KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Қазақстанда кезекті Сирия бойынша келіссөздер өтті

Қазақстанда кезекті Сирия бойынша келіссөздер өтті

25.06.2022

2022 жылғы 15-16 маусымда Нұр-Сұлтанда Астана форматында Сирия бойынша халықаралық кездесудің 18-раунды өтті.

Кездесуде Сириядағы жағдай, терроризмге қарсы күрес, саяси үдерістегі соңғы оқиғалар мен гуманитарлық көмек мәселелері талқыланып, қорытындысында бірлескен мәлімдеме жарияланды.

Осы тұрғыда тараптар Сирияның саяси бірлігі мен аумақтық тұтастығына берік бейілділігін және Сирия мәселесін бейбіт жолмен реттеудегі Астана процесінің дәнекер рөлін атап өтті. Сепаратистік күн тәртібіне, соның ішінде көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін трансшекаралық шабуылдарға қарсы тұруға бел буды. Сириядағы террористік топтардың әртүрлі атаулармен көбеюін айыптады. Сирияның солтүстігіне қатысты барлық ережелерді орындау қажеттілігіне тоқталды. Терроризмге қарсы күрес сылтауымен «өзін-өзі басқару жөніндегі» заңсыз бастамаларды құрудың барлық әрекеттері қабылданбайтындығын растады. Олар Сирияның солтүстік-шығысындағы «өзін-өзі басқару» заңсыз бастамаларын қоса алғанда, террористік құрылымдарды қолдайтын елдердің әрекеттерін айыптады. Соғыс қимылдарының күшеюіне және Евфраттың шығысындағы бейбіт тұрғындарға қатысты сепаратистік топтардың қысымшылығының барлық түрлеріне, соның ішінде бейбіт демонстрацияларды басу, әскерге мәжбүрлеп шақыру және білім беру саласындағы кемсітушілік тәжірибеге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.

Сонымен қатар, тараптар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-резолюциясына сәйкес сириялық жанжалды саяси реттеу процесінде прогреске қол жеткізу жөніндегі өз міндеттемелерін растады. Осы тұрғыда олар Сирия тараптарының сындарлы көзқарасымен Конституциялық комитеттің келесі раундын өткізуге шақырды.

Астана процесі аясында сондай-ақ тұтқындарды/ұрланған адамдарды босату, мәйіттерді беру және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды тергеу мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Кейбір тұтқындардың 13 маусымда жұмыс тобының жетінші жобасы аясында сәтті өзара босатылуы құпталды. Жұмыс тобы шеңберінде осындай қызмет пен ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әрине бұл саяси бастама Қазақстанға қандай ұпай береді, не үшін қажет, әлде Сириядағы келіссөздерде астыртын бір жақтың манипуляция жасайтын ойыншығына айналмадық па сұрақтар туындайды. Сирия бойынша халықаралық кездесудің кезекті раундтары қаншалықты жалғаса береді. Бұл тұрғыда бақылаушылар мен сарапшылардың түрлі пікірлер білдіреді. Дипломатиялық орталарда бұл тақырыпта ойлар ауытқымалы күй кешуде.

Ресей-Украина соғысының әсерінен Мәскеудің Женевада өтетін Сирия бойынша Конституциялық комитетіне қатысты ұстанымының өзгергенін көрсетті.

Атап айтқанда, Ресей делегациясының басшысы А.Лаврентьев Женева өзінің бейтарап мәртебесін жоғалтты деп мәлімдеді. Ресей өкілі Сирия Конституциялық комитетінің келесі отырысын өткізу үшін жаңа алаң таңдау керек деп санайды және жаңа алаңды таңдау мәселесі мұқият қарауды қажет етеді. Сонымен қатар, ол бұл мәселені Астана форматындағы серіктестер мен БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы өкілі Г.Педерсен қарастыратынын атап өтті.

Оның пайымдауынша, ең бастысы, жаңа алаң барлық талаптарға сай болып, оған қатысушыларды қанағаттандыруы тиіс. Мұндай алаңдардың бірнешеуі қарастырылуда (Алжир, Араб Әмірліктері, Бахрейн, Мысыр, Оман). Алайда, сириялық оппозицияның пікірінше, мұндай алаң БҰҰ штаб-пәтерлері орналасқан жерлерде өткізілуі керек.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Женева алаңын алмастыруға Оман лайықтырақ. Өйткені, ел астанасы Масқатта Иранның ядролық бағдарламасы бойынша ИРИ мен АҚШ келіссөздері өткен, сондай-ақ, Оманның Йемен дағдарысын реттеу мәселесінде мәмілегерлік тәжірибесі мол.

Дегенмен, Батыстың жетекші елдері мұнымен келісуі күмәнді. Басты ойыншы сириялық оппозицияның келісімін алу қажет.

Астыртын дипломатиялық тартыс әрине жүріп жатқан болар, бірақ бәсекелестер арасында бәсекелестік жоқ, бағыттары біржақты. Бір жоспар бойынша БҰҰ-ның арнайы өкілі Астана процесіне қатысады және бұл БҰҰ тарапынан модерацияланады. Мұның бәрі уағдаласушы тараптардың қалауына байланысты. Егер олар Қазақстан астанасын таңдаса, неге болмасқа – деген пікірлер жоқ емес.

Қарап отырсақ Қазақстан үшін үдерістің орын тұрғысынан емес, ілгері жылжуы және өнімді болуы маңызды. Бұл эксклюзивті алаң болуы тиіс деген бір талап жоқ. Астана процесінің шеңберіндегі бірқатар келіссөздері Сочи мен Анкарада да өткен.

 

Сирия бойынша Конституциялық комитеттің отырыстарын Нұр-Сұлтанға ауыстыру Батыс елдерінің теріс реакциясын тудырып, Қазақстанның халықаралық имиджіне кері әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда соңғы екі жылдың ішінде ресей тарапы саяси мәселелерді Астана процесінің күн тәртібіне қосуға талпынуда (конституциялық саланы қамти отырып, саяси үдерісті кешенді түрде ілгерілету).

Бұған қоса, қазіргі күрделі геосаяси ахуалда, атап айтқанда Ресей-Украина соғысы тұрғысынан қарағанда, Ресейдің кепілгер мемлекет ретінде бұл іс-шараға қатысуы еліміздің Мәскеудің имиджін жақсарту мүддесіне қызмет етуші мемлекет ретінде танылуы халықаралық сахнадағы беделімізге кері әсерін тигізуі мүмкін.

А.Лаврентьев сондай-ақ өздерінің түрік әріптестерін Сирияның солтүстігінде күрд құрамаларына қарсы жаңа операциядан бас тартуға және туындаған проблемаларды барлық мүдделі тараптар арасында бейбіт жолмен шешуге шақыратынын атап өтті. Себебі, Ресей тарапының пікірінше, бұл операцияны жүргізу ақылға сыймайтын қадам болар еді.

Сонымен қатар ол: «көптеген адамдар Украинада «арнайы әскери операцияға» байланысты Ресейдің Сирияға деген назары әлсіреді деп санайды. Осыған байланысты бірқатар Еуропа елдері Сириядағы жағдайдың дамуын өз үлгілері бойынша көргісі келеді. Олардың бұл жоспарлары жүзеге аса алмайды. Ресей Сирия халқына, оның ішінде елді қалпына келтіру мәселелеріне қолдау көрсетуді жалғастырады».

А.Лаврентьев Ресей Түркия арқылы гуманитарлық көмек жеткізуді ұзартатын қарарды қолдаудан бас тартатынын атап өтті. Мәскеу гуманитарлық көмек САР ресми үкіметін айналып өтіп, сыртқы шекаралар арқылы емес, Дамаск және қақтығыс тараптарының байланыс желілері (кросс-желі) арқылы жеткізілуі керек деп санайды.

Халықаралық бақылаушылардың пікірінше, бұл Сириядағы жағдайды ушықтырып, 3 миллионнан астам адамға қауіп төндіреді және оларды Түркияға қашуға мәжбүрлейді.

Аймақтық сарапшылардың пікірінше, Сирия дағдарысын реттеу желеуімен Мәскеу өзіне қарсы санкциялар, Украина және Түркияның солтүстік Сириядағы әскери операциясына байланысты мәселелерде өзіне жеңілдік алғысы келетінін көрсетіп отыр. Осыған байланысты ғаламдық теке-тірестің бір бөлігі болып табылатын Украина мәселесінде Сирия сыртқы ойыншылардың картасы ретінде халықаралық саясатқа қайта оралып отыр.

Бұл орайда  қазіргі уақытта Қазақстан сыртқы саясатының кейбір тұстары мен бағыттарын қайта саралау қажеттігі туындаған. Қажетсіз бедел жинаудан бас тартып, мемлекет мүддесіне сай сындарлы саясатты жүргізу кезеңіне аяқ басатын кез келді. Қыруар қаржы жұмсалатын, жиын үшін жасалатын халықаралық іс-шаралардың орындылығы мен тиімділігі  қаншалықты Қазақстан үшін маңызды?

 

 

 

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока