KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ДІНИ АХУАЛ ТУРАЛЫ

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ДІНИ АХУАЛ ТУРАЛЫ

27.06.2022

Қазіргі заманның халықаралық қатынастар жүйесі жалпы алғанда зиялы сипатқа ие екендігі белгілі. Соған қарамастан мемлекет құрушы халықтың діни көзқарасы мұсылман елдердің ішкі саяси өмірінде, сонымен қатар халықаралық қарым-қатынастарында айтарлықтай орын алады. Өткен ғасырдың соңынан бастап түрлі елдерде халықтың діндарлығы артып, діни қозғалыстардың белсенділігі артқандығы байқалады. Халықаралық діни ұйымдар мен қорлардың саны артып, олардың іс-әрекеттері халықаралық деңгейде жүргізіліп отыр. Кейбір ұлтаралық немесе мемлекетаралық қақтығыстар діни сипатқа ие болғандықтан дін факторы халықаралық өмірдің маңызды бөлігіне айналды.

Тарихи себептерге байланысты мұсылман елдері халықаралық қатынастардың құрылымын жасауға қатыса алмады. Мұсылман елдерінің көпшілігі бодандықтан шыққан кездерінде негізінен зиялы мемлекеттік жүйе бойынша құрылды. Сарапшылардың пікірі бойынша, дінді саясаттан аластату отаршыл елдердің саясатының негізгі мақсаты болды. Ұлт-азаттық күрес кезінде ислам діні айтарлықтай маңызды орын алғанымен Батыс зерттеушілері оның өткінші екендігіне сенімді болды. Алайда,  өткен ғасырдың 80-ші жылдарына қарай мұсылман діні қайта түлеуді бастан кешіруде деген көзқарас орныға бастады және тәуелсіз саяси күшке айналды деген түсінік қалыптасты. Бұл құбылыс араб елдерінде «ислами ояну» деп аталды. Араб елдерінің 1967 жылы Израильден жеңілуі араб ұлтшылдық зиялы идеологиясының дағдарысқа ұшырап, арабтардың өздерінің өзекті мәселелерінің шешімдерін ислам дінінен іздеуге түрткіледі. Оған мұнай арқасында орасан зор қаржы мүмкіндіктеріне ие Сауд Арабиясы, Ливия және Кувейттің ислам ынтымақтастығы деген ұранмен түрлі мұсылман елдеріндегі ислами қозғалыстарға көмек беруі де себеп болды.

Оның үстіне 1979 жылы Иранда ислам революциясының жеңіске жетуі, биліктің діндарлардың қолына көшуі, ислам жүйесі бойынша мемлекеттің дүниеге келуі басқа елдердегі мұсылмандарға орасан зор әсер етті. Осы кезеңде, Батыста «фундаменталистік» деген атуға ие болған Ливандағы «Хезболла», Алжирдегі «Ислам құтқару фронты», Египеттегі «Гамаа исламия» секілді түрлі қозғалыстар дүниеге келді.

Исламның саясилануы мұсылман елдеріндегі ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты түрлі кезеңдерде жүзеге асып жатты. Бұл үрдістер алдымен Египет, Сирия, Иракта орын алды. Қазіргі кезеңде мұсылман елдерінде ислами қозғалыстардың санын дәл айту мүмкін емес десе болады. Олардың арасында ұстамды саясат ұстанатын, үкіметті сынайтын, алайда онымен парламент немесе үкімет құрамына кіру арқылы жұмыс істейтін үйымдармен қатар ашық террорға көшкен, астыртын жұмыс істейтіндері де бар. Тіпті кейбір діни ұйымдар мен қозғалыстардың бір қанаты заңды әрекет шеңберінде жұмыс жасаса, келесі қанаты экстремистік айқындама ұстанып отырады.

Мемлекеттік құрылымға қатысты сүнниттер мен шииттердің көзқарастары түрлі екендігі белгілі. Шииттер монархияны мойындамайды, ең жоғарғы билік иесі имам болуы керек деп санайды, ал сүнниттер үшін ең дұрысы мемлекеттік жүйе Пайғамбар және бірінші халифтер тұсындағы құрылым болып табылады.

Қазіргі кезеңде мұсылман елдерінің ішкі саяси өміріндегі және халықаралық саясаттағы ислам діні үлкен орын алады. Араб елдерінің саяси басшылығы өзінің сыртқы саясатының басымдықтарын белгілегенде, халықаралық мәселелер бойынша шешім қабылдағанда тұрғындардың діни көзқарастарын есепке алады. Түрлі ислам құрылымдар осы үдерісте айтарлықтай орын алады.

Кувейт Мемлекеті басқа араб елдерімен салыстырғанда өзінің даму ерекшеліктері бар болғанымен аймақтағы басқа да мұнайға бай араб елдері секілді ішкі үдерістерді бастан кешіп отыр. Бұл өз дамуының қазірігі кезеңінде, бұрын да тарихи құндылықтарына, ислам дінінің өзінің әлеуметтік дамуына әсеріне ерекше көңіл бөледі. Соған қарамастан Кувейт ішкі құрылымы жағынан араб монархияларынан ерекше етіп тұратын тұсы – бұл елде жалпы сайлаулар арқылы құрылатын парламент бар. Билік парламентті таратып жіберуге құқығы болғанымен елдің ішкі тұрақтылығын сақтап қалуда ислам дінінің ішкі әлеуметтік-саяси өмірді реттеудегі орны өте маңызды.

Исламистер қазіргі таңда мұсылман елдеріндегі режимдерге қарсы саяси оппозиция және «ресми исламның» жауы болып табылады. Исламизм – жемге-жемге келгенде діни қозғалыстан гөрі саяси қозғалыс деп атаса болады. Олар қолданыстағы идеологияны жоққа шығарып, діннің қоғамдағы орнын арттыруды талап етеді. Олар ресми дін өкілдерін парақорлыққа батқан билік жүйесінің қызметшілері деп сынайды. Бұл қозғалыстардың күш-қуаты қоғамның әлеуметтік-саяси және экономикалық қатынастарын өзгертуге бағытталған. Олар бұл өзгерістерді жеке бір елде емес халықаралық деңгейде жүзеге асыруға ұмтылады. Бұл іс жүзінде әлем деңгейінде ислами тәртіп орнату деген сөз.

Ислами қозғалыстардың барлығы Батысқа қарсы саясат ұстанады деп айтуға болмайды, алайда олардың көпшілігі батысшыл жергілікті билікке түбегейлі қарсы. Олар ұлттық және сырттан келген идеологиялардың орнын тек ислам ғана баса алады деп санайды. АҚШ бастаған Батыс елдері исламның қайта жандануын өзінің және аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздігігіне төнген қатер деп қабылдады. 1979 жылғы Иран революциясынан кейін орын алған Меккедегі Кааба мешітін басып алу, Батыс елдерінің елшіліктеріне шабуылдар, Египет президенті А.Садаттың өлтірілуі ғаламдық ислами революция, исламға деген қорқыныштың күшеюіне әкеліп соқты. Осы кезден бастап «ислам қаупі» деген түсінік қалыптасып, христиан және ислам әлемі арасындағы ықтимал қақтығыс туралы болжамдар айтыла бастады.

Исламның қоғамдық өмірдегі орнының артуы және ислами қозғалыстардың белсенділігі мұсылман елдерінің ішкі және сыртқы саясатына тікелей әсер етіп отыр.  Қазіргі кезеңде мұсылман елдерінің ортақ дін факторын басшылыққа ала отырып, халықаралық сахнада бірлескен әрекеттер жасауға деген ұмтылысы  — олардың әлемнің басқа елдерінің топтасуына берген жауабы және өз аймақтарында дағдарыстың жаңа ошақтарының пайда болуына жол бермеуге бағытталған ұмтылысы деп айтса болады. Алайда мұсылман елдерінің халықаралық істерге көбірек әсер етуге, мемлекеттер арасындағы байланыстарға ислами принциптерді енгізуге бағытталған ұмтылысы табысты деп айтуға келмейді.

Мұсылман елдері әлемдік қатынастардың жүйесіне, ал экономикалары әлемдік экономикаға бітесе қайнасқан. Мысалы, Сауд Арабиясының сыртқы саудасының 95 пайызы Батыс елдерімен екендігі белгілі. Түркияның сыртқы саудасы Европа одағы елдерімен тығыз байланысты.

Мұсылман елдері арасындағы ынтымақтастыққа олардың ішкі мәселелерінің шешілмеуі кедергі келтіріп отыр. Палестина, күрд мәселелері Сауд Арабиясы мен Оман, Ирак пен Кувейт, Ирак пен Иран, Марокко мен Алжир, Сауд Арабиясы мен Йемен арасында жер таластары тағы да бар.

Мұсылман халықтары діннің түрлі бағыттарын ұстанады. Шииттер Иран, Ирак, Йемен және Бахрейнде халықтың көпшілігін, ал Сирия мен Ливанда азшылығын құрайды. Сүннизм өз кезегінде ханбалит, ханифит, шафиит және маликит мазхабтарына бөлінеді. Осындай айырмашылықтар әр елдің этномәдени және тарихи тәжірибесін есепке алғанда аймақтық және ұлттық идеологиялардың пайда болуына әкеліп соғып отыр. Оның үстіне араб елдерін түрлі саяси режимдер басқарады. Осының барлығы әр араб елінің сыртқы саясатына әсер етпей қоймайды. Осының барлығы мұсылман елдерінің өзекті мәселелер бойынша ортақ айқындамаға қол жеткізуіне кедергі болып отыр. Сондықтан халықаралық деңгейде ортақ ислами айқындама туралы айту мүмкін емес.

Египетте «Мұсылман бауырлар» қозғалысының биліктен әскери жолмен аластатылуы саяси исламның жүйе ретінде күйреуге ұшырағандығы жөніндегі әңгімелерді тудырды. Сарапшылардың атап өтуі бойынша, аймақтағы күштердің ара салмағындағы өзгерістер идеология мен прагматизм арасындағы қақтығыстың нәтижесінде болып отыр.

Таяу Шығыстағы саяси исламның практикалық тұрғыдан іске асқандығы «Ислам мемлекеті» ұйымының Сирия мен Ирактың айтарлықтай бөлігіне билігін орнатуынан көрінді. Сол елдердегі режимдердің және халықаралық коалицияның бірнеше жылға созылған орасан күш-жігерінің арқасында ғана бұл қауіп жойылды.

Сарапшылардың пікірі бойынша, саяси исламның болашағын пайымдау үшін олар билікке келген елдердің қалай әрекет етіп отырғандығына назар аудару керек. Барлық жағдайларда исламистер билікке әлеуметтік революциялар арқылы келді. Мысалы, Иран. Билікке күшпен келу авторитарлық жүйенің қалыптасуына әкеліп соғады. Олар сол елдердегі саяси мәдениеттің әлсіз жақтарын жеңе алмайды және олардың билігі тек қана молшылық пен даму әкелетіндігін дәлелдей алмайды десе болады. Саяси исламның болашағы бірқатар өзекті мәселерді шешу тәсіліне қатысты болады. Саяси ислам сыртқы және ішкі күштердің қысымына ұшырап отыр. Көптеген ислам елдерінде саяси партияларға, кейбіреулерінде діни партияларға тыйым салынған. Бұл жағдай одан әрі сақталғанымен саяси либерализация мен демократияландыру үрдісі күшейе береді.

Аймақтағы өзгерістер саяси ислам Таяу Шығыста саяси күш ретінде қалып отырғандығын көрсетеді.

 

 

 

 

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Рекомендуем прочитать

ШЫҒАНАҚ АРАБ ЕЛДЕРІНІҢ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ ТУРАЛЫ

Парсы шығанағының араб монархиялары гуманитарлық салаға үлкен мән береді және оны жаһандық та, ұлттық та деңгейде өзінің сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Бұл бірінші кезекте –...

Религией Саудовской Аравии мог быть иудаизм

Новое исследование древних изменений климата показало, что около 1500 лет назад Южная Аравия пострадала от многолетней засухи. Это, вероятно, способствовало падению некогда могущественного еврейского царства,...

Региональный союз будет независим от США?

Вчера, 22 июня, впервые за четыре года, самолет наследного принца Саудовской Аравии Мухаммеда бин Салмана приземлился в турецком аэропорту. Для него и президента Турции Реджепа Эрдогана это завершение периода...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока