01.01.2016
Таяу Шығыста қазіргі кезде жедел даму тауып жатқан құбылыстарды және осы өңірге әсер етуші жаһандық тенденцияларды зерделеу нәтижесінде аталған аймақтың жақын және алыс болашақта мемлекеттік, мемлекет аралық қатынас жүйесінің қандай күйде болатындығын аңғаруға әбден боларлық.
Көз алдымызда шапшаң қарқында өтіп жатқан аймақтағы өзгерістер мен құбылыстар, оның ішінде әсіресе араб әлеміндегі саяси дүмпуілдер әлі де болса жақын жылдары басыла қоймайтындығы айқындала түсуде. Араб әлемі сілкіністерінің салдарлары, бұл құбылыстарға сыртқы күштердің екпінді араласулары, дағдарыстың ондаған жылдарды қамту ықтималдылығы көптеген сұрақтарға жауап беруді талап етеді.
Ендігі уақытта, Таяу Шығыстағы әртүрлі бағаға ие болып жатқан оқиғалардың неге әкеліп тірейді деген сауал туындайды. Демократиялық қоғамдар құрылуы, әлде болса керісінше диктатуралық билік осы өңірдегі мемлекеттерде күшейіп кетуі ықтималдылығы қаншалықты. Әлде болса аймақты бағынбайтын хаос жаппай белең алуы мүмкін шығар.
Қалай болғанда, Таяу Шығыстағы мемлекеттер алдағы жылдары әртүрлі бағыттарда жылжу табады. Біреулері шын мәніндегі демократизация процесстерін бастан кешіретін болса, екіншілері көнеріп кеткен, әлеуметтік-экономикалық және саяси, діни қайшылықтар проблемаларын ескіше шешетін ұстанымдарынан тайынбайды. Шиеленіс пен қарулы теке-тірес тереңдей түседі.
Саяси сахнаға дем арасында шыққан исламистер ықпалының әлсіреуі жаңа саяси күштердің шығуына себепкер болады. Араб мемлекеттерінің бұхара халқы бірінші кезекке діни идеологияны емес, тұрмыс-тіршілікке ықпал ететін практикалық нәтижелерді қоя бастады. Билікке үміткерлер ендігі уақытта экономикалық көкейтесті проблемаларды реттеуге арналған бағдарламалармен шығады, онсыз саяси бәсекеде оңай жеңу туралы ой қозғаудың қажеті жоқ.
Сонымен бірге Таяу Шығыс аймағын болашақта ең өзекті мәселе «суниттер мен шииттердің» бәсекесі басты маңызды тақырыпқа айналды. Қазірдің өзінде аталған екі конфессия арасындағы қайшылықтар Бахрейн, Кувейт, Сауд Арабиясы мен Ливанда қозбалы күйде. Сирияда болса ашық қарулы теке-тіреске әкеп соқтыртуда. Бұл дегеніміз болашақта діни фактор әсіресе Парсы шығанағындағы елдерде айрықша сезіле түседі. Себебі бұл елдерде дәстүрлі түрде конфессияаралық қатынастарда дискриминациялық жақтары басым. Ирақтағы дінаралық қақтығыстар жалғаса бермек. Зайырлы араб мемлекеттерінде бұл мәселе өзіндік шешімін табатын болса, Парсы шығанағы монархияларында осының негізінде әлеуметтік діни қақтығыстар өрбуі мүмкін. Діни аспектінің кейбір саяси мақсаттарда пайдалану аймақта кең етек алғандығын ұмытпаған жөн. Себебі ақпарат құралдары мен кейбір мемлекеттер суниттер мен шиіттер арасындағы тартысты тіпті асыра сілтеп бейнелеуде. Астарында осы іспеттес сезімтал тетік арқылы саяси мақсаттарға жету екендігі бірден аңғарылады
Араб елдеріндегі төңкерістер қатарында, этноконфессионалды болмысымен ерекшеленетін Сирия Араб Республикасы бөлек орында тұр. Үңіле түссек, Сирияны Таяу Шығыс аймағының шағын моделі ретінде қарастыруға болады. Аймақтың болашағы осы таңдағы Сириядағы оқиғаларға тікелей байланысты. Сирияның мемлекет ретінде сақталуы палестина мәселесінің өшіп кетпеуіне және жалпы өміршеңдігіне кепіл. Араб бірлігінің нышаны ретінде өзін белгілеген, Дамаск аймақтағы сионистік амбицияларға қарсы тұрған авангард ретінде өзін көрсетуде. Сирияның құлдырауы аймақтың болашағын түпкілікті өзгертіп жіберуі аңғарылуда. Сондықтан осы салдар жалпы саяси ахуалды өзгертуі әбден.
Себебі сирия қоғамы, басқа көрші араб елдеріне қарағанда күрделі құрылым. Сыртқы саяси қатынастарында да ерекшеліктер жеткілікті.
Сириядағы дағдарыс салдарынан Таяу Шығыстағы этно-конфессионалды қайшылықтарды асқындырып жіберу қауіпі туды. «Сирия мәселесі» аймақта жаңа проблемалар — суниттер мен шиіттер, күрд проблемасы, радикалды діни экстермизм, конфессиялар мәселелерін бетке қалқыта шығарып, әлсіз болса дағы қалыптасқан, саяси тепе-теңдікке кері әсерін тигізіп, онсыз тұрақсыз аймақтағы жалпы ахуалға кері әсер етті.
Қазіргі таңда Сирияда аймақтық және халықаралық дәрежедегі ойыншылардың мүдделері қиысуда. Этноконфессиялық айырмашылықтарды пайдалана отырып, сыртқы алаңдағы ойыншылар Б.Асадтың режимін ауыстыруға, сондай-ақ Сирияның саяси мәні мен рөлін түпкілікті ыңғайларына қарай өзгертуге талпыныс жасап көрді.
Сирияда болып жатқан оқиғалар өзіндік ерекшеліктерге сай даму табуда. Ливия, Тунис, Египеттегі төңкерістер сценарилері Сирияға қолдануға жарамады. Алғашқыда, демократиялық пиғылдарды жақтаушылардың революциялық эйфориямен қабылданған өзгерістерді аңсауы, негізі ғасырлар қойнауына кететін, шешілуі көптеген жылдарды қамтитын күрделі қайшылықтардың бар екендігін жайып салды. Көпшілігі оларды тез арада қару мен күш арқылы шешуге бар және соған ынталанып, ұзақ мерзімді сценариге дайын болмады. Кенеттен келген демократия елесі, сөз бен іс бостандығын бергенімен, миллиондаған адамаға азық пен жұмысты лезде бере алмайтындығын аян етіп, ішкі реформаларды төңкеріс арқылы жасау нәтижесіз болатындығын дәлелдей түсті. Әлеуметтік реформалар тек парасатты, адал, көреген басшылық, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елде сәтті әске аса алатындығына халықтың көзі жете бастады. Оның өзі көптеген жылдарды, қажырлы еңбекті, кейбір сәттерде халыққа оңай соқпайтын кезеңдерді қажет етеді. Аймақтағы саяси жүйені батыс үлгісі бойынша, зорлық арқылы қайта пішу қатерлі екендігі айқындала түсті.
Дамаскідегі қазіргі режим әлі де боса ұзақ мерзімге шыдай алатындығын дәлелдеді. Ресейдің әскери араласуы режимнің босаған тетіктерін бекіте түсуге мүмкіндік тудыртты. Ол үшін тиісті саяси, экономикалық, әскери ресурстар бар. Ресей мен Иранның экономикалық әскери көмегі жалғасуда. Мәскеудің өзі осы кезге дейін Сирияға 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде көмек берді. Иран миллирдтаған құйылымдар жасауда. Дегенмен Ресейдің Сирияға кіруі мен әрекеттері сәтті деп танылғанымен, шымылдықтың артқы жағында ресейліктер көптеген проблемаларға тап болып жатқандығын әрине көпшілікке айтпайды.
Қарулы оппозицияның мүмкіндіктері әлі де шектеулі. Сырттан тікелей әскери көмек жасалмайынша ішкі қарулы топтар елдегі жағдайға маңызды ықпал жасауы шамалы. Сондықтан қарулы оппозиция, шетелдегі бейбіт оппозиция бұлардың барлығы қуыршақ құрылымдар және жағдайдың түбегейлі өзгеруіне әсері жоқ. Олар тек жиналыс жасап, декларативті әрекеттерге ғана бар.
Әйтсе де, халықаралық эмбаргоның нәтижесінде Сирия экономикасы біртіндеп әлсіреп, түбінде саяси өзгерістер орын алатындығы күмән келтірмейді. Мәселе уақытта ғана. Мемлекеттік жүйенің әлсізденуі ондаған жылға созылуы мүмкін.
Сирияның фрагментациялануы, әскери және экономикалық әлеуетінің құлдырауы Израильдің жоғары мүдделері болып табылады. Сириядағы соғыстың алдағы жылдарда жалғасуы Израильге пайдалы болмақ және де бұл АҚШ және Ресеймен үйлестіріледі.
Иордан Хашимит Корольдігі Таяу Шығыс аймағының ең тұрақсыз, қатерлі аймағында орналасуына қарамастан, «араб көктемінің» қауіптеріне қарсы батыл қадамдар қабылдай білді.
Шебер дипломатиялық қадамдар арқылы Амман өзінің қауіпсіздігін және ішкі тұрақтылығын бекіте түсті. Араб әлемінедегі бірқатар елдердің Амман саясатының түсініксіз деп тануына қарамастан Иордания Королі Абдалла барлық ислам мемлекеттерімен жақсы байланыстарды сақтап отыр. Әрине Сириядағы оқиғаларға қатысты оның араласы жоқ деп біз айта алмаймыз. Иорданияның барлау қызметтері ол жақтағы оқиғаларға тікелей қатынасы бар. Оның территоиясында содырлардың бірнеше құпия базалары орналасқан және сонымен бірге осы ел арқылы қару тасымалы жолға қойылған. Дегенмен ресми Амман бұл жайттарға қатысты үндемей құтылу саясатын ұстанған.
Араб әлемінде орын алып жатқан аса көлемді саяси тұрақсыздық және оның жалғасып жатқан саяси салдарлары бүгінге дейін аймақтағы басты мәселелердің бірі болып келген араб-израиль қақтығысын көпшіліктің назарынан біршама кейінге ығыстырғаны белгілі, Таяу Шығыс үдерісі халықаралық күн тәртібінің екінші немесе үшінші мәселесіне айналды. Ал бейбіт үдерістің негізгі ойыншылары (Мысыр, Сирия, Ирак, Иордания) өздерінің ішкі проблемаларын шешумен айналысуда.
Алайда бұл мәселенің шешімі жалпы аймақтағы тұрақтылықтың бірден бір негізі екені анық. Бұл бағыттағы жағдайдың нашарлауы айтарлықтай зардаптарға әкелуі әбден мүмкін.
Осындай жағдайда қордаланған аса күрделі палестина-израиль қайшылығы халықаралық қауымдастықтың белсенді ынта-жігеріне қарамастан, жақын болашақта өз шешімін табатыны күмәнді. Себебі тараптардың арасындағы қайшылықтар көрсетіліп кеткендей өте күрделі, тамырлары тереңге кеткен. Жалпы ниеттің болғанымен келіссөздер тереңдей түскен сайын, жеке дара мәселелерге келген уақытта тараптар тығырыққа тірелетіндігі сөзсіз.
Осы ретте, соңғы уақытта ФАТХ пен ХАМАС арасындағы татуластық шараларының жандануына қарамастан, олардың ойдағыдай болатыны күмәнді. Израильге болса палестиналық топтар арасындағы шексіз ырду өте ыңғайлы.
Ендігі жағдайда АҚШ-тың «екі халық үшін екі мемлекет» принципі негізіндегі ұмтылыстары сәтсіз аяқталғаннан кейін «бір мемлекет» принципін жүзеге асыру ықтималдылығы ұлғая түседі. Сондай-ақ, бұл проблеманы көршілес Иорданияның есебінен шешу ұмтылыстары жалғаспақ. Атап кететін болсақ палестина мәселесі шешімсіз қалды, халықаралық қауымдастық үшін оның шешілуі кері шегерілді.
Сирия, Ливан және Ирактағы ахуалға Иранның тікелей қатыстылығын ерекше атап өтпеске болмайды. Бұған қоса, Тегеран Иорданияға да өз ықпалын жаюға ұмтылған болатын. Атап айтқанда, жанармайға ерекше мұқтаж Хашимит Корольдігіне тегін өңделмеген мұнайды тегін 30 жылға тасымалдауды ұсыну секілді шаралар орын алған. Дегенмен, АҚШ пен Израильдің қос ықпалына байланысты елдегі күрделі экономикалық жағдайға және қаржылық көмекке ерекше мұқтаждығына қарамастан Иордания Королі Абдалла ІІ Иранның ұсынысын біз білетін ойыншылардың айтуымен қабылдамауға мәжбүр болды. Осы ретте, Иордания Королі «Израильдің аймақтағы қауіпсіздігінің кепілі» деп қарастыруға болады.
АҚШ Иранның аймақтағы ықпалының Сауд Арабиясының ықпалына күшеюіне қарсылық білдірмейді деген пікірлер айтылуда. Дегенмен, Сауд Арабиясы Королінің Иран қаржыландыратын шииттерге қарсы сунниттерді қолдауын жалғастыратыны туралы бірнеше мәрте мәлімдген болатын. Бұл қақтығыс алдағы уақытта аймақта түрлі зардаптарға есік ашатыны күмәнсіз.
Сирия мен Йемендегі жағдай Тегеран мен Риядтың теке-тіресінің алаңына айналды. Өзара бірін-бірі мойындамау аймақтық доминанттыққа ұмтылыс түбінде бұл елдерді тікелей қақтығысқа әкеліп терейді, уақыт пен өрбіп жатқан оқиғалар сол бағытта даму табуда.
Таяу Шығыс аймағы өте күрделі кезеңде. Араб бірлігі мен біртұтас мақсаты деген түсінік қазіргі басшылар саясатында соңғы қатарларда тұр. Оларда стратегиялық, алысқа үңілген көз-қарас жоқтың қасы. Аймақтағы мемлекеттер өзіндік экономикалық және саяси интеграцияға мүлдем құштар емес. Жаһандану заманының экономикалық және саяси талаптарына әлі де болса толық ашылғылары келмеуде. Ресурстық экономика тығырығынан шығуға талпынбауда. Әлемдік экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, демографиялық дағдарыстар ықпалын аттап өтіп кете алмайтындықтан, болашақта араб мемлекеттері арасындағы қайшылықтар күрделене түсіп, әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақсыз көрсеткіштерді паш етеді. Ішкі дағдарыстың екінші толқыны араб монархияларында орын алып, діни ұрандарды жамылған қанды қақтығыстардың қайталануын күтуге болады.
Таяу Шығыс аймағындай шиеленіс әлі мәресіне жетпеді, қазіргі кезде үлкен оттың тұтану үрдісі күш алып жатыр. Бұл орайда, аймақтағы көптеген мемлекеттер өздерін орын алатын оқиғалардан және олардың салдарынан шеттетіп ұстай алмайды.
Нет комментариев