KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Сүнниттік блоктың Иранмен текетіресі туралы

Сүнниттік блоктың Иранмен текетіресі туралы

16.08.2022

Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы аймақтық бәсекелестік Таяу Шығыстағы саяси жағдайға тікелей әсер етіп отырған факторлардың бірі болып табылады. Сүнниттік және шииттік екі ірі елдің арасындағы текетірес соңғы 5 жыл ішінде көптеген аймақтық шиленістердің пайда болуына әкеліп соқты. Сауд Арабиясы Иранның Сирия, Ирак, Ливан және Йемендегі әрекеттерін «шииттік құрсауды» күшейту деп бағалайды және Тегеранды өзінің басты қарсыласы санайды.

Екі ел арасындағы қатынастарды  — Ливан, Ирак, Бахрейндегі текетірес, Сирия мен Йемендегі қанды соғыстар айқын сипаттайды. Соған қарамастан, Шығанақ араб елдерінің ынтымақтастық кеңесіне кіретін барлық араб елдері Сауд Арабиясының Иранға қатысты саясатын қолдайды деуге келмейді. Батыс елдерінің Иранның ядролық бағдарламасына қатысты айқындамасы бірқатар араб елдерінің Тегеранға қатысты көзқарасын өзгертуге әкелді десе болады.

Сауд Арабиясы араб елдерінде ғана емес, бүкіл мұсылман елдері арасында жетекші орындарға шығу үшін өзін жалпыарабтық мүддені қорғаушы етіп көрсетуге тырысады. Сауд Арабиясы сыртқы саясатында Парсы шығанағында орналасқан араб елдерінің қауіпсіздігі біртұтас деген айқындама ұстанады. Осыған байланысты Шығанақ араб елдерінің кеңесі аясындағы жұмыстарға белсене қатысады.

Қазіргі кезде Сауд Арабиясының Йемендегі хоуситтер қозғалысына қарсы әскери коалицияны басқарып отыр. Йемендегі коалициялық күштердің қимылдары табысты деп айтуға келмейді. Хоуситтер тұрақты түрде қарсы шабуылдар жасап, саудтық күштерді көптеген шығындарға ұшыратып отыр. Олар тіпті саудтық бірқатар қалаларға, оның ішінде Рияд қаласына зымырандық соққылар жасауда.

Сириядағы жағдайдың Ресейдің араласуы нәтижесінде түбегейлі өзгеруі Сауд Арабиясының бұл елге қатысты саясатына қарама-қайшы келді.  Бұрын сауд қоғамының елуден аса діни өкілдерінің Сирияда Ресейге қарсы жихад жариялауын атап өту керек.

Сауд Арабиясы мүфтиінің «ирандықтар — мұсылман емес, мәжүсилер» — деуі отқа май құйғандай болды.

Саудтықтар мүфтидің сөзі ресми емес деп мәлімдегенімен бірқатар мұсылман елдері, әсіресе шииттік елдер мүфтидің сөзін қатты сынға алды.

Сауд-иран қатынастарының одан әрі шиеленісуіне Сирия бойынша көпжақты келіссөздерге Иранның шақырылуы болды. Саудия «Иран Сириядағы араб жерлерін басып алушы болып табылады, сондықтан саяси үрдісте оған орын жоқ» — деп мәлімдеп, Иран Сириядан өз әскерін және шииттік милицияны әкетуін, режимге қару-жарақ беруді тоқтатуын талап етті.

Иран оған қарамастан Парсы шығанағындағы саудтық шепті бұзу үшін басқа Шығанақ елдерімен әріптестік орнатуға ұмтылып отыр. Ең алдымен Оман Тегеранмен тұрақты түрде жылы қарым-қатынастар ұстап келе жатқан ел екендігін айта кету керек. Кезінде ядролық бағдарлама бойынша американ-ирандық құпия келіссөздер осы елде өткен болатын.

Сондай-ақ, Иранның Катармен қатынастары қалыпқа түсе бастаған. Катар Шығанақ араб елдерінің арасынан бірінші болып ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің нәтижесін құптаған ел.

Сарапшылар Катардың Иранмен қатынастарын жақсартуға ұмтылысын оның Сауд Арабиясымен саяси қайшылықтарының тереңдігімен түсіндіреді. Доха Сауд Арабиясын өзінің қауіпсіздігіне басты қатер деп санайды. Сонымен қатар, Катардың экономикалық гүлденуі орасан зор газ қорын пайдалануға байланысты. Катар Шығанақтағы «Солтүстік күмбез» газ кен орнын Иранмен бөлісіп игереді. Бірақ Иран белгілі санкцияларға байланысты газ кен орнынан өз үлесін әлі алған жоқ болса, Катар оны белсенді игеріп жатыр.

Иран ең өзекті мәселелердің қатарына, ядролық бағдарламадан соң, араб елдерімен қарым-қатынастарды табиғи жағдайға келтіруді жатқызған еді. Алайда, Иран араб елдерімен терең саяси, экономикалық және геосаяси себептерге байланысты қатынастарды қалыпқа келтіре алмады. Әсіресе, Сирия мен Йемен бойынша өзара түсіністікке қол жеткізу мүмкін емес болып шықты. Сирия Иран үшін стратегиялық маңызы бар ел және Тегеран ол үшін бар күшін салады. Ал Иран Йемендегі жағдайларға тікелей араласпағанымен оның Сауд Арабиясының материалдық және әскери күшін тартатын тұрақты дағдарыс ошағына айналдыруға ұмтылады деп көрсетеді сарапшылар.

Саяси шолушылар сүнниттік араб елдерінің Иранға қарсы шешімділігі Парсы шығанағы елдері мен Израиль арасында бұл жөнінде құпия келісім бар дегенге меңзейді.

Араб-парсы, сүннит-шииттер арасындағы ымырасыздық одан әрі күшейіп келеді, Сирияда іс жүзінде Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы соғыс, Иракты өз жағына тарту күресі жүріп жатыр. Сауд Арабиясының және Иранның мүдделері Йеменде қанды қақтығыстарға ұласты. Осы фактілердің барлығы болашақта Иран мен Сауд Арабиясы арасында кең ауқымды дағдарыстың орын алуына әкеліп соғуы ықтимал екендігін көрсетеді. Сонымен қатар сүнниттік блок пен Иран арасындағы текетірес одан әрі шиеленісе беретіндігі айқын болып отыр.

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Мнение «Kazanalytics» об аналитической статье «Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Экспертное сообщество казахстанского аналитический портала «Kazanalytics» обратили внимание на материал опубликованный «Центром анализа и прогнозирования Открытый мир» под заголовком «Роль Афганистана в сценариях...

О некоторых аспектах участия стран ЦАР в инициативе «Цифровой шелковый путь»

Инициатива «Один пояс, один путь» (ОПОП) – масштабная и амбициозная стратегия, предложенная Председателем КНР Си Цзиньпином в 2013 году. Эта инициатива направлена на укрепление экономической интеграции и...

Приоритет для Афганистана: безопасность, ликвидация голода или гендерная интеграция?

По мотивам доклада Специальной оценочной миссии ООН по Афганистану В последнее время в экспертной среде активно обсуждается доклад координатора Специальной оценочной миссии ООН по Афганистану Феридуна...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока