KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Сирия және жаһандық саясат

11.10.2016

Жуырда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 71-ші сессиясында мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлері бас қосып, дүниеде болып жатқан оқиғалар мен көкейкесті мәселелерді талқылап, оларды шешуге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салған-ды. Әрине, солардың ішіндегі ең бастысы, Сириядағы шиеленісті реттеу мен соғысты тоқтатуға ерекше көңіл бөлінді.

Бас Ассамблеяның отырысында және өзара оңаша сұхбат кезінде Дамаск айналасындағы ахуалды қызу талқылау бір сәтке толастаған жоқ. Сондай кездесулердің бірінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің сириялық әріптесі Уалид Әл-Муалеммен жүздесіп, аймақтағы жалпы ахуал, екіжақты байланыстар барысы және оларды ынталандыру тетіктері жөнінде кеңінен пікір алысты.

Кездесу кезінде болған әңгімеде екі жақ лаңкестікке қарсы бірлескен іс-шаралар атқару қажеттігін бірауыздан алға тартты. Қазақстан мен Сирия арасында лаңкестіктің таралуының алдын алу жөнінде жүйелі үйлестіру шараларын атқару керектігі ерекше аталды. Сирия сыртқы саясат ведомствосы басшысының қазақстандық әріптесімен кездесуіне министрмен бірге Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафари, министрдің орынбасары Фейсал әл-Миқдат және министрдің саяси кеңесшісі Ахмад Арнус қатысты. Аталған ресми адамдар қазіргі Сирия дипломатиясында ерекше рөл атқаратын тұлғалар болып табылады.

Әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан Сирияда дағдарыс басталған сәттен бастап, бұл күрделі мәселені тек бейбіт жолмен шешудің қажеттігіне басымдық беріп келеді. Астана соғысты тоқтату жөнінде мәлімдемелер жасап, Сирия оппозициясының бейбіт келіссөздерін өткізуге елордада мүмкіндік берді. Қазақстанның ұстанымы халықаралық деңгейде мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы оңтайлы шарасы деп бағаланды.

Ал қазіргі уақытта Сирияда болып жатқан оқиғаларға тоқталатын болсақ, олар түрлі аспектілерді және көптеген ойыншыларды қамтитындығын байқаймыз. Елдегі ұзаққа созылған қақтығыс Дамаск жаһандық саясаттың құрбанына айналғанын көрсетеді.

Бүгінде Сириядағы қақтығысқа тікелей қатысушыларды үш топқа бөліп қарастыруға болады. Ресми билік жағындағылар – Ресей мен Иран. Екіншісі – әртүрлі мақсаттарды көздейтін шииттік әскери ұйымдар, палестиналық жасақтар, зайырлы Сирия еркін армиясы, Ислам мемлекеті террористік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) және көптеген исламистік, сүниттік дербес қарулы топтар мен құрамалар. «Джайш әл-Фатх» («Жаулап алушылар армиясы»), «Джабхат Ан-Нусра» («Жеңіс майданы»), «Джайш әл-Мухаджирин» («Мухаджирлер армиясы»), «Ахрар Аш-Шам» («Шамды азат етушілер») – солардың ішіндегі ең ірілері. Үшінші жақта – Дамаскідегі ресми билікке, сонымен бірге, исламшылдар тарапына да қарсымыз деп жариялаған АҚШ, Англия, Франция, Австралия, Германия, Дания, Канада, Нидерланд, Иордания, Сауд Арабиясы, Катар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркия. Басым бөлігінің әскери ұшақтары ғана емес, құрлық әскерлері де белсенді әскери операцияларға араласуда.

Бұл орайда, ең ірі күштердің бірі күрдтердің Сириядағы жағдайға үлкен ықпал ететіндігін және болашақта күрд мәселесінің маңыздылығы арта түсетіндігін ескерген жөн. Аймақта жаңа Күрд мемлекетінің пайда болу үдерісі жүріп жатқандығын да аңғаруға болады. Жуырда ғана Түркия Сирияның солтүстігіне кіріп, исламшылдар мен күрдтерге қарсы әскери қимылдарын бастап кетті.

Жалпы, байқап қарасақ, әзірге қай тараптың болсын әскери әрекеттерінен түбегейлі өзгерістің жоқ екендігін аңғарамыз. Сирия ресми ақпарат көздері күнара үкімет әскерлерінің майдан шебіндегі жеңістері мен алға жылжулары туралы хабарлайды. Сириялық оппозиция мен исламшылдар ақпараттары керісінше – өз жетістіктері туралы айтады. АҚШ пен Батыс, Ресей мен Иран Сириядағы жағдайды өз ыңғайына орай таратады. Осындай ақпараттық тасқында шындықты айыру оңайға соқпайды. ХХІ ғасырдағы ақпараттық соғыс дегеніміз де осы. Дегенмен, жіті бақылаушыға жағдайдың қандай сарында дамып жатқандығын аңғару көп қиындық туғызбаса керек.

Башар Асад басқарған Сирия Ресей мен Иранның көмегімен ыдыраудан аман қалғанымен, оның айналасындағы жағдай әлі де болса күрделі. АҚШ пен Батыс мемлекеттерінің қысымы бәсеңдемей отыр. Келіссөздер тізбегі нәтижесіз. Уақытша оқ атуды тоқтату туралы келісімді ешбір жақ сақтамай, біріне бірі кінә тағу белең алған.

Жағдайдың шешілместей күйге түсуінің бірден-бір себебі, мүдделі тараптардың, яғни державалардың көп бағытты саясаты, сондай-ақ, олардың астыртын мақсаттарды көздеуі, саяси әріптестер қатарында сенімнің мүлдем жоқтығы. Одақтастардың арасында жиі қайшылықтар туындап, әр ойыншы дербес саясат ұстанып, тек өзінің мүддесін жүзеге асыруға ұмтылып отыр. Бұл жайт шиеленістің ұзаққа созылуының басты себебі. Аймақ елдерінде және үлкен державаларда бірізді нақты мақсат болғанда, Сириядағы соғыс өрті әлдеқашан тоқтатылған болар еді. Өкінішке қарай, қазіргі келіссөздер барысы мен тараптардың ұстанымдары Сирия дағдарысын күрделендіре түсуде. Ирак, Сирия, Түркияның оңтүстігі, Иран шекарасындағы жағдай біртіндеп тұрақтылығын жоғалтып, соғыс аумағы кеңейіп барады.

Қазіргі уақытта Сирия аумағында және оның шекаралары маңында орасан әскери күштер шоғырланған. Жерорта теңізінде Сирия жағалауына жақын аймақта түрлі мемлекеттерге тиесілі жүзден астам әскери кеме кезекшілікте тұр. Сирия аспаны әскери коалициялардың ұшу аймақтарына бөлінген және бақылауына алынған. Бұл күш іс-қимылға ұласып, жаппай соғыс өрті тұтанатын болса, тұтастай аймақ терең дағдарысқа ұшырап, оның әсері кеңге таралуы әбден ықтимал.

Ең сорақысы – үлкен саясат пен жеке адамдардың менмендігінен қарапайым халықтың жағдайы ауырлағаны алаңдатады. Сирия экономикасы құлдырауда, ауыл шаруашылығы күйзелісте, барша халықтың әлеуметтік деңгейі төмендеген. Қарақшылық, жемқорлық белең алған. Үкімет бұл құбылыстармен мүмкіндігінше күресуге тырысқанымен, шамасы жетпей отыр. Ел экономикасы тек сыртқы көмектің арқасында ғана өміршеңдігін сақтап келеді…

Кейбір сарапшылар жағдайды Сирия басшысы Башар Асад президенттіктен кеткеннен кейін біржақты болады деп есептейді. Алайда, Сирия басшысының заңды сайланған президент ретінде ондай ойы жоқ. Осы жерде айта кетсек, сириялықтар – өте ерекше халық. Басқа арабтардан болмыстары өзгеше және өмірге бейімделу қасиеттері жақсы дамыған. Тарихи кезеңдерге үңіліп өтсек, Шам жерін қыруар жаулап алушы аяққа таптаған. Көптеген империялар мүдделері осында түйіскен. Егемендікке дейін Францияның отары болған сириялықтардың қанында бейімделу қасиеті жақсы сақталған. Олар бірінші кезекте саудагер және мәмілегер.

Соғыс кезеңінде Сирияда шектен шығатын аштық оқиғалары орын алған емес. Дамаск базарлары азыққа әрдайым толы, көкөніс тиын тұрады. Исламшылдар мен үкімет, әртүрлі әскери құрамалар оп-оңай бітімге келіп, қажеттіліктерін бір-бірінен алып, саудаларын жасасып, қайта соғысуды «арабша соғысу» дейді. АҚШ-тың әскери көмегінің тиісті жеріне жетпей, қолды болып сатылуы да сириялықтардың осы бір «дәстүрінен». Соғыстың ұзаққа созылуы да осыдан. Сөз өте көп, іс болса аз және ең басты қасиеттері, баяулығы мен нақтылықтың жоқтығы.

Ливандағы және Иорданиядағы сириялық босқындар лагерьлеріне түскен сириялықтар әп-сәтте лагерьдің өзін бөлек бір базарға айналдырып жіберген. Мұнда дүкендер, шеберханалар, асханалар, жиһаздар сататын дүңгіршектер бар. Тіпті, алтын сататын дүкендер мен электронды техниканың соңғы түрлерін сатып ала аласыз. Сириялық кез келген жұмыстан аянбайды және отандарына деген қатынасы ерекше. Әрбір сириялық дініне, ұлтына, саяси ұстанымына қарамастан, елдерінің қырғыннан тезірек арылғанын қалайды және отандарының ыдырауына түбегейлі қарсы. Сол бағытта күрестерін жалғастыруға дайын.

Осы орайда Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафари Сирия бойынша өткен соңғы төтенше басқосуда, өз елінің терроризмге қарсы күресін жалғастыратынын және басқа елдердің Сирия халқының трагедиясын өздерінің шексіз амбициялары мақсатында пайдалануын доғаруы керектігін баса айтты.

Әл-Джафари Сирия үкіметінің конституциясына сәйкес, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларына сай өз жерлерінің ұлтарақтай бөлігінен бас тартпайтындығын мәлімдеді. Кейбір елдердің Сириядағы гуманитарлық дағдарысты қоздырып отырғандығын қатаң сынға алды.

Қысқасы, Сирия барлық адамзат үшін үлкен сабақ болуда, содан дұрыс сабақ алғанымыз жөн.

ScottSmult
19.01.2017 в 21:36 - Ответить

Спасибо за публикацию, очень правильно все написано!

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

«Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Афганистан, переживший монархию, «демократические» модели и различные политические режимы, в современных реалиях находится во «временном люфте» – отрезке истории, который создал шанс для завершения исторической...

Мнение «Kazanalytics» об аналитической статье «Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Экспертное сообщество казахстанского аналитический портала «Kazanalytics» обратили внимание на материал опубликованный «Центром анализа и прогнозирования Открытый мир» под заголовком «Роль Афганистана в сценариях...

О некоторых аспектах участия стран ЦАР в инициативе «Цифровой шелковый путь»

Инициатива «Один пояс, один путь» (ОПОП) – масштабная и амбициозная стратегия, предложенная Председателем КНР Си Цзиньпином в 2013 году. Эта инициатива направлена на укрепление экономической интеграции и...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока