KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

ШЫҒАНАҚ АРАБ ЕЛДЕРІНДЕГІ СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ БАҒЫТТАРЫ

ШЫҒАНАҚ АРАБ ЕЛДЕРІНДЕГІ СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ БАҒЫТТАРЫ

01.10.2022

Шығанақ араб елдерінде соңғы жылдары су мұнай мен газға қарағанда маңызды стратегиялық ресурсқа айналып келеді. Қазірдің өзінде бұл елдерде бір тонна таза судың бағасы шикі мұнайға қарағанда қымбат. 2025 жылы араб монархияларының тұрғындарының саны 59 млн., ал 2050 жылы – 72 млн адамға жетеді. Араб монархиялары алдында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.

Шығанақ араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне (ШАЕЫК) кіретін, Оман Сұлтандығынан басқа, елдер су ресурстарының абсолютті тапшылығымен сипатталады. Бұл аймақта су ресурстарының жетіспеушілігі құрғақ климатпен, жауын-шашынның аздығымен, буланудың жоғары деңгейімен түсіндіріледі.

Әлемде бір адамға шаққанда сумен қамтамасыз етілу шегі жылына 1000 текше метрді құрайды. Парсы шығанағы елдерінде жан басына шаққандағы су ресурстарының орташа көрсеткіші — 92 текше метр. Мысалы, Кувейттегі ең төменгі көрсеткіш — 7 текше метр.

Аймақтың барлық елдері стратегиялық резерв болып саналатын жерасты су қорын пайдаланады. Парсы шығанағы елдеріндегі терең жер асты суларының қоры 2330 миллиард текше метр деп бағаланады. Бүгінде Бахрейн, Катар және БАӘ-де халықтың суға жүз пайыз қол жетімділігі қамтамасыз етілген. Кувейтте бұл көрсеткіш 99 пайызды құрайды. Оман ғана ең төменгі көрсеткішке ие. Ауыл халқының тек 86 пайызы, қала халқының 96 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Өңірде тұщы суды тұтынудың ұлғаюы халық санының өсуі мен экономикада пайдалану себеп болып отыр. Суға деген сұраныстың артуы, оның жетіспеушілігіне әкеліп соқты. Болжам бойынша, 2025 жылы Сауд Арабиясы мен Катардағы суға сұраныс 2005 жылмен салыстырғанда сәйкесінше 2 және 3 есе артады.

Аймақ елдері судың жетіспеушілігінен ғана емес, сонымен қатар су ресурстарын тиімсіз пайдаланудан да зардап шегуде. Суды шамадан тыс тұтыну, оның жетіспеушілігіне қарамастан, ең маңызды проблемалардың бірі – Шығанақтың көптеген елдерінде жан басына шаққандағы су шығыны әлемдік орташа көрсеткіштен бірнеше есе жоғары екендігінде. Өсіп келе жатқан ұрпақ суды көп қажет ететін өмір салтын ұстануда. Жеке бассейн салу, бақ өсіру, гольфпен әуестену шектеулер болмағандықтан су тұтынудың одан әрі өсуіне ықпал етіп отыр. Күнделікті тұтыну бұл елдерде бір адамға 300-750 литр құрайды. Мысалы, БАӘ-нің орташа тұрғыны күніне 550 литр су тұтынады. Ал бір британдық пен неміске су шығыны сәйкесінше тәулігіне 193 литр және 149 литр құрайды.

Судың негізгі бөлігін ауыл шаруашылығына,  азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ішінара шешетіндігіне қарамастан, бағыттау тиімсіз. Бұл елдерде аграрлық сектор ЖІӨ-нің 5 пайызынан  азын береді. Араб монархияларының экономикалары мұнай өндірісі мен оны экспорттауға негізделген. Сонымен бір мезгілде әртараптандыру саясаты шеңберінде – мұнай өңдеу, мұнай химиясы, алюминий өндірісі және т.б. құрылды. Мемлекеттердің одан әрі дамуы су тапшылығы мәселесін шешуді талап етеді.

Жер асты және жер үсті су көздері қолданыстағы талаптарды қанағаттандыра алмаған кезде, Шығанақ елдері су тапшылығын толтырудың басқа жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Бүгінде өңір суды тұтыну бойынша ғана емес, оны тұщыландыру бойынша да әлемде бірінші орында тұр. Шығанақ араб елдерінің экономикасына суды тұщыландыру бойынша әлемдік қуаттың 60 пайызға жуығы тиесілі.

1951 жылы  аймақтағы алғашқы суды тұщыландыру зауыты Кувейтте салынды. Суды тұщыландыру тарихы мұнай өндірумен тығыз байланысты. Мұнай бағасының шарықтауы нәтижесінде суды тұщыландыру бойынша қымбат зауыттар салуға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда Сауд Арабиясы мен БАӘ тек аймақта ғана емес, әлемде де суды тұщыландырудың алдыңіғы сапында келеді. 2014 жылғы сәуірде Сауд Арабиясында тәулігіне 1 млн текше метр су және 2,6 мың МВт электр энергиясын өндіретін әлемдегі ең ірі зауыт ашылды. Жобаның құны — 7,2 млрд АҚШ долларын құрады.

2020 жылға қарай Шығанақ араб елдерінің аумағында суды тұщыландыратын 294 зауыт салынды. Оның 128-і  Сауд Арабиясында, 98-і БАӘ–де, 24-і Кувейтте, 19-ы Оманда, 13-і Катарда және 12-сі Бахрейнде орналасқан. Тұзсыздандырылған су өнеркәсіптік, ауылшаруашылық және тұрмыстық қажеттіліктер үшін, сондай-ақ ауыз су өндірісінде қолданылады.

Шығанақ араб елдері су тұщыландыруға шамамен 100 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялауды жоспарлап отыр. Алайда, тұзсыздандырылған судың дәмі мен құрамындағы зиянды заттардың болуына байланысты бұл істі тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етудің әмбебап әдісі деп санауға болмайды.

Ағынды суларды тазарту және қайта пайдалану – тұщы суды алудың тағы бір әдісі. Парсы шығанағының барлық дерлік елдерінде ластанған суларды кәдеге жарату және қайта пайдалану үшін дамыған тазарту жүйелері бар.

Су қоймаларын салу су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шара болып саналады. Тұзсыздандыру зауыттары тоқтаған жағдайда, мысалы, Катарда су қоры бір жарым күнге, БАӘ–де екі күнге ғана жетеді. Бұл елдерде су қорын ұлғайту үшін қомақты қаражат бөлінеді. Сонымен, Катар 900 миллион доллар бөлетінін жариялады. Қаржы жеті күндік су қорын сақтайтын резервуарлар салуға бағытталады.

Тұщы сумен қамтамасыз ету көздерінің арасында су импорты да бар. Ауыз суды аймақтың барлық елдері әкеледі және бөтелкелерде сатылады. Көрші елдерден су тасымалдау бойынша жобалар бірнеше рет талқыланып, зерделенді. 1986 жылы Түркиядан Сейхан және Джейхан өзендерінің суларын тасымалдау үшін екі құбыр салу ұсынылды. Сауд Арабиясы арқылы Нілден Шығанақтың басқа елдеріне су импорттау мүмкіндігі де қарастырылды. 2003 жылы Кувейт пен Иран арасында суды құбыр арқылы тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Үндістаннан Оман шығанағы арқылы БАӘ-ге және одан әрі құбыр арқылы аймақтың басқа елдеріне су импортының орындылығы туралы алдын-ала зерттеу жүргізілді.

Суды ұтымды пайдалану — суды үнемдеудің тағы бір тәсілі. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізумен бірге суға ұқыпты қарауды насихаттау, суға тарифтерді көтеру өз жемісін беруі тиіс. Катарда суды жеке тұтынуды 35 пайызға төмендету жоспарлануда. Жақында Абу-Даби әмірлігінде жер асты суларын мал азығын өсіру үшін пайдалануға тыйым салынды. Сауд Арабиясы астық өндірісін біртіндеп қысқартып, компанияларды ауылшаруашылық әлеуеті жоғары елдерге инвестиция салуға ынталандырды.

2007 жылдан бастап Шығанақ араб елдері өздерінің азық-түлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында шетелдегі ауыл шаруашылығы алқаптарына белсенді түрде қаражат сала бастады. Бастапқыда инвестициялар негізінен дамушы елдерде жүзеге асырылды. Барлық әрекеттер сәтті болған жоқ.

Бүгінде өңір суды тұтыну бойынша ғана емес, оны тұщыландыру бойынша да әлемде бірінші орында тұр. Бүгінде өңір елдері әртараптандыруға бағыт алды. Жер сатып алуға және агробизнеске  инвестициялар географиясы кең және Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа, АҚШ, Австралияны қамтиды. Осылайша, Шығанақ елдері шетелде қажетті өнімдерді өсіру арқылы виртуалды суды тұтынуды едәуір үнемдейді.

Тұщыландыру — ауыз суды өндірудің негізгі әдісі болып қала береді. Өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру тұзсыздандыру қуаттарын одан әрі кеңейту – жаңа зауыттарды пайдалануға беру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту есебінен жүргізілетін болады. Көрші елдерден суды импорттау мен тасымалдау әлеуметтік, экологиялық және саяси қауіп-қатерлерге байланысты дамымай отыр.

Шығанақ елдері өз аумағында құны 10,5 млрд АҚШ долларын құрайтын құбыр желісін салу туралы келісімге келді. Шығанақ елдерін байланыстыратын құбырдың ұзындығы 2000 км-ге жуық. Жобаға Омандағы 500 млн текше метр су өндіретін екі тұщыландыру зауытының құрылысы енгізілді, оны тұщыландырылған суға мұқтаж аудандары құбыр арқылы қамтамасыз ететін болады.

Суға тәуелділікті азайтудың әртараптандырылған тәсілдеріне қарамастан, Шығанақ суы Шығанақ араб елдері үшін тұщыландырылған суды алудың жалғыз көзі болып қала береді. Судың мұнаймен, радиоактивті қалдықтармен және т.б. ластануы тұщы су алуға қауіп төндіреді. Электрмен жабдықтаудағы үзілістер, хакерлік шабуылдар, табиғи апаттар және соғыс қимылдары тұзсыздандыру процесінің үздіксіздігін бұзуы мүмкін. Сонымен, 1991 жылы Ирактың Кувейтке шабуылы кезінде бірнеше тұзсыздандыру зауыттары қирады. Ирак әскери күштері 732 мұнай ұңғымасын өртеп, Шығанақ суларына 816 мың тонна шикі мұнай тастады. Өз іс-әрекеттерімен олар Кувейттегі тұзсыздандыру қондырғыларының жұмысын ғана емес, сонымен бірге аймақтағы жер асты суларын да ластады.

Су қауіпсіздігінің өткірлігіне қарамастан, аймақ елдері тұрғындар мен экономикаларын тұщы сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуге мүмкіндік беретін қажетті қаржылық, энергетикалық, басқарушылық және кадрлық ресурстарға ие. Негізгі күш-жігер өңір елдерінің су ресурстарын басқаруды жетілдіруге, ауыл шаруашылығын реформалауға, су секторына жеке инвестициялар тартуға, сарқынды суларды жинау мен тазартуға салымдарды ұлғайтуға, тұщыландыруға, сумен жабдықтау желілерін кеңейтуге және су қорларын толықтыруға бағытталатын болады.

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока