KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Ел мен жердің тұтастығын қорғадық

Ел мен жердің тұтастығын қорғадық

01.07.2019

Ерте заманда көктүріктің тәңірқұты Мөде халқын бахытты тұрмысқа жеткізіпті деседі. Жері шүйгін, малы үйір-үйір, табын –табын, отар-отар болып өріп жүреді екен. Халық шат. Күндердің күнінде көрші елдің елшілері  келіп, Мөденің арғымағын сұратыпты. Сұратқаны жәй жылқы емес, күніне мыңға жуық шақырым шапса да шаршауды білмейтін тұлпар екен. Айналасындағы би,уәзірлерінің қарсылығына қарамай,арғымақты Мөде өз қолымен беріпті. Арада біршама уахыт өте келе,көрші елдің билеушісі Мөденің ай десе аузы, күн десе көзі бар жарын өзіне тоқалдыққа сұратыпты. Мұнан өткен қорлық болмас деген айналасындағылардың сөзін бұл жолы да елемей ,әйелін өз қолымен ұзатып салыпты.

Не сұраса да алатынына көзі жеткен көрші елдің билеушісі , үшінші кезекте екі мемлекет арасындағы мал тұяғы тимеген құнарлы жерді сұратыпты. Сонда Мөде, қандай жауап береміз деп би-уәзірлеріне сұраулы жүзбен қарапты деседі көне аңыз. Арғымағы мен әйелін сөзге келмей келімсектерге жетектетіп жіберген Тәңәрқұты бұл жолы да солай шешер деп ойлаған нөкерлері « керек жерін алсын,тәңірге тауба, жер жетеді ғой» деп шуласыпты.Сол кезде қаҺарына мінген Тәңірқұты: «Көптігінен жер қайысып,дүбірінен құлақ тұнған жылқымның ішінен, іші боқ, сырты түк бір арғымақ тумас деймісің! Ажарынан ай ұялап,келбетінен күн қаймыққан көктүріктің әйелдерінен маған жар боларлық  бір ару тумас деймісің! Ал қай биең, қай әйелің саған жер туып бере алады?!»- деп ұран салып, жауын тас-талқан етіпті деп сыр шертеді ескі заманнан жеткен көне аңыз…

Өткен ғасырдың  жетпісінші жылының аяқ кезінде дүркін- дүркін   әңгіме шығып жатты: « неміс халқы санымыз  миллионға жетті, автономиялық ел боламыз, ол үшін екінші дүние жүзілік соғыстан бұрын мекендеген Волга бойындағы жерімізді сұраймыз»  деген.Тілектері орынды. Бірақ, Мәскеу басқаша шешім қабылдады. «Жер қазақ жерінен берілсін» деген Саяси бюроның қаулысы өмірге келді.

Бұл қазақ жерінің біртұтастығына балта көтеріліп, ел іргесін сөгу жолы екенін әр қазақ жақсы түсінді. Жоғалтқанымыздың бәрінің орны толар, ал ата-бабамыздың қанымен суарылған жерден айрылу, орны толмас қасырет.

Елінің амандығы үшін баласын аманатқа беретін, қонақты құшақ жайып қарсы алып, жалғыз малын сойып, алдына тартатын  қазағымның қаулыға қарсылық білдіріп алаңға шығуы сол кундері тарихи заңдылық еді. Бұл көтеріліс 1979 жылдың, маусым айының 16-сы мен19-ы аралығында Ақмолада өтсе, 1 шілде күні Көкшетауда болды. Бұлай деуім, басқа да елім, жерім деген жерлестерімізбен бірге өзім де сол оқиғалардың ортасында болдым. Үкіметтің көтерілісті бүркемелеп, болғанды болмағанға айналдырғаны соншема, көрші ел- көкшетаулықтарға тек «Ақмолада сондай жағдай болыпты» деген сыбыр сөздер ғана жетті. Көкшетауда болған жағдайды ақмолалықтардың білмеуі де осыдан. Жоғарыға «алаңға 50 шақты адам ғана шықты» деген мәлімет кетті (Көкшетау ұлттық қауыпсыз комитетінің мұрағатынан)

Оқиғаның мағынасына көз салсақ, егеменді ел болу жолында орыс үстемдігіне қарсы Кенесары    көтерілісі,1916  жылғы ұлт азаттық қозғалысы, сондай кейінгі кеңес заманындағы    бірінші көтеріліс және жеңіспен аяқталған көтеріліс болған. Бұл көтерілістің қаһарының да күштілігі сондай, әсіресе, Ақмолада «жергілікті әкімшілік үрейленіп, Алматы мен Мәскеудің басшы, партия және кеңес органдарына хабарлауға мәжмүр болды, Алматыдан Қазақ КСР мемлекеттік қауыпсіздік комитетінің төрағасы,генерал- лейтенант Шевченко    мен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары,генерал- майор Тұмарбеков, Мәскеуден Одақтық, Мемлекеттік қауыпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, генерал- полковник Бабков келіп жетті. Олар ешкімді көшеге шығармау,шыға қалса алаңға жолатпау, алаңға түйісетін көшелерді адам өтпестей етіп  автобус және жүк машиналарымен бекітумен біргежергілікті әскери бөлімдер мен МҚҚ мен ІІМ қызметкерлері жаппай қаруланып, керек бола қалса күш қолдануға дайын болуларын ескертті. Іріткі салушыларды тауып, іс қозғап, жауапқа тарту керек екенін көлденен тартты».( Қ. Қапышев, «Зерде          » газеті,22 наурыз 2002 жыл).
Ақыры,көздеріне қан төгіс елестеген мәскеулік басқарушылар қазақ жерінде немістердің автономиялық облысын құрудан бас тартты. Бұл кундері « Димаш Ахметұлының еңбегі ерекше болғаны сөзсіз. Ол кісінің  беделінің арқасында үлкен бір қасыреттен аман қалдық. Д. Қонаевтан ешкімді жазаламандар, қудаламандар» деген тапсырма-бұйрық түскеннен кейін бәріміз аман құтылдық.(Б. Сұңқарбаев, «Зерде» газеті).

Егер сол жолы қазақ жерінде автономия құрылса,Одақ құлағанға  дейінгі 12 жылда одан басқа тағы автономиялар          құрылмасына кім кепіл еді ? Кеңес заманында « халқы 1 миллионға жеткен халық автономиялық ел болуға құқығы бар » деген заңға сүйеніп, басқа да ұлттар бізден жер сұрауы мүмкін-  ді. Сонда неміс халқына берілген жер оларға неге берілмейді деген сұрақ та туар еді ғой. Бәлкім құрылған автономия еліміздің егемендік алу жолына ешқандай кедергі  келтірмейтін еді десекте, қазыр сол автономиялардың бізде жоқ жерден жік шығарып, тәуелсіз мемлекет боламыз деп айқай салмауына кім кепіл?  Әрине, ондай кепілдікті ешкім бере алмайды. Оған жауапты Әзербайжандағы Таулы Карабах, Грузиядағы  Абхазия, Осетия, Серб жеріндегі Косово мәселелерінен табуға болады.Бір кезде Сталинның саясатымен пана тапқан халық өзінің автономиялық тәуелсіздігін даулап жатса, қаны ыстық қазақ шыдап тұралмауы хақ.  Қантөгістің көкесі сонда болар еді.

Еліміздің біртұтастығын сақтап,  сол қантөгістің жолын кескен Ақмола мен Көкшетауда өткен көтерілістің жалғасы 1986 жылы жалауын көтерді.Жалғасы дейтінім, егер 1979 жылғы көтеріліс  күшпен басылып,қантөгіспен аяқталғанда, Алматыдағы көтерілістің болуы екіталай.1986 жылы халық  алаңға 1979  жылдың жемісіне де арқа сүйеп, біз де жеңіске жетеміз деген оймен барды. Қаншама әділетсіздікке ұшырап , кан төгіспен, қасыретпен  аяқталған көтеріліс көпке ұзамай, егеменді еліміздің дүниеге келуіне ықпалын тигізді.  Бұл Ұлы жеңіс! «Шығынсыз, жеңіс жоқ » -деген осы болар.

12 жыл Одақ заманында бүркемелеп келген көтеріліс осы күні ауыз екі әңгімеде ғана сөз арасында әншейін болыпты деп айтылып қалады. Осы ретте ендігі жерде « Кімнен қорқып жалтақтаймыз? » деген заңды сауап туады.

Ия, сол күндері неміс халқына қарсы шықты деген арандатушыларда да болды. Бірақ, терең ойлы неміс халқы бұл қазақтардың жерін қорғау жолындағы  іс — әрекеті екенін жақсы түсінді. Жерді қай ұлт сұраса да, қазақ халқы қарсылық ісін жасайтынына көздері жетті. Қазіргі көп ұлтты демократиялық елемізге бұл көтеріліске баға берілуге ұлтарасы ашылады деген ой  кедергі болар. Бұл жерде айтарым, өзінің жерін қорғаған халық басқа халықтың жауы деу үлкен қате.

Биыл осы көтеріліске 40 жыл толады. Сол  күндері алаңда болған халықтың талайы дүниеден озды, жастарымыз алпыс — жетпіске келіп , сақал мұрттары ағарып, ақ шашты ата- әжелерге айналды. Демек, осы ретте, жерім, елім деп шырылдаған үлкен- кіші  қандастарымды еске алып, рахметімді айтып, басымды иіп,тағзым жасағаным айыпқа жатпас. Мұнымен бірге, өскелең ұрпаққа егеменді ел болу жолында қазақтың басынан қандай оқиғалар өткенін жеткізіп, елі мен жеріне деген патриоттық сезімдерін ояту да бүгінгі таңда аса қажет іс.

Елімізде 130 этнос өкілі тұратыны рас. Бұл адамдармен дәм — тұзымыз адал, құшағымыз ашық, бақытымыз бірге болып келеді. БІРАҚ, ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ  ҮШІН  ӘРБІР  ҰЛТ  ҚАЗАҚ   ЖЕРІНІҢ  ТАРИХИ  ИЕСІ ҚАЗАҚ  ЕКЕНІН  ЕСТЕРІНДЕ  ҰСТАҒАНЫ  ЖӨН !..

Автор: Майра Ахетқызы Тұрсынбаева

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока