KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Сыртқы саясат: рухани жаңғырумен үндестік

Сыртқы саясат: рухани жаңғырумен үндестік

07.12.2017

Әлемдік мемлекеттер қауымдастығының алып мұхитында биік те асау толқындарға батыл құлаш ұрған тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің, мінеки, ширек ғасыр бойындағы сыртқы саясаты саласында биылғы 2017 жыл жаһандық көлемдегі батыл әрекеттермен, мұқалмас күш-жігерді және ерен еңбекті талап ететін ауқымды істермен, толайым табыстармен ерекшеленді.

Дүниежүзілік қоғамдастықтың белді де беделді мүшесі ретінде бек танылған Қазақстан қазіргі кезеңде қара қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан қатпары қалың, құпиясы мол халықаралық ахуалды сырттан бақылаушы салғырт көрермен емес, қауырт тірліктің қақ ортасында жүретін белсенді ойыншысына айналды.

Еліміздің сыртқы саясаттағы көпбағыттылық ұстанымына сәйкес, дипломатиялық құралдар арқылы әлемнің ықпалды күштері арасындағы теңдікті сақтай отырып, төл стратегиялық мүдделерімізді ілгерілетудің ілкімді міндетін атқару сәтімен жүзеге асырылды. Мұндай жетістігіміздің түп қайнар көзі осынау дүбірлі дүниеде туған халқының талап-тілегі мен үміт-мұратын әрдайым қапысыз сезіне білетін Президент Н.Назарбаевтың бүгінгіні байыппен бағамдауымен бірге, келешекке ұдайы жіті көз жіберіп отыратын сайыпқыран сұңғылалығының арқасында деп білеміз. Олай болса, әрбір жылдың жемісті сәттерін саралау Отанымыздың Тәуелсіздігі күнімен орайласуы, әлбетте, бүгінде аға буынға айналған жігерлі жастарымыздың лүпілдеген жас жүректері жалындай жарқыраған Желтоқсанмен үндесуі өзіндік заңдылықтай көрінеді.

Шынында, әлем үздіксіз өзгереді, дамиды немесе, бүгінде көрініп отырғандай, терең дағдарыстарға ұшырайды. Алайда кемел келешекке бет түзеген еліміздің мәуелі мақсаты – халықаралық ахуалдың ауанын сергек бақылап, оған дер кезінде бейімделу ғана емес, қайта батыл араласып, ұлттық, елдік мүдделерімізге сай келетіндей бағытқа бұру және басқаруға ұмтылу болып табылады. Нақты істеріміз көрсетіп отырғанындай, бұл біздің қолымыздан келеді.

Сөзіміздің жарқын дәлелдерінің басында Қазақстанның 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануын айтуымыз лазым. ТМД елдері арасынан алғашқы болып (Ресей ҚК тұрақты мүше), аталған жоғары мәртебеге жеткен қазақ елі өз қызметінде дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын орталықазиялық аймақтың өзекті мәселелеріне аударуға, әлемде ядролық қарусыз бейбітшілік орнатуды жақындату сынды адамзаттық ауқымдағы үлкен мұраттарды алдыға қойды. Жауапты қызметіндегі бірінші жылдың алғашқы қорытындылары көзделген міндеттемелердің елеулі ілгерілегендігін аңғартты. Ең бастысы, алдымызда барынша сындарлы сәт – аталған мәртебелі ұйымдағы алдағы жылдың басындағы төрағалық қызметімізді жоғары деңгейде атқарып, әлем мемлекеттері қауымдастығының алдында абыройымызды бекемдей түсу болмақ.

Елордамыз төрінде 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткізілген Халықаралық мамандандырылған «Астана «ЭКСПО-2017» көрмесі байтақ жұртымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген біртұтастығының арқасында табысты жүзеге асырылуы – қазақ елінің жас та болса жаһандық ауқымдағы жасампаз істерді қаймықпай атқара білетіндігін жарқырата көрсетті. Осынау мәртебелі іс-шараға дүниежүзінен 115 елдің, 22 халықаралық ұйымның қатысуына қол жеткізуде отандық сыртқы саясат ведомствосының орталық аппараты мен елден, туған ортадан жырақта әлемнің әр түкпірінде еңбектеніп жүрген кәсіби қызметкерлерінің толассыз атқарған ауқымды жұмысы айрықша бағалауға әбден лайық.

Көрме елімізді әлем жұртшылығына жақынырақ таныстыруға, демек туристік саланың жандануына, іскерлік байланыстардың үдеуіне мол үлес қосты. Қазақ жұртының батыстық өркениет құндылықтарын қапысыз меңгеруімен қатар, шығыс мұсылман әлемінің айтулы мүшесі бола отырып, арадағы күрделі де нәзік байланысты қолайлы артықшылыққа айналдыру шеберлігін паш етуде. Өйткені еуразиялық тарихи тамырластықтан бастау алатын рухани үндестік, мәдени, этникалық жақындық факторларының өзектілігі сыртқы бағытымызды бір сәт назардан тыс қалған емес.

Олай дейтініміз, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі үдерісінің бастамашысы ретінде осынау маңызды форумның 25 жылдық қызметінің жемісті нәтижелерге бастауын жалғастыруда.

Аталған арнаның заңды жалғасындай, Астана қаласында 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте ұйымдастырылған Ғылым және технологиялар жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бірінші Саммиті мұсылман әлемінің саяси, ғылыми өміріндегі айрықша мәнді оқиғаға айналды. Жиында Қазақстан басшысының  “Үлкен жиырмалыққа” балама ретінде «алдыңғы қатарлы ислам мемлекеттерінің жиырмалығын» құру туралы жариялаған ұсынысы әлем жұртшылығы назарына ілінді.

Президенттің мұсылман әлемінің келешек тағдыры туралы ғаламдық ойға қосқан зияткерлік үлесі барынша айқын. Ол әлемдік саясаткерлер арасынан бірінші болып мұндай тұғырлы тақырыпты кең ауқымда және ашық талқылауға бастады.

Осынау ізгі ниеттің айқын белгісіндей, бүгінде Таяу-Шығыс елдерінде шырғалаңның шешімін табу, әсіресе Сириядағы қасіретті апатты тоқтатуға шақырған «Астана процесіне» адамзат атаулы үлкен үміт артып отырғанын айтар едік. Расында, Әл-Фараби бабамыздың асыл сүйегі жатқан, Бейбарыс сұлтандай арысымыздың өшпес мұрасы қалған Шам елімен діни бауырластық қана емес, тарихи, рухани тамырластығымыздың тереңдігінен де болар, сірә, бүгінде қисапсыз зардап шеккен сириялықтардың үміт-тілегі ғасырлар жібі жалғап тұрған қасиетті Сарыарқа даласында орындалып, ақ түйенің қарны жарылатын күн де алыс еместей көрінеді.

Иә, айбынды бабаларымыздың тарлан тұлпарларының кезінде жарты әлемге жеткен тұяқтарының дүбірі анық естіліп тұрған кәрі тарихсыз қазіргіні таразылау, бүгінгіні бағаламай болашаққа бағдар жасаудың, қазіргі өркениет төріне ұмтылудың мүмкін еместігі анық. Байтақ жұртымыздың қандай қиындықтарды болмасын еңсеріп, жасампаздықпен алға баса беретіні күмән туғызбайды.

Қазіргідей бәсеке мен бақталастық салдарынан сәт сайын жұтап бара жатқан жер шарының асты-үсті байлығына жанталасқан жойқын талас дәуірінде, ең бастысы, еліміз азаматтарының бір-біріне сенімділігі, білім мен біліктілікке бекінген жеке белсенділік, төзімділік пен патриотизм, Отанға, ұлтқа деген сүйіспеншілік сынды қасиетті ұғымдарды қастерлеп нығайта беру аса маңызды. Қазақ халқы ұзақ ғасырлық ғұмырында қоршаған ортасына, сыртқы дүниеге кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен салиқалылықтың әрдайым жоғары үлгісін танытып келе жатқандығы хақ.

Мінеки, бұл орайда Нұрсұлтан Әбішұлының ұлттық дамуымыздың күретамырлы жайттарын айқын анықтаған маңызды бағдарламалық құжат мағынадағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында санамыз ісімізден озық тұруы, тіпті ол саяси және экономикалық дамуды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынын тұжырымдағаны өміршең өзектілігі күн сайын арта түсуде. Өйткені бүгінде сыртқы және ішкі жағымсыз факторлардың салдарынан керегесі шайқалып, қазаны төңкеріліп, шаңырағы ортаға түсіп жатқан бірқатар елдердің, анығында, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайлары төмен болмағандығы мәлім. Бұл үрдіс тіпті Испания мысалындағы бақуатты еурпалық елдерді шарпығанына көз жетуде. Мұндай қасіретті жайттардың түп-төркініне үңілгенде, елдің елдіктен айырылуының басты себептерінің бірі – ұлттық бірліктің, ұлыстық тұтастықтың, бір бет – бір жүз қағидасының қалыптаспағандығынан туындағаны аңғарылады. Сондықтан басқа салалардағы жаңғыру құр жаңғырыққа айналмауы үшін, ең алдымен ұлттық кодыңды сақтай білудің күн тәртібіндегі басты мәселеге айналғаны ақиқат. Ал, ұлттық кодыңның өзегі, әсіресе қазақ халқы үшін, әлбетте, қасиетті де қастерлі ана тілінде тұрғандығы аспандағы айдай ақиқат.

Бұл орайда Мемлекет басшысының жарлығымен қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі – біздің қоғамымыздың халықаралық қауымдастыққа кірігу үдерісін жеделдету мен оңайлатудың ұлы мүддесін көздеген көрегендік қадам екендігі кәміл.

Мінеки, сондықтан да жаңару мен жаңғыру жолына түскен қазақ елінің алдында қазіргі заман талабына сай демократиялық құндылықтарды нығайту, саяси-экономикалық, мәдени және ғылыми әлеуетті еселеу, рухани қуатты арттыру жолымен ішкі тұрақтылық пен келісімді көздің қарашығындай сақтап, сыртқы әлемге ұлттық бірлігіміз бен тастай тұтастығымызды мойындата отырып, бейбітшілдігімізді баян ету бүгінгі және болашақ ұрпақтардың басты парызы болып қала бермек.

(авт: Мұхтар Кәрібай — Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің  Кеңесші-уәкілі)

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока