KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Қазақстандағы салафизмнің кейбір тұстары туралы

02.08.2016

2016 жылы маусым айының 5-і күні, Рамазанның қарсаңында, Ақтөбе қаласында қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалды. Нәтижесінде бірнеше әскери мен азаматтық тұлғалар зардап шегіп, қаза тапты. 9-шы маусым елімізде Ұлттық Аза Тұту Күні болып жарияланды. Ресми ақпаратқа сәйкес, орын алған қанды қырғынға Исламдағы діни ағымдардың бірінің өкілдері – «вахабиттер» деген атпен белгілі салафиттер жауапты болып шықты.

Қазіргі кезде бұл оқиғаға қатысты сан түрлі нұсқалар мен тұжырымдар жасалуда. Бұл кінәні басқаларға тағып, лаңкестік әрекеттің жауапкершілігін бөтендерге аудара салу үшін, кейбір салафиттердің де тарапынан қолдау тауып жатыр.

Алдымен айта кететіні, осы кезге дейін біз, бәрінің нақты анықтама беруден ұзақ уақыт бойы қашқақтап жүргенін таңданыспен бақылап келдік. Нақты сөйлеудің орнына «дәстүрлі емес діни ағым», «бізге жат идеология» және т.б. жалпылама және жалтарма сөздер көбірек қолданылып келді.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда салафиттік ағым өкілдерінің қазақстандық қоғамның барлық салаларында дерлік айтарлықтай ықпалды қамқоршылары бар екен.

Олардың қамқоршылары кәсіпкерлердің, айтыскер ақындардың, шоу-бизнес өкілдерінің, әр түрлі қоғам қайраткерлерінің, тілшілердің, сарапшылардың, саясаттанушылардың және тағы да басқалардың арасында бар екендігі анық. Олар өздерін елдің алдында ашықтан-ашық салафит деп атамаса да, салафит екендері шындық.

Қазақстандағы ең ірі салафиттік топтардың бірі – «мадхалиттер» дәл осылай сайрайды. Олардың мұнысын тағы бір салафиттік топ – «суруриттер» қоштайды. Бұл екі топтың арасында келіспеушіліктер мен текетірес бар екендігіне қарамастан, осы мәселеде оларға ортақ нәрсе келесі: мадхалиттердің салафиттерді «дұрыс» және «дұрыс емес» деп, суруриттердің салафиттерді «бірқалыпты» және «бірқалыпты емес» деп бөлулері жайында.

Негізі, бұл дау-дамай Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасындағы (ҚМДБ) кейбір өкілдердің ақиқатында суруриттердің қамын жеп жүрген бір қатар «діни сарапшылардың» арасында әлдеқашан орын алған болатын. Атап айтқанда, біріншілері салафиттің «ынсапты» болуы мүмкін емес десе, екіншілері олармен келіспейтіндерін ашық түрде жариялады.

Қазір бұл тақырып қазақстандық қоғамда салафиттердің мүдделерін алға тартып жүрген адамдар үшін қайтадан өзекті болды. Себебі, ресми дерекке сәйкес, олар лаңкестік жасап, қазақстандық азаматтарды өлтірді, сол себепті, олар қалайда өз аттарын ақтап алулары керек.

Олар үшін осындай күрделі жағдайда олардың салафизмге мемлекеттік деңгейде тыйым салынуына жол бермес үшін өз медия-тұлғалары арқылы түрлі қулықтарға барып жатқанын көріп отырмыз. Жасырын бопсаның бір түрі мынадай: олар салафиттерге тыйым салу олардың радикалдануына, соның нәтижесінде, қоғамымыздың одан әрі тұрақсыздануына алып келеді деп, жұртшылықты және мемлекеттік органдарды қорқытуға тырысуда.

Тағы бір салафиттік қарама-қайшылық бізді екі логикалық тұжырымға алып келеді: не бұл әдіс тиімді емес және шындығында экстремист емес топтармен ғана нәтиже береді, ал, шынымен де экстремизге бейім топтармен ол нәтиже бермейді. Бірақ, онда нағыз экстремистер таблиғ емес, салафиттер болып шығады ғой. Өйткені, таблиғтар радикалданған жоқ, ал, салафиттер, міндетті түрде радикалданады екен. Бұлай талдаудың салафиттерге тиімсіз екені айтпаса да түсінікті.

Екінші тұжырым: бұл әдіс тиімді және оны қолдану қажет. Өйткені, таблиғтарға қолданғанда, ол өзінің тиімділігін көрсетті, сондықтан, Қазақстанда салафизмге тыйым салу да сондай нәтиже беруі тиіс. Алайда, салафиттерге бұл да тиімсіз. Олардың идеологиялық қарсыластары туралы сөз болғанда ғана, бұл олар үшін тиімді болатын.

Енді олардың ұстанымының тұрақсыздығы мен қарама-қайшылығы белгілі болғаннан кейін бастапқы сұраққа қайтып оралайық: «бірқалыпты» салафиттер бар ма; бар болса, неліктен олар әп-сәтте «бірқалыпты» болмай шыға келуі мүмкін?

Біздің пікірімізше, ынсапты салафиттер шынымен де бар және олар расында да байсалды күйлерінен лезде тайқып шыға келуі мүмкін, сол себепті, олардың ынсаптылықтарынан келер пайда шамалы. Оларды, өздерімен келіспейтіндердің бәрін кәпір деп жариялайтындармен салыстырғанда ғана байсалды деп атауға болады. Екіншілерінен айырмашылығы, ынсапты салафиттер өздерімен келіспейтіндердің бәрін кәпір деп жарияламайды – кейбіреулерін олар жай ғана адасушы немесе бидғатшы деп жариялайды.

Бірқалыпты салафиттердің тағы бір артықшылығы, олар басшыға бағынуға шақырады. Бұл үндеу ресми түрде ғана жасалатын нәрсе, олар сол арқылы мемлекеттің және қоғамның алдында өздерін жақсы қып көрсеткісі келеді. Мұның бәрі ешқандай талғамсыз, ашықтан-ашық тұрпайы жасалады және мүлде шынайы көрінбейді. Әсіресе, мадхалиттер осындай әрекеттерімен жақсы танымал, сол үшін оларды «мадхализдер» деп атайды.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы барлық салафиттерді үш топқа бөлуге болады:

  1. Тәкфириттер – өздерімен келіспейтін адамдарға тәкфір шығаратын ең радикалды топ. Олар өздерімен келіспейтін адамдарға тәкфір шығармағандарға да тәкфір шығарады. Өздерінің сенімдерінде адал, бірізді және өте радикалды. Басқа салафиттік топтарды, әсіресе, мадхалиттерді өз ағымының шынайы сенімдерінен тайды деп айыптайды.
  2. Мадхалиттер – өздерін ғана салафит деп атауға бәрінен де бейім ең үлкен топ. Басшыға бағынуға ресми түрде шақырады және бірінші топты хауаридж деп атап, оларға белсенді түрде қарсы шығады. Сондай-ақ, олар үшінші топқа да, яғни, суруриттерге қарсы шығып, оларды «Ихвандарға» – исламдық саяси ұйымға жатқызады.
  3. Суруриттер – ең жымысқы, ұстанымсыз топ, ол белгілі бір кезеңде өздері бұрын насихаттап келген салафиттік идеялардан бас тартып, өздерін ханафиттерміз деп жариялады. Негізінде, олар – қойдың терісін жамылған қасқырлар. Олар өздерінің арам, саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін сол кейіпті жамылып жүр. Тілшілердің, саясаттанушылар мен сарапшылардың арасында, шоу-бизнес саласында және басқа да жерлерде дәл осы топтың өкілдері бәрінен кең тараған. Себебі, олардың сенімдері өздерінің нанымын жасыруға мүмкіндік береді. Дәл содан, олар, алғашқы екі топпен салыстырғанда, қазақстандық қоғамда экстремист және шектен шығушылар болып көрінбейді, сондықтан, осы тамаша мүмкіндікті пайдаланып, ҚМДБ-ға ғана емес, мадхалиттер мен тәкфириттерге қарсы істерін жүргізеді.

Осылайша, үш топтың үшеуінің де арасында келіспеушіліктер бар және әрқайсысы мүмкіндігінше екіншісін жаншиды. Әсіресе, бұл соңғы екі топқа қатысты, өйткені, бірінші топ астыртын әрекет ететіндей сенімдерін жасырмайды, олардың ұстанымдары онсыз да түсінікті.

Араларындағы келіспеушіліктер мен текетіреске қарамастан, барлық салафиттік топтардың ортақ құндылықтары бар. Бұл олардың керек кезде ешқандай ұйғарымсыз-ақ, біріге салуларына мүмкіндік береді. Үнемі бір-бірінің сыртынан ғайбат айтып жүріп, ал, күйеулеріне қарсы бас біріктіру қажеттігі туындағанда, оп-оңай біріге салатын әйелдер секілді.

Үш топтың да ортақ беделді ғұламалары мен сенімдері бар. Олар соларға еру арқылы қалған мұсылмандардың бәрін «таза Исламнан» ауытқығандар деп жариялайды. Олардың арасындағы айырмашылық тек мынада: радикалды салафиттер әлгі «хақ Исламнан тайған» мұсылмандары кәпірлер деп санаса, бірқалыпты салафиттер оларды адасушылар деп біледі. Бұның барлығы үшінші біріктіруші фактор – жалпы сүннеттік Исламды құрайтын барлық мұсылмандарға деген, мейлің ол әшғарит болсын, матуридит, не сопы болсын, өшпенділікті тудырады. Айта кету керек, бұл атаулар мұсылмандардың ара жігін ажыратпайды әрі бір топтың екінші топтан абзал екендігін көрсетпейді. Бір мұсылман сенімде матуридит, фиқһта ханафи, ал сопылықта нақшыбанди бола беруі мүмкін. Бұлардың барлығы ислами ғылымдағы әр түрлі мектепті ұстанғандарымен, Әһлі сүннет уәл жамағатың аясында бола береді.

Мәселен, көптеген салафиттік парақшаларда «Салафиттер – ізгі ата-бабаларымыздың, яғни, салафтардың ізбасарлары» деген сөз қайталана береді. Салафтар – мұсылмандардың алғашқы үш буыны. Сол үш буын Исламдағы ең ізгі буындар болып саналады. Имамдардың барлығы, яғни, сүнниттік мәзһабтардың негізін қалаушылар салаф болған. Сол себепті, төрт мәзһабтың қайсысы болса да, бірін ұстанатын адам салафтардың ізбасарлары болып табылады, олардың ешқайсысы бір-біріне адасушылар деп айып тақпайды.

Енді соңғы және басты сұрақ қалады: салафизмге мемлекеттік деңгейде тыйым салу «бірқалыпты» салафиттердің радикалдануына алып келетін болса, оған тыйым салу қажет пе?

Біз айтып кеткеніміздей, бұл бірқалыптылық – шартты және салыстырмалы, тұрақсыз және ұзаққа бармайды, ал, радикализм салафизмнің негізінде бар. Олар радикализмнің бір түрінен екінші түріне еркіндікте жүріп-ақ өте алады. Оған қоса, тыйым салуға қарағанда, еркін салафиттік үндеу радикализмге ауысу үшін әлдеқайда қолайлы орта болып табылады.

Оның үстіне, тыйым салған жағдайда ешқандай жаппай радикализация болмайды деген ықтималдық сақталып қала береді, есесіне, салафизмге еркіндік берілген жағдайда салафиттердің қатары бірнеше есе артатыны анық. Сол себепті, тыйым салу арқылы басымызға бәле тудырып аламыз десек те, одан келетін зиян оған еркіндік бергенде көретін зияннан артық болмайды.

Олар түгелдей еркіндікте жүру арқылы кеңінен тарап үлгергенін түсінуіміз қажет. Ал, имамдар болса, олармен текетіреспей, дауласпай, тек арамызда кішігірім айырмашылықтар бар екенін айтып келді. Мұндай стратегияның нәтижесінде бәріміз тату-тәтті өмір сүріп кеткен жоқпыз, есесіне, олар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар секілді тарап кетті және өздерінің сенімдерінде бекем бола түсті.

Тыйым салуға қарсы болып жатқандарға және бұл мәселені ағарту әдісі арқылы шеше алмай жатыр деп ҚМДБ-ны жазғырып жатқандарға айтарымыз, темекі шегу, алкоголь, некеден тыс жыныстық қатынас және тағы да басқа нәрселер денсаулыққа зиян, өмірге қауіпті және рухани тұрғыдан азғындауға әкелетіндігін айтып, еліміздің азаматтарының көзін ашып көріңіздер. Содан соң сендердің мұны түбірімен жоймақ түгілі, мұндай ағарту ісінде қандай жетістікке жететіндеріңді көреміз.

Әлбетте, ағарту әдісінің маңызы зор, бірақ, кешенді түрде әрекет ету керек. Бізде дін мен мешіт мемлекеттен бөлек деп үнемі айтып жатады, бірақ, соған қарамастан, сол дін мен мешіттің мемлекеттік мәселелерді шешкендерін қалайды. Бұл – баршамызға ортақ мәселе, сондықтан, оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шешуіміз қажет.

Барлығын имамдардың мойнына артып қоюға болмайтындығы секілді, оларсыз да әрекет етуге болмайды. Мемлекеттік органдар ҚМДБ теологтарымен ақылдасуы тиіс. Әйтпесе, салафизмге тыйым салудың арты жалпы Исламға тыйым салуға және қудалауға ұласып кетуі әбден мүмкін. Керек десеңіз, қазір бар салафиттерге де айқын себепсіз тиісе бермеген жөн. Бәлкім, уақыт өте келе олар дінді дұрыс түсіне бастайтын шығар, ал, әзірге намаздарын қалай оқығылары келсе, оқи берсін және сенгісі келген нәрселерге сене берсін. Ең бастысы, бұл ары қарай тарап кетпесе болды.

Олардың кітаптарына, дискілеріне, сайттарына және кез келген насихат түріне тыйым салынуы қажет. «Салафиттер – ізгі ата-бабаларымыздың ақиқи ізбасарлары», ал, «мәзһабқа ерушілер – адасушылар» деп жаза алмайтын болулары, әлеуметтік желілерде көптеген салафиттік топтар құра алмайтындай болулары және т.б керек. Салафизмді насихаттаудың кез келген түріне мемлекеттік деңгейде тыйым салынуы тиіс. Бұл вирусқа қарсы сақтану дәрісін егіп қана қоймай, оған карантин жариялау қажет.

Әйтпесе, біз елімізде оның таралуын тоқтата алмаймыз және оны жұқтырып алғандарды емдеп шығара алмаймыз.

Сонымен қатар, тыйым салу радикалдануға әкеп соғады деген сылтаумен тыйым салуға қарсы шығып жатқан сарапшыларға да аса назар аудару керек. Осыдан бірнеше уақыт бұрын, олар салафиттермен барлық салафиттерді біріктіріп, оларды басқа мұсылмандардан ерекше етіп тұратын ең басты мәселе – ақида (сенім-наным) мәселесінде діни диспуттар өткізуге қарсы шығып, дәл осындай айғақ келтірген еді. Яғни, олардың айтуынша, салафиттермен діни диспуттар өткізу олардың радикалдануларына себеп болады мыс.

Демек, Қазақстандағы салафизмге қауіп-қатер тудыратын қандай да болмасын тәсіл оларды радикалдандырып жібереді екен. Сауаттандыруға да болмайды, тыйым салуға да болмайды… Оларды өз еріктеріне қойып, адасқан сенімдерін әрі қарай тарата берулері үшін жайлы жағдай жасап қою керек сияқты. Бұл жағдай көз алдыңызға ата-анасының тілін алмайтын, өзінің дегеніне жету үшін сәті түскен сайын «өзіме немесе басқаларға зиян тигіземін» деп ата-анасын бопсалайтын, еркелікке салынған баланы елестетеді.

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока