KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ШЫҒАНАҚ АРАБ ЕЛДЕРІ

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ШЫҒАНАҚ АРАБ ЕЛДЕРІ

02.11.2022

Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасы мен Парсы шығанағында орналасқан араб елдері арасындағы қарым-қатынастар өзара тиімді саудаға негізделген десе болады. Қытай мен аймақ елдері арасындағы сауда көрсеткіші соңғы он жыл ішінде 600 пайызға өскен.

Сарапшылар Қытай мен аймақ елдері арасындағы сауда айналымының орасан зор жылдамдықпен өсуін Қытайдың мұнайға деген сұранысымен түсіндіреді. Қытай 2015 жылдан бері әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушыға айналғаны белгілі. Қытай тәулігіне 6,5 млн баррель шет елдерден сатып алса, оның 3 млн баррелі Шығанақ араб елдерінің үлесіне тиеді. Сауд Арабиясы осы көлемнің 16,1 пайызын, Оман — 9,7, Ирақ — 9,3, Иран 8,9, Біріккен Араб Әмірліктері — 3,8, Кувейт — 3,4 пайызын береді. Сарапшылардың пікірі бойынша, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сонымен бұл елдердің мұнайының 90 пайызы Азия елдеріне, оның ішінде негізгі бөлігі, Қытайға бет алатын болады.

Қытай Шығанақ елдерінен тек мұнай және сұйытылған газ ғана сатып алмайды, метанол, параксилол және полипропилен секілді химиялық материалдарды да үлкен көлемде алады. Оның есесіне Қытай бұл елдердің нарықтық кеңістігіне текстиль, тыңайтқыш, электроника, автокөлік және басқа да тауар түрлерін молынан әкеледі.

Қытай, жалпы алғанда, аймақтың дамуына мүдделі десе болады. Бұл өз кезегінде қытайлық компаниялардың аймақтағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға, сауданы одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, яғни Қытай ұсынып отырған «Теңіз Жібек жолы» және «Жаңа Жібек жолы» жобаларына бұл елдердің қосылуын қамтамасыз етеді. Қытай басшылығының 2013 жылдан бері «Жібек жолын» қайта жаңарту бойынша бастамасы жүзеге аса бастады. Аймақтағы ең кедей елдің өзі арзан қытай тауарларының өтуіне кепілдік бере алады.

Қазіргі кезеңде Парсы шығанағы аймағындағы араб елдерінде 3 мыңнан аса қытайлық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Олардың біршама бөлігі еркін экономикалық аймақтарда 100 пайыздық капиталмен жұмыс істесе, қалған бөлігі бірлескен кәсіпорындар ретінде аймақтың барлық елдерінде әрекет етеді.

Қытайлық компаниялар мұнай және газ орындарын игеру, темір жол жобасын іске асыру, телекоммуникациялық жобаларды іске асыру, тұрғын үй жобаларына қатысса, араб компаниялары орасан зор қаржыны Қытайдың ішіндегі мұнай өңдеу кешендерін салуға, атап айтқанда этилен шығаратын зауыт, банк саласына инвестиция ретінде бағыттап отыр. Яғни, Қытайдың араб елдерімен инвестициялық ынтымақтастығы екіжақты болып табылады.

Шығанақ араб елдерінің ынтымақтастық кеңесі (ШАЕЫК) мен Қытай арасындағы тұрақты кездесулер барысында қосарланған салықты болдырмау, инвестициялары және технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты сұрақтар шешімін тауып жатыр. Қытайдың жалпы араб елдерімен сауда айналымының 70  пайызын осы ұйымға кіретін Сауд Арабиясы, Кувейт, Бахрейн, Қатар, БАЭ және Оман құрайды.

Сарапшылардың болжамдары бойынша, Қытайдың аталған елдермен сауда айналымы 2025 жылға қарай 350-500 млрд АҚШ долларын, ал 2030 жылдарға қарай 1 трлн долларды құрайтын болады. Мысалы, Қытайдың шағын саналатын Кувейтпен сауда айналымы 2021 жылы 12 млрд АҚШ долларын құрады. Кувейт өзінің «Жібек қала» және солтүстік аралдар жобаларына қытайлық инвестицияларды тартуға 2006 жылдан бері күш-жігерін жұмсап келеді. Аталған жобаның аймақтағы экономикалық, инвестициялық, мәдени орталық ретінде Дубаймен бәсекелесуге бағытталғаны жасырын емес.

Қытай және Парсы шығанағы елдерінің үкіметтері арасындағы ынтымақтастық механизмдері, әлеуметтік саладағы ынтымақтастық, электрондық сауда, қорғаныс өндірісі, тікелей инвестицияларды ынталандыру, «ақылды қала» коммуникациялық жобасы және мұнай өндірудегі ынтымақтастыққа негізделген.

Тараптар өзара қарым-қатынастардың орнатылғалы бергі кезең ішіндегі дамуына жоғары баға беріп, оларды стратегиялық әріптестік деңгейінде деп бағалап, келесі салалардағы ынтымақтастыққа басымдық беруді жоспарлап отыр:

  1. Аймақтық және халықаралық түйінді мәселелер мен сұрақтар бойынша өзара байланыс деңгейін одан әрі сақтау. Ол үшін жоғары және түрлі деңгейлердегі ресми сапарларды тұрақты түрде жүзеге асыру.
  2. Тараптар бір-бірінің ішкі істеріне қол сұқпау принципін басшылыққа ала отырып, Тайвань Қытайдың ажырамас бөлігі екендігін растайды.
  3. Парсы шығанағы елдері Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына толық қолдау көрсетеді.
  4. Қытай және Шығанақ араб елдері арасындағы инвестицилық саладағы ынтымақтастықты нығайту.
  5. Қытай және Шығанақ араб елдерінің ынтымақтастық кеңесі арасында еркін сауда аймағын құруға күш-жігер жұмсау.
  6. Энергетика саласы ынтымақтастықтың маңызды бағыты деп танылды.
  7. Қауіпсіздік, экстремизмге қарсы күрес, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және т.б. салаларда ынтымақтастықты одан әрі дамыту.

Баяндалғанды назарға ала отырып, Қытайдың аймақ елдеріндегі басты мақсаты — сауда-экономикалық байланыстарды белсенді түрде дамыту екендігін атап өтсе болады. Оның ішінде, көмірсутегіні үздіксіз алуды қамтамасыз ету, осы елдердегі инфрақұрылымдық жобаларға қатысу болып табылады.

Шығанақ араб елдерінде көмірсутегі кен орындары мемлекеттік меншікте және оларды тек ұлттық компаниялар игеретіндігі белгілі. Шетелдік, оның ішіндегі қытайлық компаниялар мұнай жобаларына мердігер ретінде ғана қатысады, сондықтан бұл салада және басқа салаларда  «қытайлық экономикалық экспансия» деген түсінік мүлдем қалыптаспаған. Керісінше, Шығанақ елдері өздерінің амбициялық жобаларын жүзеге асыруды негізінен қытайлық инвестициялармен байланыстырып, соған үміт артып отыр.

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Рекомендуем прочитать

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ШЫҒАНАҚ АРАБ ЕЛДЕРІ

Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасы мен Парсы шығанағында орналасқан араб елдері арасындағы қарым-қатынастар өзара тиімді саудаға негізделген десе болады. Қытай мен аймақ елдері арасындағы сауда көрсеткіші...

Протесты в Иране: «женский фактор» и ставка на этнические меньшинства

Исламскую Республику пытаются запалить с разных сторон одновременно В опубликованном 28 октября совместном заявлении Министерства разведки Исламской Республики Иран и разведывательной организации Корпуса...

Сауд Арабиясының 5 аймақтық инвестициялық компаниясы

Сауд Арабиясының тақмұрагері Мұхаммед бен Салман осы елдің Мемлекеттік инвестициялық қоры Иордания Хашимит Корольдігіне, Бахрейн Корольдігіне, Судан Республикасына, Ирак Республикасына және Оман Сұлтандығына...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока