KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

ЙЕМЕННІҢ СОКОТРА АРАЛЫ — ДАУДЫҢ КӨЗІ

ЙЕМЕННІҢ СОКОТРА АРАЛЫ — ДАУДЫҢ КӨЗІ

11.10.2022

Сокотра Йеменнің жағалауынан 350 шақырым жерде Үнді мұхитында, әлемдік кеме жолдарында орналасқан стратегиялық маңызы бар 4 арал және екі жартастан тұратын архипелаг. Бұл аралды 1506 жылы португалдар басып алса, 1839 жылдан Ұлыбритания иелігінде болды. 1990 жылғы дейін Совет одағының теңіз базасы орналасты. АҚШ теңіз қарақшыларына қарсы күрес базасы ретінде пайдалануға, кейін Гуантанамо абақтысын архипелагтың аралдарының біріне көшіруге сұрағанымен 2010 жылы Йемен үкіметі бұл ұсыныстан бас тартқан.

Сокотра аралы — әлемдегі ең әдемі арал десе болады. Таңғажайып және ерекше флора мен фаунасының арқасында арал ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Аралдың табиғаты құнды тарихи мұра ретінде БҰҰ-ның халықаралық конвенцияларымен қорғалады.Ұзақ мерзімді биологиялық изоляция және өзіндік ауа-райының әсерінен аралда ерекше өсімдік және хайуанаттар әлемі қалыптасқан. Йемендіктер аралды «Арабияның інжу-маржаны» деп атайды. Оның үстіне, Сокотра туризмнен жақсы табыс әкеледі. Тұрғындарының саны 40 мыңға жуық. Бұл жағдай 2015 жылы Йеменде соғыс басталғанға дейін және аралды БАӘ күштері басып алғанға дейін болған. Бүгінгі таңда Сокотрадағы туристік ағын, ең алдымен, тұрақсыз жағдайға және Әмірліктердің аралды әскермен басып алуы салдарынан біршама төмендеді.

Осы орайда, Йемен үкіметі бұқаралық-ақпарат құралдарының беттерінде қызу талқыланып жатқан Йеменнің аталған аралдарды Әмірліктерге ұзақмерзімді жалға беру хабарын кезінде ресми билік теріске шығарған болатын. Олардың айтуы бойынша бұл хабар Йемендегі билікке қарсы қарулы қарсылық көрсетіп жатқан хоуситтердің таратқан жалған ақпараты еді.

Алайда, бұқаралық-ақпарат құралдарының хабарлауы бойынша, 2010 жылдан бастап осы аралдарға БАӘ-нің қызығушылығы артқан. БАӘ президентінің кеңесшісі шейх Султан бен Халифа аралға бірнеше рет келген. Әмірліктер жергілікті қоғамдық өкілдерді түрлі граанттар беру арқылы өз жағына тартумен айналысқан. Соңғы жылдары әмірліктер жергілікті тұрғындармен некеге тұруы көбейген. Сонымен қатар, БАӘ білім беру, денсаулық сақтау және ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған бірнеше жобаларды жүзеге асырған. БАӘ-нің шейх Халифа атындағы қайырымдылық қоры және Қызыл ай қоғамы осы аралда дамыту жобаларын жасау бойынша зерттеулер жүргізгендігі белгілі болатын Жетім балаларға және кірісі төмен отбасыларға ай сайын қаржылай көмек бере бастаған. БАӘ-мен қатар Кувейттің қайырымдылық қорлары белсенділік көрсетуде және кувейттік компания осы аралда жалпы құны 500 млн АҚШ долларын құрайтын теңіз портын салуға дайындығын білдірген, алайда бұл жоба сол жоба күйінде қалған.

Кейбір араб сарапшылары БАӘ мен Йемен арасындағы Сокотра аралы бойынша уағдаластық БАӘ-нің Йемендегі Сауд Арабиясы бастаған коалицияға қосылуының бағасы болып табылады деп санайды.

2016 жылы араб тілінде хабар тарататын «әл-Майадин» спутниктік телеканалы Біріккен Араб Әмірліктерінің Йеменнің Сокотра аралын 99 жылға алуға келісім қол қою жоспарын іске асыру алдында тұрғандығын хабарлады. Аталған аралда экономикалық, инвестициялық, туристік және теңіз коммуникациясы жобалары жүзеге асырылмақ деп аталып өтілді.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген бұл мағлұматтар түбінде рас болып шықты. 2018 жылдың 10 мамырында Әмірліктердің бірнеше әскери көлік ұшақтары Араб теңізіндегі Сокотра аралындағы Хадибо әуежайына қонды. Ұшақтарда мұздай қаруланған бірнеше жүз әскери, сонымен қатар артиллерия, бронетранспортерлер және армия жүк көліктері болды. Олар қала көшелеріне орналастырылып, содан кейін қаладан тыс жерде орналасқан БАӘ әскери базасына жіберілді. Біріккен Араб Әмірліктерінің туы қала әкімшілігінің үстінде бір апта бойы ілулі тұрды.

Мұндай әскери жүк аралға талай рет әкелінді. Әмірліктер әскері бұл жерге алғаш рет 2016 жылы Йемен билігінің рұқсатымен, ол елде соғыс басталған кезде келді. Содан бері Әмірліктер Сокотраны жүйелі түрде бірте-бірте бақылауға алды, ал қазір оны іс жүзінде басып алды. Мұнда Абу-Дабидің позициясын нығайтатын үлкен әскери-теңіз бекінісінің құрылысын бастады.

Соңғы жылдар ішінде Қызыл теңіз және Аден шығанағы аймағында әскери шоғырлану байқалып отыр. Оны бұл аймақта көптеген мемлекеттер өздерінің әскери-теңіз күштеріне базалар салуынан көреміз. Африканың кішігірім Джибути елінде Франция, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Жапония және Сауд Арабиясының алты әскери базасы бар. Кейбір мәліметтер бойынша, мұнда неміс және эмираттық базалар салынады. Сондықтан Джибути әлемдегі шетелдік ең күшті базалар орналасқан елдердің бірі болып табылады.

Қызыл теңіз жағалауындағы Джибутиден басқа елдерде де қару-жарақты шоғырландыру байқалады. Америка Құрама Штаттары мен Судан күтпеген жерде қатынастарын қалыпқа келтіре бастады. Вашингтон Суданға қатысты санкциялардың бір бөлігін алып тастады. Ал Хартум оған жауап ретінде саяси тұтқындардың көп бөлігін босатты. Дей тұрғанмен, Судан президенті Омар Әл-Баширге әлі күнге дейін Халықаралық қылмыстық соттан әскери қылмысқер және елдегі азаматтық соғыс кезінде адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алудың халықаралық санкциясы бар.

Суданға сонымен қатар Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы және Египет секілді бірнеше басқа елдер қызығушылық танытып отыр. Судан мен Біріккен Араб Әмірліктері алғашқы бірлескен әскери жаттығулар өткізді. Әмірліктер Судан аумағында Қызыл теңіз жағалауында әскери база салуға мүдделі. Сонымен бірге, Түркия араб бәсекелестерінен озып, Хартуммен Суакин аралында әскери база салу және бүкіл аралды  99 жылға жалға алу туралы келісімге қол қойды. Бұл уағдаластық артта қалғысы келмейтін саудиялықтарды, әмірліктер мен ирандықтарды алаңдатуда. Ресейің де ол жерде база салу жоспары бар. Судан басшылығымен келіссөздер барысында Мәскеу Порт-Суданда өз базасын салуға рұқсат алды.

Біріккен Араб Әмірліктері бұл жарыста артта қалмай келеді. Олардың Қызыл теңіз жағалауында және Аден шығанағында бірнеше әскери базалары бар. Йеменнен 99 жылға жалға алған Сокотра аралынан басқа, БАӘ көрші  орналасқан Перим және Абд аль-Кури аралдарын бақылауда ұстап отыр,

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сомалидегі Бербер портында әскери  базасы бар, өзін Сомалилэнд деп жариялаған аймақ, сонымен қатар Судан мен Эритреямен Қызыл теңіз жағасында тағы бір әскери база құру туралы келіссөздер жүргізуде.

БАӘ үшін аймақта өзінің әскери қатысуын күшейту — олардың аймақтағы ықпалын күшейтуге, Иранды тежеуге, өзінің геоэкономикалық жобаларын жүзеге асыруға және әлемнің көптеген мұнай танкерлері өтетін және алдын-ала мәліметтер бойынша үлкен бөлінбеген мұнай қорлары болуы мүмкін Аден шығанағына бақылау орнатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде Йемен жағалауындағы Сокотра аралында 10 мыңға жуық әмірлік сарбаздар мен жалдамалылар бар.  Сокотра аралы — Аден шығанағы мен Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы Парсы шығанағынан Еуропаға өтетін мұнай теңіз жолдарын бақылаудың кілті. Адендегі, Сомали мен Эритреядағы әскери базалары БАӘ-нің Қызыл теңіз аймағының ықпалды ойыншысы ретіндегі геостратегиялық маңызын көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар «Жаңа Жібек жолы» жаһандық көлік желісінің бір бөлігін салуды жоспарлап отырған Қытай үшін Әмірліктердің маңыздылығын арттырады. Жобаға қатысу және ҚХР-дың стратегиялық серіктесі атағына ие болу құқығы үшін аймақтың барлық елдері, әсіресе БАӘ және Сауд Арабиясы күресуде.

Әмірліктер Сокотра аралын әскери бекініске айналдырған кезде, олардың бәсекелестері аймақтың басқа бұрыштарында да солай жасай бастады. Түркия — Суакин аралында. Сауд Арабиясы — Мысырдың Тиран және Санафир аралдарында, Ресей — Порт-Суданда, АҚШ, Франция, Германия және Ұлыбритания — Джибути, Судан және Эфиопияда әрекет етуде.

Әмірліктер стратегиялық маңызды географиялық нүктелерді бақылауды жүзеге асыруға кірісті. Бұл оларға мұнай тасымал жолдарына мүмкіндігінше жақын болуға, сондай-ақ Қызыл теңізде қарулы қақтығыс туындаған жағдайда әскери жағынан дайын болуға мүмкіндік береді. Бұл істе Әмірліктердің табысты болуына Йеменнің оңтүстігіндегі сүнниттік одақтастарымен арасындағы әскери-саяси келісімдері де әсер ететін болады.

 

 

 

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока