KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

16.02.2024

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты. Данагөй асыл бабаларымыз бағзыдан бері өткір ақиқатын айтқанындай, адам ғұмырының қамшының сабындай қысқалығы, өмірдің бес күндік жалғандығы тағы бір алдымыздан тосқандай.

Десе де, Жаратушының сыйға тартқан жалғыз ғұмырын әрбір адам баласы ата тегіне, дүниеге келген заманына, өскен ортасы мен қоғамына қарай тағдырдың маңдайға жазған жолымен хал-қадірінше жүріп өтетіні мәлім. Осынау толассыз үрдісте бүгінгіні ұдайы барлаумен қатар әрдайым өткенге, тіпті кешегі күнге оралып, алдыңғылардың өмір тәжірибесі мен кешкен жолын, еңбегі мен кісілік бейнесін ой елегінен өткізіп, зерделеп отыруымыз табиғи.

Асқар Ахметұлы 1961 жылы 11 сәуірде Қазақстанның астанасы делінгенімен ол заманда кеңестік одақтың кермек дәмі қаттырақ сезіліп, түрі аралас, тілі бөтен болып тұрған Алматы қаласында, зиялы отбасында дүниеге келді. Орта мектепті табысты аяқтаған соң Ленинград мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетіне оқуға түсті.

Ал осы мамандықты қалай таңдағаны туралы біздерге кейін өзінің айтып берген әңгімесіне қарағанда, оған себеп болған —  қазақстандық шығыстану саласының майталманы, әйгілі арабист-ғалым Әбсаттар қажы Дербісалы ұстазымыздың Асекеңнің әкесі Ахмет ағамызға жазған бір құттықтау хаты болыпты. Араб әріптерімен әдемі безендірілген әлгі бір парақ «открытка» оқушы Асқардың ерекше қызығушылығын туғызып, ақыры талапты жастың Нева жағалауынан бір-ақ шығуына түрткі болған екен. Осынау шағын оқиғадан басталған Асқар Ахметұлының білім, еңбек жолы кейіннен мемлекеттік, халықаралық ауқымға ұласқан үлкен сапарға ұласты.  Ресейлік университетті тәмамдаған түлек сол кездегі кеңестік тәжірибеде кеңінен тараған тәсіл бойынша әскери аудармашы ретінде Ливияға жіберілді. Расында бұл шет тілін меңгеруге пайдасы зор, әрі халықаралық жағдайдан жақсы хабардар болуға септігі мол қолайлы мүмкіндік еді. Осындай үш жылдық үлкен мектептен өткен Асқар 1987 жылы елге оралып, сол кездегі Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігіне қызметке оралды. Біздің алғашқы кездесуіміз де осы жылдарға тура келгені есімде. 

Ол кезде ҚазМУ-де ұстазымыз Әбсаттар Дербісалының ұйытқы болуымен Алматымен бауырлас Марокконың Мекнес қаласынан келген қомақты делегациямен арнайы кездесу өткізілді. Асқар Ахметұлы ол уақыттағы Қазақстанда шетелдік делегацияны қабылдау тәжірибесі сирек жағдайда мағриптік қонақтардың келуі мен алып жүруге жауапты, әрі аудармашы ретінде бекітіліп, делегация басшыларының сөзі мен студенттердің сұрағын екі тілге мүдірместен алма-кезек аударып тұрған еді. Кейіннен осы екі қала арасындағы бауырластық байланыстың арқасында ҚазМУден шетелге аттанған ең алғашқы студенттік топтың құрамында, бүгінде лауазымды дипломат мамандар Ержан Мұқаш, Расул Жұмалы, Едіге Мағауин сынды талантты азаматтармен бірге Марокконың Мекнес қаласында бір жылдық араб тілі мен тарихы, мәдениеті курстарында оқуымыздың сәті түскен еді.

Осылайша білім бағытында түйіскен жолымыз Асқар Ахметұлымен біздерді кейіннен еліміз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап ендігі отандық дербес сыртқы саясат, жас дипломатиямыздың қанатын қатайтып, топшысын бекітудің қиын да ұзақ жолында қайта түйістірді.  Мінеки, 1993 жылдың жазында 32 жастағы Асқар Мусинов ҚР СІМ Консулдық басқармасының жетекшісі қызметіне келіп, жас еліміздің консулдық саладағы бастапқы қадамдары, шет мемлекеттермен барыс-келіс келісімдердің жасалуы, алғашқы консулдық мекемелерінің ашылуы сынды ендігі тарихқа айналған іргелі істердің қолға алынған кезі еді. Бүгіндегі мүйіздері қарағайдай тарлан консулдардың тағлымды жолы басталған сол бір айрықша кезеңнің ұмытуға жатпайтын басты ерекшелігі — ең алғашқы отандық төлтума құжаттардың, атап айтқанда, алғашқы конвенциялардың, заңдар мен  нұсқаулықтардың жасалуы еді. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық тиісті лауазым иелерінің қолында жүрген ҚР Дипломатиялық, Қызметтік паспорттарының, виза бланкілерінің, мөртаңбалардың түпнұсқасы да сол кезеңде әзірленді. Консулдық басқарма басшысы Асқар Ахметұлының үйлестіруі және белгілі дипломат, Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы, ұлтжанды азамат Ырысқали Дәуренбектің жетекшілігімен, сондай-ақ осы жолдар авторының қатысуымен құрылған арнайы топ қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз еіміздің қазақ және ағылшын тіліндегі тұңғыш паспорттарының үлгісін әзірлеп, табанды жүргізілген үлкен жұмыстың нәтижесінде көп ұзамай Германияның Мюнхен қаласындағы «Giesecke&Devrient GmbH» компаниясының Алматыға жеткізілген жабдықтарында рәсімделе бастады.

 Осылайша 90-шы жылдардың басында Алматының түндері ұйқысын ұрлаған жап-жас студент қыз-жігіттері ендігі дербес мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің білдей қызметкерлері ретінде бірінен кейін бірі жүректері алып-ұшып алыс елдерге аттана бастады. Көп ұзамай ондай кезек бізге де жетіп, тым шалғайға емес, содан болса керек, ұшаққа да отырмай-ақ, қордайлық әріптес бауырым Тауболдының сары БМВсымен Алатау баурайындағы қырғыз еліне жол жүрдік. Сөйтсек, ондағы әйгілі елші ағамыз әйелді ғана емес, қызметкерлерді де «сынақ мерзімімен» алады екен. Мұны естіген Асқар Ахметұлы Бішкекке арнайы келіп, елшілікке жіберілген кандидаттың білікті консул ғана емес, Ақтамберді жыраудан тартып бүкіл қазақ поэзиясын, соның ішінде ақын-елшінің «Жігерлендіру» поэмасын жатқа білетінін айтып жүріп әрең көндіргенін айтып күлгені бар еді. Иә, Алматының тумасы, Ленинградтың түлегі, орыс тілді ортада өскеніне қарамастан, марқұм Асекеңнің бізге келгенде өмірбақи ана тілінде сөйлегенін, демек лауазым мен жас алшақтығына қарамастан, зиялылық танытқан үлкен құрметін аңғарушы едім. Мінеки, министрліктің басқарма басшысы ол уақытта өзі де жас бола тұра әлгіндей атағы дүркіреген адуынды жандармен тіл табыса біліп, қоластындағы қызметкерлерін қолдаудың бірегей үлгісін көрсете білді. Дәл осы сапары барысында жақында Бішкекте дүниеге келген ұлымыздың анасына Асекеңнің жары Жанар жеңгеміз бір сөмке қалжасын ала келгені ешқашан ұмытылмақ емес. Сол бір шуақты сәттерде, жалынды жылдарда енді бір кезде Асқар Ахметұлы жайында естелік жазамыз дегенді қалай ойларсың.

Егемендіктің еңсесін тіктеп, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған халықаралық қоғамдастықтың іргелі мүшесі ретінде байтақ еліміздің жаһан жұртына мойындалуы үдесінде Сыртқы саясат ведомствосының тырнақ алды күндерінен тартып іскерлік қабілет-біліктілігімен білек сыбана кіріскен алғашқы буынның қатарында Асқар Ахметұлы Мусинов кейінгі онжылдықтарда ҚР Президент протоколының басшысынан тарта көптеген жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды, әсіресе еліміздің араб-мұсылман әлемімен ынтымақтастығына орасан үлес қосты, олардың барлығы министрлік ұжымының көз алдында өтті. Әрине, кейбір сәттерде   көпшілік үшін дипломат болу – шыттай киініп, жарқыраған сарайларда тәтті сусындар ішіп, түсініксіз әңгімелер айтудай көрінуі де ықтимал. Десек те, мұның ар жағында қыруар жұмыс, ұйқысыз күндер, жұқарған жүйке, ұзақ сапарлар, отбасылық жайттар бірге тұратыны да мәлім. Соның ішінде ұдайы климат ауыстыру тәрізді табиғи ерекшеліктер де жатпақ. Мұның барлығы, айналып келгенде, адам ағзасына, жүйкесіне, жалпы денсаулығына елеулі әсер етерлігі күмәнсыз. Оның өкінішті салдарларына қайрансыз куә болатынымыз да сирек емес. Олай болса, дипломатиялық майданда жүрген азаматтардың да маңдайына бұйырған миссиясын «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» деуге келмес. Соған қарамастан, ондаған жылдар бойында елге оралуға мүмкіндігі болмай, бір елден екінші, одан үшінші, тіпті әртүрлі құрылықтарға көз жұмып аттанып кете беретін әріптестеріміз де аз емес. Әрине ұзақ-ұзақ мерзім ел-жұрттан, туған жердің табиғатынан амалсыз жырақтап қалатын олардың да ертеңі баршамызды алаңдататыны түсінікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналуы тиістігін, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясының аса қажеттігі, себебі егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш» екендігін мәлімдеген еді. Мінеки, білімі мен біліктілігін, күш-қайратын мемлекеттілігімізді халықаралық сала, сыртқы саясат бағытында одан әрі нығайтудың барынша ауқымды мүддесіне аянбай жұмсаған қайраткер, үзеңгілес әріптесіміз Асқар Ахметұлы Мусиновтай үлкен азамат туралы қимастықпен бақылдасу орайындағы естелігімізбен бөлісе отырып, қасиетті жұмада баршамыздың өзара жауапкершілік пен тілектестік ниетіміз бір арнада тоғысқан жағдайда, ұлыстың алмайтын қамалы, еңсермейтін биіктігі болмайтындығы сенімімізді арттырып, жігерімізді қайрайды.

Мұхтар КӘРІБАЙ/шығыстанушы дипломат, жазушы

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Российско-Западная энергетическая война. Часть II.

Конфликт России и Запада продолжается, в том числе и в энергетической сфере.  В прошлом году я дал развернутый анализ стадии энергетической «войны» на том этапе: Российско-Западная энергетическая война...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока