқаевтың жұмыс тәсілі күнделікті қауырт шаралардың өзін мазмұнды, тағлымды оқиғаға ұластыруымен бірге, қаламы қарымды министрдің қолынан шыққан салмақты туындылары халықаралық қатынастар саласының күрделі иірімдерін көрнекі де көркем жеткізген шеберлік мектебіне айналғаны шындық.

Алаштың асыл перзенті Мұстафа Шоқай “Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады” деп жиі айтады екен. Демек, кәсіби дипломатия дегеніміздің өзі өзге мемлекеттердегі адамгершілігі мол әріптестерді тани біліп, олармен тіл табысу амалдарын табуда болса керек. Оның үшін Қадыр ағамыз өсиет еткендей, «өз тіліңді құрметтей отырып, өзге тілдің бәрін білуің», ендеше ғұмыр бойы іздену, оқу, зерттеу, талдауың міндетті әрине! Айтып өткенімдей, қара шаңырақ қабырғасында қазақ филологиясы,  шығыстану бағытында әйгілі ғалым ұстаздардың алдын көрген біліміміз өзектілікпен іске жарап, сыртқысаяси мекеме аясындағы алғашқы халықаралық құжаттарды, берісін айтқанда тұңғыш дипломатиялық, қызметтік паспорттардың, визалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерін әзірлеп, алғашқы ереже, нұсқаулықтарды дайындау ісінде нәтижелі жемісін берді.

Өзге саладан дипломатиялық қызметтің өзіндік ерекшелігі —  шет мемлекеттерге ұзақ мерзімді іссапарға жіберілу. Менің алғашқы сапарым Алатау бөктеріндегі Қырғыз елінде өтіп, ол уақтағы елшіміз әйгілі ақын, қайраткер  Мұхтар Шахановпен қызметтес болудың орайы келді. Қалтарысы көп консулдық бөлімге жауапты бола жүре, саяси лауазымды әдебиет пен мәдениет қазанында біте қайнатқан бірегей Мұхаңның қолқасымен күн-түн демей іргелес Алматыдан ағылып жататын ұлттық өнер, руханият өкілдерінің баршасымен дерлік тығыз араласудың мүмкіндігі өз алдына, Бішкекте дүниеге келген ұлымызға адамзаттың Айтматовы ағамыздың батасын алып, Шыңғыс есімін беріп, атақты туындыларының бірі «Тавро Кассандры» кітабына жазып берген қолтаңбасы айрықша қымбат дүние ретінде жеке кітапханымызда сақтаулы. Бірінші сапарда-ақ дипломат жұмысы ақ көйлек киіп, келіссөз үстелінде отыруды ғана білдірмейтіндігіне (күтіп алушы, шығарып салушы, шамадан көтеруші, шәй беруші, даяшы, тамада, музыкант, хаттамашы-сценарист, шопыр т.т.) әбден көз жеткендіктен, біліктілікті көтеру ниетімізбен шәкірт қалыпқа қайта түсіп, баламыз мектепке, өзіміз академияға сабаққа бірге кететін кезең де өткен. Осылайша, менің замандастарым еңбек жолын тәуелсіздікпен бірге бастап, көбінесе жалдамалы пәтерде жабырқай жүрсе де жасымай қызмет атқарып, мінеки жылдар өте бүгінде барлық дерлік саланың кадрлық негізін құрап тұрған үлкен стратегиялық буынның қазіргі лексикада жиірек айтылып жүрген «жоғалған буын» ұғымына жатқызыла бастауы да алаңдатады.

Отыздан асқанда партаға қайта отырғызған Дипломатиялық академияға тек қана алғысымызды білдіріп, елеулі өмір мектебіне айналғанын мойындаған абзал. Расында, жұмыстың қарқынына қамалып, оқулық, кітап сүзуден алыстаңқырай бастаған шақта тағы да емтихан тапсырудың бұлтартпас талабы бұл жолғы ізденудің салиқалы, салмақты нысанына бастады, ең бастысы, қолға қалам алудың өзектілігін туындатты. Бұған академияда Мырзатай ағамыздың дәрістерін тыңдау, Парламент аппаратында өткен жылдары әулие Кекілбаев Әбекеңмен, энциклопедиялық ғалым Ақселеу Сейдімбековпен, Мұқағали мұңдасқан Фариза апамызбен сұхбаттас болу бағы бұйырғаны да айрықша ықпалын тигізген. Ендігі өзіміз де ағалық жасқа жылыстап келіп, соңымыздан ерген әріптес іні-қарындастарымыздың керегіне жарар деген ниетпен бірнеше сөздіктер, әдістемелік оқулық құралдарын, отандық БАҚта үздіксіз жарияланып келе жатқан зерттеу, талдау еңбектеріміздің жинақтарын ұсынудамыз. Білікті дипломат хаттамалық шаралар шеңберінде қалып қоймай, сыртқы әлеммен араласуға берілген орасан мүмкіндігін пайдалана отырып көрген, білген, аңғарған жайттары жөнінде үнемі қағазға түсіріп, қоғаммен ой бөлісіп отыруы заңды. Осы арнада дипломат әріптестеріміз арасынан республикаға белгілі ақын Дәуірбек Дүйсебаев, танымал шығыстанушы маман, публицист Бабыр Дәуренбек інілерімнің ізденістерін атап өтуді парыз санаймын.

Орайлы сәтті пайдаланып, кейде ғасырдан да ұзақ көрінетіндей қысқа мерзімде еліміздің іргесі бекіп, адамзат қоғамдастығының қабырғалы мүшесіне айналып, еңсесі биіктеп абыройы арта түсуінің алқалы ісіне қомақты үлес қосып келе жатқан отандық дипломатиялық қауымды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесімен ізгі ниеті құттықтауымды жолдағым келеді.

Мұхтар Кәрібай — Дипломат, публицист

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока