KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Елбасы және араб әлемі

Елбасы және араб әлемі

22.07.2020

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев араб елдерінің басшыларымен достық қарым-қатынастар орнату және экономикалық ықпалдастық қалыптастыру мақсатында Мысыр Араб Республикасы (1993 ж.), Сауд Арабиясы Корольдігі (1994 ж.) мен Палестинаға (1995 ж.) тұңғыш рет ресми сапарлармен барып, саяси және сауда-инвестициялық бағыттар бойынша кеңейтілген келіссөздер өткізді. Сауд Арабиясына сапар шеңберінде Елбасы бірінші рет Меккеде қасиетті Қағбаға кіріп, Медина қаласында Пайғамбарымыздың мешітіне зиярат еткені белгілі.

Мұсылман әлемі және Араб түбегіндегі мемлекеттермен қатынастарға кең жол ашып, оған сапалы серпін берген маңызды қадам ретінде 1997-98 жылдары Елбасының Шығанақ өңіріндегі мұнай мен газ ресурстарына бай Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Оман Сұлтандығы мен Катарға жасаған алғашқы ресми сапарларын атау керек.

Сол сапарлар барысында тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекет арабтардың ағайындық қолдауына ие болды. Көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан жан-жақты келіссөздер өткізіліп, ашық саяси диалог орнатылды, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге жол ашылды. Барлық кездесулерде Қазақстанның бейбітшіл мемлекет екені баяндалып, еліміздің нарықтық экономика жүйесін құрудағы іс-қимылы кеңінен таныстырылды.

…Қазақстан Республикасы араб әлемі елдерімен шынайы бауырластық, тығыз ынтымақтастық пен әрекеттесу қатынастарын орнатуға ұмтылады. Қазақстан Таяу Шығыс елдерін экономикалық, саяси және мәдени салалар бойынша болашағы зор әріптестер деп қарастырады. Тәуелсіздік жылдарында өзара түсіністік пен ынтымақтастық қарым-қатынастарын орнаттық, енді оны экономикалық әріптестікпен толықтыруымыз керек. Күш-жігерімізді біріктіре отырып қана қалаған нәтижеге қол жеткіземіз, — деп Елбасының өзі атап көрсеткен еді.

Араб басшылары еліміздегі реформаларды жоғары бағалап, мемлекет астанасын жаңа қалаға көшіру туралы Елбасының батыл шешімін шынайы қолдады. Шығанақ өңіріндегі елдердің басшылары елордадағы бірқатар кешендердің құрылысына қаржы бөліп, оның нәтижесінде ҚР Парламенті Сенаты, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Салтанат сарайы», «Нұр Астана» ислам мәдени орталығы сынды көркем ғимараттар бой көтерді.

Араб елдері берген қайтарымсыз гранттар арқасында елімізде әлеуметтік маңызы зор нысандар салынды. Атап айтсақ, сауд тарапының қолдауымен елордадағы Кардиологиялық орталық, Мысырдың бұрынғы басшысы марқұм Хосни Мубарактың көмегімен Алматыдағы «Нұр-Мубарак» ислам мәдениеті университеті ашылды. Соңғы жылдары Әмірліктердегі шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян Гуманитарлық істер мекемесінің қаржысына Оңтүстік Қазақстан облысында перзентхана мен орталық мешіт, ал Нұр-Сұлтан қаласында орта мектеп соғылды.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің негізін қалаушы әрі қазақ халқының рухани көсемі болып табылады. Ол Қазақстан Республикасы мен әлемнің басқа мемлекеттері, оның ішінде араб және ислам мемлекеттерімен қарым-қатынастарды алғашқы рет орнатқан тұлға ретінде танылады, — деп Әмірліктердің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаян Елбасының саяси тұлғасы туралы пікір білдірген еді.

Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының бұрынғы басшылары Король Фахд, кейін Король Абдалла және қазіргі уақыттағы Қос киелінің шырақшысы Салман бен Әбделәзиз Әл Саудпен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік негіздерін қалады. Осы уақытқа дейін Корольдік еліміздегі әлеуметтік нысандардың құрылысына қайтарымсыз негізде 50 млн жуық қаражат бөлді.

Еліміз Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) және Ислам даму банкімен тығыз әріптестік орнатып, өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтті. Қазақстанның 2011-2012 жылдары ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық ету кезеңінде Елбасы бірқатар маңызды бастама көтеріп, ұйымның қызметін жаңғыртуға, мұсылман әлеміндегі сын-тегеуріндерге бірлесіп қарсы тұру үшін ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға күш салды. Штаб-пәтері елордада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы құрылып, діні бір елдердің арасында ынтымақтастықтың жаңа бағыты ашылды. Посткеңестік аумақтағы елдердің ішінен алғаш рет Қазақстанда ислам банкингіне арналған реттеу базасы енгізіліп, Әмірліктерден келген ТМД-дағы тұңғыш «әл-Хилял» ислам банкі ашылды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің билеушілері Елбасының парасаттылығы мен бірегей тұлғасына ерекше құрметпен қарайды. Федерацияның негізін қалаушы марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян Нұрсұлтан Назарбаевпен болған бірінші кездесуден кейін еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болатынын болжап, келіссөздерге қатысқан өзінің балаларына Қазақстанмен, оның басшысымен өте тығыз байланыс орнату қажеттігін қадап айтқан. Ұрпағына ұлы мұра қалдырған шейх Заид Елбасының бойынан асыл қасиеттерді байқаған еді.

«Тұлпардан тұяқ қалса, дүбірлетер» демекші, шейх Заидтің тұңғышы, Әмірліктердің қазіргі басшысы шейх Халифа екіжақты байланыстар туралы былай дейді: «Біріккен Араб Әмірліктері үшін достас Қазақстан Республикасымен тығыз қарым-қатынастар орнатуы үлкен мақтаныш болып табылады. Біз аталған қатынастарды түрлі салаларда тереңдетуге талпынудамыз, оның ішінде ерекше атап өтерлігі – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жиі кездесулер өткізіп, ортақ ой-пікірлер алмасып, достас екі елдің арасындағы байланыстарды одан әрі дамытудың жолдарын талқылауымыз. Достас екі ел арасындағы қарым-қатынастар өткен аз ғана жылдар ішінде қарқынды дамуды бастан кешіріп, үлкен табыстарға қол жеткізіп, араб әлемі мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың қандай деңгейде болуы керектігіне үлгі көрсетті».

Ұлы дала елі мен көне Мысыр ежелден Ұлы Жібек жолын тоғыстарған елдер екені белгілі. Қазақстанның араб әлеміндегі ең ірі мемлекет саналатын Мысырмен саяси-экономикалық және мәдени байланыстарының тамыры тереңде жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сисимен болған келіссөздерде «қазақ даласының ұлы әрі XIII ғасырдағы Мысыр мен Сирияның атақты билеушісі Сұлтан Бейбарыс достығымыз бен ортақ тарихымыздың жарқын рәмізі» деп атап көрсеткен.

Елбасының шешіміне сәйкес, еліміздің Каирдегі елшілігі 1993 жылы сәуірде ашылып, көк байрағымыз Мысырдың төрінде желбіреген еді. Ал, мысыр тарапы араб мемлекеттері ішінен бірінші болып Алматыдағы өз елшілігін 1992 жылы тамызда ашты. Осылайша, Мысыр мемлекеті тәуелсіз Қазақстан үшін Африка құрлығына кірер алғашқы «есік» болды.

2007 жылғы 11-14 наурызда Н.Назарбаевтың Мысырға екінші ресми сапары барысында Елбасы ел басшылығымен кеңейтілген келіссөздер өткізді. Сонымен қатар, Араб мемлекеттер лигасының сол кезеңдегі Бас хатшысы Амр Мұса және әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Мұхаммед Тантауимен ерекше жылы кездесулер өтті. Амр Мұса Қазақстанды бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы елдер ішінен «көшбасшы мемлекет» деп бағалап, еліміздің саяси-экономикалық даму жолын жоғары бағалады. Ал, шейх Тантауи Елбасының тұлғасына деген үлкен құрметін білдіріп, Жаратушыдан осы дүние мен ақиреттің бақытын нәсіп етуді сұрап дұға жасады.

Араб әлеміндегі маңызды елдердің бірі Сирияға 2007 жылғы ресми сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Сирия арасындағы қатынастардың көп ғасырлық дәстүрлі тарихына тоқталды. Дамаск қаласында жерленген қазақ даласының көрнекті ұлдары — Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан әз-Захир Бейбарысқа тағзым білдіріп, әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығы мен кесенесінің құрылысын жүргізу және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берді.

Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен реттеу үдерісіне Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы үлкен маңыз беріп, тәуелсіз Палестина мемлекетінің Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрамында толыққұқылы мүше болуына қолдау білдірді. Палестина мәселесі 2002 жылғы араб елдерінің бастамасы және БҰҰ-ның тиісті қарарлары негізінде реттелуі қажет екенін атап көрсетті.

Елбасы Араб мемлекеттері лигасына мүше көптеген ел, оның ішінде Бахрейн, Кувейт, Оман Сұлтандығы, Катар мен Иорданияның басшыларымен өзара сенімге негізделген тығыз байланыстар орната білді, соның арқасында жоғары деңгейдегі ресми және жұмыс сапарлармен алмасу жүзеге асты. Араб елдері Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына белсенді қатысады.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси ұстанымының сабақтастығын сақтай отырып, араб әлеміндегі барлық мемлекеттермен саяси-экономикалық, инвестициялық және мәдени салалардағы өзара тиімді қарым-қатынастар одан әрі жалғасатын болады.

Автор: Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Менілбеков

BAQ.KZ.

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Мнение «Kazanalytics» об аналитической статье «Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Экспертное сообщество казахстанского аналитический портала «Kazanalytics» обратили внимание на материал опубликованный «Центром анализа и прогнозирования Открытый мир» под заголовком «Роль Афганистана в сценариях...

О некоторых аспектах участия стран ЦАР в инициативе «Цифровой шелковый путь»

Инициатива «Один пояс, один путь» (ОПОП) – масштабная и амбициозная стратегия, предложенная Председателем КНР Си Цзиньпином в 2013 году. Эта инициатива направлена на укрепление экономической интеграции и...

Приоритет для Афганистана: безопасность, ликвидация голода или гендерная интеграция?

По мотивам доклада Специальной оценочной миссии ООН по Афганистану В последнее время в экспертной среде активно обсуждается доклад координатора Специальной оценочной миссии ООН по Афганистану Феридуна...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока