KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Қытай және Таяу Шығыс

11.01.2016

Араб мемлекеттерімен көпжоспарлы, түрлі салалардағы қатынастарды дамыту және оларды одан әрі кеңейту, сондай-ақ Таяу Шығыс және Солтүстік Африка аймағында өз тұғырлары мен ықпалдарын нығайту мәселелері Қытай сыртқы саясаты басымдықтарының бірі. Ресми Пекин осы таңдары араб елдерімен байланыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай бағыт өз кезегінде, Қытайдың Таяу Шығыстағы экономикалық және саяси тұғырының күшеюіне септігін тигізеді.

Осы таңда Қытайдың аймақтағы ықпалы негізінен экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Пекиннің Таяу Шығыстағы басты дәстүрлі мүдделері – мұнай және газ импорты және қытайлық тауарлардың нарығын барынша кеңейту, жергілікті нарықта бекініп қалу. Соңғы жылдары Қытай мен араб әлемі арасындағы жиынтық тауар айналымы жиырма есеге ұлғайып, 2015 жылы бұл көрсеткіш орташа есеппен 300 млрд. АҚШ долл. құрады.

Дегенмен, Пекин экономиканың басқа да салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде инфрақұрылымдық құрылыс саласы (жолдар, көпірлер, үйлер, транспорттық айрықтар және т.б.) және соғыстан кейінгі қалаларды қайта қалпына келтіру жобаларына ерекше ден қоюда. Бұған қоса, Қытай тарихи «Жібек жолы» стратегиялық жобасын жаңғырту мақсатында Таяу Шығыс елдерімен транспорттық саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ынталы.

Сонымен қатар, Қытай араб мемлекеттерімен әскери салада ынтымақтастықты бекіте түсуге белсенділігін жоғалтпауға тырысуда. Қару-жарақпен қамтамасыз етуде Вашингтон, Лондон сияқты алыптармен бәсекелестікке түсуде. Қытайлықтардың батыс елдерімен салыстырғандағы басты артықшылығы – қару-жарақ бағасының арзандығы мен қолданылуы жеңіл қарудың қарапайым түрлері.

Қытайдың бірқатар аймақ елдерімен байланыстарын сипаттап кететін болсақ бір ізді тенденцияны байқауға боларлық. Негізінен көріп отырғанымыздай олар экономикалық тұғырларға негізделген.

Хашимит Корольдігі ресми Пекиннің жан-жақты, әрі өзара мүдделі салалардағы қарым-қатынастарын жалпы сыртқы саяси бағытын диверсификациялау шеңберінде қарастырады. Бүгінгі күні Қытай Иорданияның тек Азия құрлығындағы емес, ірі әлемдік күштер арасындағы сенімді серіктесі ретінде бағалайды. Бұл ретте Хашимит мемлекеті Қытайдың сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық мүмкіншіліктерін сарқа пайдалануды көздейді. Табиғи ресурстарға, әсіресе энергетика, су көздеріне аса тапшы Иордания, Қытаймен әріптестігін елдің әлеуметтік даму және жаңартылатын энергия көздері жобаларын ілгерілетуге ұмтылуда.

Қытай Сирияның халықаралық сахнадағы басты стратегиялық одақтасы болып табылатындықтан, бұл елмен байланыстарды дағдарысқа қарамастан қалыпты деңгейде ұстап келеді. Қытай компаниялары дағдарысқа дейін Сирия экономикасында өзіндік ерекше рөлге иеленетін. 2012 жылға дейін екі жақты сауда байланыстардың деңгейі 1,6 млрд. АҚШ долл. көлеміне жеткен. Халықаралық сахнадағы өзара саяси қолдау екі елдің сыртқы саясатының тиімді тетігіне айналған.

Сириядағы дағдарыс басталған сәттерден бастап, Қытай Ресеймен бірлесе отырып, Дамаскінің жағын қабылдап, бірнеше мәрте Сирияға қарсы АҚШ пен Батыс блогы қабылданбақ резолюцияларға вето қойған. Ресми Бейжіңнің ұстанымына сәйкес, Сириядағы шиеленіс осы елдің ішкі шаруасы болып табылады және тек дипломатиялық бейбіт жолдармен шешілуі қажет.

Дамаскіде Қытайдың елшілігі жұмысын жалғастыруда. Соңғы дағдарыс жылдары ішінде Пекин Сирияға азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктер, дәрі-дәрмек түріндегі ізгілік көмегін тоқтатпауда. Тауарлар негізінен теңіз арқылы тасымалданады. Жобалап алғанда 200 млн. АҚШ долл. жуық сомада көмек берілген.

Алдағы кезеңде Қытай Сирияның соғыстан кейін қалыпқа келтіру келісімшарттарының басым бөлігін өзіне алған. Геологиялық, газ-мұнай ізденістерді жүргізу жөнінде келіссөздер мен уағдаластықтарға қол жеткізілген.

Қытай Дамаскідегі режимнің сақталуына мүдделі және жақын болашақта оны орнында қалдыру мақсатында өзінің барша дипломатиялық, экономикалық тетіктерін пайдаланбақ.

Бағдатпен қарым-қатынастар Саддам Хусейн жүйесі құлаған соң жаңа қарқында дами бастады. Жалпы, ескі жүйенің күйреуі Батыстың емес бірінші кезекте Пекин пайдасына шешілгені байқалуда. Өйткені, Қытай билігі жаңа Иракпен ынтымақтастық орнатуда зор жетістіктерге жетуде. Әлемдегі дамушы елдермен ықпалдастықты саясатпен емес, экономикамен жасайтын Қытай Бағдадпен де оның еркіндігі мен саяси таңдауына ерік бере отырып, экономикалық қарым-қатынастарды жоғары деңгейге көтеруге талпынуда. Олар, әсіресе, шикізат саласында оның ішінде көмірсутегі саласындағы әріптестігін өте тығыз байланыстар сипатында өрбітуде.

Ирактағы жаңа жүйенің алғашқы жылдары оның мұнай саласы Батыстың санкцияларынан кейінгі күйреу алдындағы ахуалды өз мүдделеріне тиімді пайдалана білген Қытай Ирак көмірсутегін игеруге жаппай ден қойды. Олар Ирак көмірсутегі саласына мейлінше кіру үшін Ирак экономикасына жыл сайын кем дегенде 2 млрд. АҚШ долл. көлемінде инвестиция құйып келеді. Сонымен қатар, Иракқа жыл сайын Қытайдан мыңдаған мұнай саласының мамандары мен жұмысшылары әкелінуде.

Бұл жөнінде Ақ үйдегі Дж.Буш Әкімшілігінің бұрынғы қызметкері, Пентагонның мұнай саясатын әзірлеген басты тұлғалардың бірі Майкл Маковский Ирактағы мұнай саясатында Вашингтонның Бейжіңнен ұтылғанын мойындаған мәлімдеген болатын. Ол осы ретте, Қытайдың соғысқа қатыспай-ақ, экономикалық тұрғыда ең мол табыстарға кенеліп жатқанына мән бере отырып, Парсы Шығанағындағы АҚШ-тың Бесінші флоты мен әскери-әуе күштері негізінен Қытайдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатқанын баса айтты.

Жалпы, қытайлық фактор экономиканың ірілі-ұсақты жобаларын мейлінше қамтуда. Осы тұрғыда, олар қытай іскер азаматтары мен жұмысшыларына арнап Иракта өз әуежайларын салды. Ирак Үкіметі де Қытайдың ынтымақтастық орнатудағы артықшылығын ескере отырып, Ирак Күрдістанына байланысты Батыс компанияларымен туындаған даулы жағдайда олардың үлесін қытайлық компанияға беру тәжірибесін жиілетуде.

Осылайша, Иракта Батысқа балама ретінде Қытайды қарастырып отырғаны байқалуда. Бұл фактор Ирак Үкіметі үшін Батыспен экономикалық қарым-қатынас орнатуда көп жеңілдіктер тудыруда. Бүгінгі күні қалыптасып отырған «Ислам Мемлекеті» ұйымымен қақтығыстар тұсында да қытай компаниялары батыстық әріптестері сияқты Ирак Үкіметінен өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуді талап етпей, оны мейлінше дербес шешуімен де көзге түсуде.

Жоғарыда баяндалғанды назарға алсақ, Ирактағы Қытай саясаты негізінен көмірсутегі саласына бағышталғанын аңғарамыз. Қытай Ирактағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда Бағдад билігінің ерекшеліктерін есепке ала отырып, билік жүйесіндегі, елдегі қалыптасқан дағдарыстарға килікпей, қарсыласушы тараптардың барлығымен дерлік тығыз қарым-қатынас орнатуымен көзге түсуде. Олардың бұл ұстанымы ең бірінші кезекте өздеріне жұмыс істеуде. Қытайды Ирактың саяси тұғырнамасы емес табиғи кен қоры көбірек қызықтыратындықтан, олар жақын болашақта да ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі «жұмсақ» саясаттары негізінде экономикалық ынтымақтастықты дамыта бермек деп топшылаймыз.

Палестинамен қатынастарына келетін болсақ, бұл екі елдің арасында тарихи достық байланыстар орнатылған. Пекин Палестинаға ұдайы саяси және қаржылай көмек көрсетіп отыратын елдердің қатарына жатады.

Қытай палестина мәселесінің әділ түрде шешілуін және 1967 жылғы шекара шегінде астанасы Шығыс Иерусалимдегі Палестина мемлекеті құрылуын қолдайды. Алайда Пекин жалпы палестина-израиль қақтығысы тек тікелей бейбіт келіссөздер нәтижесінде шешілуі және екі ел бейбіт түрде қатар өмір сүру қажеттілігі ұстанымында. Сонымен бірге, Қытай Израильді қоныстану саясатын тоқтатуға, Газа секторын оқшаулауын доғаруға, қамаудағы палестиналықтарды босатуға шақырады. Бейжің Палестинаның Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі болуын қолдайды.

Қытай палестина-израиль қақтығысын реттеу бағытында айтарлықтай белсенділік көрсетуде және бұл үдерісте үлкен рөл ойнауға тырысады. Дегенмен, Қытайдың ашық болмаса да, Израиль тарапынан гөрі Палестина жағын қолдауы байқалуда және бұл үдеріс тек ұлғая түспек.

Палестина тарапы өз кезегінде Қытайдың саяси қолдауы мен қаржылай көмегіне аса мұқтаж. Палестина басшылығы өз мемлекеттілігін мойындату бағытындағы қадамдарына алдымен Пекин қолдауын қамтамасыз етуге тырысады.

Қазіргі уақыттың өзінде Палестинада Қытай қаражатына бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ондай жобалардың қатарында Рамалладағы Палестина сыртқы істер министрлігінің ғимараты да бар.

Қытайдың аймақтағы саясаты Таяу Шығыс аймағының шиеленісті дағдарыстарын бейбіт жолмен реттеуге үндей отыра, бірінші кезекте араб-израиль бейбіт үрдісіне жан-жақты қолдау көрсетуде және өңірдің басқа да қайшылықтарын бітімгершілікпен шешу шараларына күш-жігер жұмсауға әрқашан дайындығын білдіруде.

Араб әлемі аумағында соңғы жылдары орын алған «араб көктемі» оқиғаларының барысын қарастыра отыра, ресми Бейжің араб қауымдастығының реформалар мен түбегейлі өзгерістерге ұмтылыстарына түсіністікпен қарап, олардың өз болашақтарын және мемлекеттік модельдері мен саяси даму жүйесін ұлттық ерекшеліктерін есепке алу арқылы айқындайды деп үміттенеді. Бұл ретте, ешқандай сыртқы күштердің араб елдері үшін шешім қабылдауға жол бермеудің маңызын айрықша атап өтеді.

Қытай «бірлесіп өркендеу» принципі негізінде араб елдерімен өзара қимылдау қажеттігін қызу қуаттайды және араб-қытай ынтымақтастығының орасан зор мүмкіншіліктерін одан әрі дамытудың көкжиектері кең екенін есепке алады. Қытай сондай-ақ араб елдерінің өздерінің заңды әрі әділ талаптарын қорғау құқығын қолдайды, оларды халықаралық қоғамдастықтың маңызды әрі тең құқылы мүшесі деп санайды.

Сонымен, Қытайдың Таяу Шығыс өңіріндегі басты мүддесі алдағы уақытта таяу-шығыстық көмірсутегі қорларын тасымалдауды қамтамасыз ету төңірегінде шоғырланбақ. Бұл ретте алдағы болашақта Қытайдың Солтүстік Африка, Парсы Шығанағы араб елдерінің мұнайына сұранысы артатыны күмән келтірмейді. Таяу шығыстық мұнайдың өз нарығына тасымалының тұрақтылығын және осының негізінде өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін Пекин, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарттың мүшесі ретінде, осы аймақ елдерінің ядролық қаруға ие болу ұмтылыстарын құптамайды. Алдағы уақытта Қытайдың араб елдерімен қарым-қатынастары негізінен сауда-экономикалық, энергетика салаларындағы маңыздылығын сақтайды және ресми Пекин аймақтағы геосаяси мүдделерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде жүзеге асыруын одан әрі жалғастырады.

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Игра в признание афганского Эмирата: ход арабских Эмиратов

«На сегодняшний день ни одна страна официально не признала легитимность власти «Талибана» в Афганистане». По всей видимости, данная фраза, посвященная нынешнему талибскому статус-кво, уже стала фразеологизмом. К тому...

От поддержки к осторожности: эволюция отношений Саудовской Аравии с «Талибаном»

Истоки Советская оккупация Афганистана, начавшаяся в 1979 году и продолжавшаяся почти десятилетие, стала одним из ключевых эпизодов, сформировавшим в каком-то смысле ту реальность, в которой Афганистан проживает...

Стабильность национальных валют арабских монархий

Вот удивительно, казалось бы, абсолютные арабские монархии (не ограниченные ничем) сумели построить дисциплинированные общества со строгой системой ответственности, основанной на уважении своих народов и стабильных...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока