KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Сирия оқиғасы, немесе «Қазақ дипломатының хикаялары» — кітабынан үзінді

Сирия оқиғасы, немесе «Қазақ дипломатының хикаялары» — кітабынан үзінді

02.04.2017

Бұл оқиға Сирияда болған еді. Ол кезде мен Қазақстанның Сириядағы Консулы қызметіндемін. Сириядағы соғысқа байланысты консулдық Амман қаласына көшіріліп, тиісті жұмысымды Иорданиядан жүргізіп отырдым. Дамаскіге қазақстандық азаматтардың мәселелерін реттестіру үшін шығып тұратынмын. Осындай бір сапарларымның бірі есімде ерекше сақталып қалды.

Айта кетерлік, 2012 жылдың күзінде алғашқы мәрте Дамаскіге келген кезімде қалада дүркін жарылыстар болып, Қорғаныс министрлігі қиратылды, соғыс өрті өршеленіп жатты. Сол бір сәтте қонақ үйде, қатты ұйқыда болатынмын. Таңғы бестер шамасында қатты гүрсілден атып тұрып, абдырап қалдым. Терезе әйнектері шытынап кетті. Қонақ үйдегілер шулап, қонақтар не істерін білмей отырды. Көшеде атыс естілді. Осылайша Сириядағы ахуалмен өзім өзгеше жағдайда таныстым. Кейінірек бұған да үйрендім, жұмыс басталып кетті. Отан жіберген соң істеу керек.

Бұдан былайғы сапарлар сол кездегі Иорданиядағы Қазақстанның Елшісі Болат Серғазыұлымен бірге жасалып келді. Мені жалғыз жіберуден ол тартынатын. «Бабур сен менімен барасың, мен барсам сирия тарапы мен елші болғандықтан жақсы күзет береді, қауіпсіздік жағдайы да дұрыс болады»-дейтін ол кісі. «Мен сен үшін, сенің отбасыңның алдында жауаптымын»-деген сөздері әлі есімде. Осындай елшілерге алғысым шексіз, нағыз адами әрекеттерімен есте қалған тұлға. Кейін ол кісі жұмыс орнын ауыстырған соң өзім қатынауға көштім. Қорқынышты әрине, бірақ амал не, істеу керек жұмысты.

Осылайша 2014 жылдың төртінші желтоқсанында Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің және Қазақстан Бас прокуратурасының тапсырмаларын орындау мақсатында шұғыл Дамаскіге жол жүріп кеттім. Әдетте Сирияға Ливан арқылы қатынайтынбыз. Ұшақпен Бейрутқа жетіп, ар жағынан көлікпен, арабтар — жер жаннаты дейтін Дамаскіге келетінбіз. Себебі Иорданиядан жету мүмкін емес. Әуе қатынасы Иорданиямен үзілген, шекара жабылып, екі елдің арасында суық қатынастар орнаған.

Тапсырма — Сирияда болу ережелерін бұзғаны үшін бірнеше жылға жуық уақыт бойы қамауда отырып келген қазақстандық азаматты отанына қайтару.

Дамаскіде болу барысында, Сирия Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және құжаттандыру департаментінің бірқатар лауазымды тұлғаларымен кездесіп, қайтаруға қатысты мәселелермен айналыстым.

Қысқаша баяндайтын болсам, қазақстандық азаматқа сириялық құқық қорғау және лаңкестікпен күрес жүргізетін мүдделі органдар тиісті тергеу жүргізіп, оған тағылатын қандай да болсын айыптың жоқ екендігін хабарлаған. Енді оған қайтуға рұқсат берді.

Тарихын айтып кетсек, ол Сирияға Түркиядан заңсыз кіріп, Хомс маңында ұсталғаннан кейін Адра қаласында орналасқан арнайы түрмеде қамалып, бірнеше ай арнайы тексерістен өткізілген соң Дамаскіге көшірілген. Қамауда болу барысында өзін тәртіпті деп танытқан. Оған қатысты түрме қызметкерлері тарапынан жәбір көрсетілмеген. Онымен ұйымдастырылған жүздесу кезінде ол өзі туралы қысқаша баяндап берді. Туған жері Алматы облысы. Кішкентай кезінен жетім өскен. Туған-туыстары, таныстары мен достары мүлдем жоқ. Қой бағып, әртүрлі қара жұмыс атқарған. Кейінірек ислам дініне қызығып, Сауд Арабиясына қажылыққа бармақ болған. Қазақстаннан Әзірбайжанға, одан әрі Түркияға сапар шегіп, Сирияның территориясында ұсталған. Шекаралардың барлығын құжатсыз, ақшасыз кесіп өткен. Түрмедегі жағдайымен таныстыра кетіп, жәбірдің болмағандығын және тамақтануы мен түрме қызметкерлерінің оңтайлы қатынасын ерекше атап өтті. Жалпы денсаулығында ақаулары болмағанымен, соңғы уақыттары өкпесі ауырған екен. Айта кетерлік жайт, әңгіме барысында қазақстандық азаматтың психикалық жағдайының күмәнді екендігі бірден байқалды. Берген мәліметтері бір-біріне сәйкес келмеді. Бұлыңғыр және түсініксіз. Ақпараттары шатасыңқы, нақты емес. Эмоционалды көңіл-күйі, оның күтпеген әрекеттерге итермелеуі мүмкін деген ой тудыртты. Әлде әдейі солай болып көрінгісі келді ме, оны мен біле алмадым.

Эвакуациялау, немесе алып шығу операциясы Дамаск-Дубай-Алматы бағыты бойынша жасалды. Азаматымызға Алматыға дейін әуе билеттері алынды. Билеттерді брондауда Құрметті консулдық жәрдемдесті. Себебі сол кезде, қазір де солай шығар Дамаскіден сыртқа ұшу мәселесі күрделеніп кеткен. Бірқатар араб мемлекеттері сириямен әуе байланысын үзген. Ең ыңғайлы маршрут Дамаск-Дубай болды. Сирия әуекомпаниясының ұшақтары Дубайға аптасына бір мәрте ұшатын.

Таңғы алтыларда Дамаскіні тұман басып тұрды. Зуытқыған көліктеріміз әуежайға бет алды. Жолдың бойы қиранды үйлер, траншеялар мен танктер орналасқан бекеттер. Алыста атыстың дыбысы айқын естілуде. Жуырда ғана осы жерде қақтығыстар болған деді жүргізуші. Әуежай болса қамал тәрізді. Аспанда бірнеше әскери тікұшақ ерсілі-қарсылы ұшып жүр. Құжынаған әскерилер мен елден қайтуға асыққан адамдар.

Таңғы 08.00-де Сирия Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және құжаттандыру департаменті қызметкерлері қазақстандық азаматты Дамаск әуежайына күзетпен жеткізіп, тиісті рәсімдемелерді өткізіп, 11.00-де Дубайға дейін қатынайтын ұшаққа отырғызды.

Әлі есімде ұшқан сәтіміз. Ұшақ терезесінен әуежайда жүрген әскерилер мен түрлі әскери техниканың қимылы үрейді күшейте түсті. Арабтар ақырындап құран сұрелерін оқи бастады. Өйткені әуежай төңірегі әлі де болса қақтығыс алаңы. Әскери ұшақтар самғап көтеріліп, жатса басқалары қону сәтінде. Ұшақ көтерілді, мен де білген сүрелерімді кезектеп оқи жөнелдім. Ұшақ ішіндегі әңгіме сап тиылды. Енді тезірек Сирия аумағынан кетсек екен деген ой болды. Сол бір сәттерде миға не келмеді десеңші.

Сол күні Дубайда Қазақстан Консулы мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақстандық Елшіліктің және Дубайдағы Консулдықтың дипломаттары мен жергілікті қауіпсіздік қызметкерлері қарсы алып, оны Алматыға ұшатын рейске дейін арнайы  жерде ұстап, келесі күні, менімен бірге таңертең шығарып салды.

Алматы әуежайында, ұшақтан түскен сәттен оны тиісті құжаттарымен бірге қазақстандық шекарашылар мен қауіпсіздік комитеті қызметкерлері қарсы алды.        Бұдан әрі онымен не болғанын білмеймін. Оның тағдыры да мен үшін беймәлім. Бәлкім бәрі дұрыс болған шығар.

Ең қызығы Дамаскінің әуежайында орын алды. Азаматымыз күтпеген жерден Қазақстанға қайтпаймын деген дау көтеріп, ұшпау үшін келеңсіз әрекеттерге баруға дайын екендігін эмоционалды түрде білдірді. Тиісті дипломатиялық және психологиялық жұмыс нәтижесінде бұл ниетінен бас тарттырдым-деп хабарлаған едім кейінірек Орталыққа есеп бергенімде. Шындығында онымен еркекше сөйлесуге тура келді. Ол әңгімеде жалыну да, қорқыту да, күштеу де болды. Бұған қоса  ұшаққа алып кірмекші болған бас жуатын шампуннің құтысына тыққан екі пышағын және белгісіз ұнтақты тартып алдым. Оқиға ұшаққа кіреберіс уақытында кенеттен өрбігендіктен, сирия қауіпсіздік қызметкерлеріне және кеденшілеріне бұл жайт туралы хабарлау оның депортациялануына міндетті түрде тоқтау жасар еді. Қалайша тексеру кезінде аталған заттар өтіп кеткендігі түсініксіз. Бірақ тексеру қатаң болды. Жағдайдың ушығып кету қауіпі туындады. Сондықтан, аталған құты мен ұнтақ салынған пакет толығымен сол жердегі қоқыс салынатын жәшіктердің біріне ешкімге көрсетпей лақтырып жіберуге тура келді. Алматыға ұшып бара жатқан кезімізде тамақтану сәтінде қолындағы вилка мен пышақты ұстап отырып – ағасы неге менің пышағымды тартып алдыңыз, ұшақта да пышақ бар екен қажет болса дағы — деп қалжыңдады ол тамақтанып отырып. Қобалжуым мен ашуымды әрең бастым. -«Жетер енді, ондай ойыңды қой, әйтпесе тап осы жерде басыңды жұлып алам»- деген соң қалжыңын бірден тия қойды. Бастысы бәрі сәтті аяқталды.

Уақыт өте осы оқиғаны баяндап отырмын. Әрине болған жайт менің ғана еңбегім емес. Қыруар адамның еңбегі, мемлекеттің еңбегі. Әсіресе Консулдық департаменттің көреген, шебер жұмысы десем қателеспеспін. Барлық бұл шара Консулдық департаменттің директоры Ардақ Мәдиевтің басқаруымен өткендігін атап өту керек. Сол кездегі Дубайдағы Қазақстанның Консулы Арман Исағаливтің, білікті де, тәжірибелі Айгүл Шегір апайымыз, Замир Түсіпбеков сияқты дипломаттардың септігі зор. Бұл оқиға дипломаттардың еңбегі мен ауызбірлігі, ынтымағының бір-ақ көрінісі ғана. Бір сөзбен айтсақ консулдар қағаз-қалам асынған қарусыз жауынгерлер. Сонымен бірге Елшіліктегі арнайы қызмет өкілдерінің жұмысы да көңілге толарлық. Көпшілікке олардың қызметі байқалмағанымен, ел қауіпсіздігі үшін жасап жатқан істері туралы ауыз толтырып айтуға боларлық. Олардың ішінде менде ерекше пікір қалдырған елшілік кеңесшісі Нұрлан Құдайбергенов. Бірақ бұл енді, мүлдем басқа хикая.

(авт. Бабыр Дәуренбек, фотода Елші Б.Сәрсенбаевпен бірге, Дамаск 2013 жыл, Касиюн тауы. )

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока