KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

ИРАН МЕН ӘМІРЛІКТЕР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ТАЛАСЫ

ИРАН МЕН ӘМІРЛІКТЕР  АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ТАЛАСЫ

17.10.2022

Қазіргі кезеңде Иран Ислам Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында бұрыннан келе жатқан жер дауы күшейе түсуде. БАӘ-нің ресми өкілдері аймақтағы араб көршілерінің қолдауына сүйене отырып, Парсы шығанағында стратегиялық маңызды орынға ие үш даулы аралды қайтару туралы бірқатар мәлімдемелер жасады. Бұл Иран мен Парсы шығанағындағы араб монархиялары арасындағы шиеленістің одан әрі күшеюіне әкелді.

Дау Парсы шығанағынан Ормуз бұғазына шығатын су жолында орналасқан Абу Мұса, Үлкен Томб және Кіші Томб аралдары төңірегінде болып отыр. Олардың орналасуы осы үш аралды бұрыннан стратегиялық орынға айналдырған еді. Қазіргі кезеңде олардың маңызы арта түскен, өйткені бүкіл әлемдік мұнай экспортының отыздан қырық пайызына дейін осы аймақ арқылы тасымалданады.

Бұл жер дауы қалай пайда болды? Өткен бірнеше ғасырлар ішінде Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы көптеген аралдар араб, португал, парсы мен британдықтардың бақылауына өтіп, иелерін бірнеше рет өзгертті. XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Персия (Иран) толық саяси және экономикалық тоқырауға ұшырап, біртіндеп территориялары мен тәуелсіздігін жоғалтып, жартылай колонияға айналды. Осындай жағдайды бастан кешкен Персия ол кезде қуатты Британ империясына қарсы тұра алмады. Британдықтар Парсы шығанағындағы көптеген аралдарды, соның ішінде Персия өзінікі санайтын осы үш кішкентай аралды бағындыра алды. Ресми түрде Абу Мұса аралы Шарджа әмірлігінің бөлігі болып саналды, ал үлкен және кіші Томбус Рас Аль-Хайма әмірлігінің бөлігі болды. Әмірліктер ол кезде Ұлыбританияның протектораты болған және «келісім Оманы» деп аталды. Оларға британдық әскерлер орналастырылды, сыртқы саясаттың барлық мәселелерін британдықтар да басқарды. Бірақ Персия осы уақытқа дейін ештеңе істей алмаса да, осы аумақтарға қатысты талаптарын толығымен қабылдамады.

Барлығы 1968 жылы өзгере бастады. Ұлыбритания 1971 жылдың соңына дейін барлық әскерлерін Суэц каналының шығысындағы аудандардан шығаруға және осылайша Парсы шығанағындағы аумақтардағы протекторатты тоқтатуға шешім қабылдады. Бастапқыда британдықтар Шығанақтағы барлық тәуелді аумақтарды, яғни қазіргі Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн бірігіп, Біріккен Араб Әмірліктерінің федерациясын құрады деп үміттенді. Алайда Иранның Бахрейнге деген талаптары үлкен проблема болды. Бахрейн ұзақ уақыт бойы Иранның территориясы болған және халықтың көп бөлігі арабтар болғанымен көпшілігі шиіттер еді. Ол кезде Иранның шахы АҚШ және Ұлыбританиямен жақсы қарым-қатынаста болды және Лондон да бұл дау-дамайдың ушығуын қаламады. Келіссөздер басталып, оның барысында сол кездегі баспасөз хабарлағандай, Ұлыбритания Иранға Бахрейнді мойындағаны үшін өтемақы ұсынды. Сондықтан, Иран 1969-70 жылдары Бахрейнге деген талаптан бас тарта отырып, аралдардың оралуын ресми түрде талап ете бастағанда көптеген адамдар ирандықтар Ұлыбританиямен астыртын келісімге келді деп ойлады. Тегеран аралдарға қатысты өзінің талаптарына қажетті негіздеме ретінде әр түрлі тарихи құжаттар мен карталарды ұсынды. Онда Әбу Мұса, Үлкен және Кіші Томб аралдары парсы территориялары екендігі айқын көрінді.

Мүмкін, бәрі осы қалпында қала беретін бе еді, бірақ Араб Әмірліктерінің Федерациясы тәуелсіздік алғанға дейін ыдырай бастады. Әмірліктердің билеушілері арасындағы қайшылықтар 1971 жылы Бахрейн мен Катардың тәуелсіздігін жариялап, қалған жеті әмірліктің тағы алтауы Біріккен Араб Әмірліктерін құрды (Рас әл-Хайма Әмірлігі 1972 жылы қосылды). БАӘ құру туралы келіссөздер жүріп жатқанда, ирандықтар британдықтардың көмегімен Шарджа және Рас әл-Хайма Әмірліктерімен тікелей келісуге тырысты, бірақ олар келісімге келе алмады. Шарджа әмірі 1971 жылдың қараша айының соңында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға келісті, оған сәйкес олар Абу Мұса аралының бір бөлігін Иран тарапына қаржылық көмек орнына берді. Бұл көмектің мөлшері жылына бір жарым миллион фунт стерлингке жетті және Иран Шарджаның мұнай-газ кірісі жылына 3 миллион фунт стерлингке жеткенше төлеуге мәжбүр болды. Аралда және экономикалық аймақта табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірістерді бөлу туралы келісімге қол жеткізілді. Алайда Рас әл-Хайма әмірлігімен келісім жасасу әрекеттері сәтсіз аяқталды. Бұл жағдайда Иран нақты әрекетке көшті. БАӘ тәуелсіздігінің ресми жариялануынан екі күн бұрын, 1971 жылы 30 қарашада шах Мохаммед Реза Пехлевидің бұйрығымен Иран әскерлері барлық үш аралды көптеген араб елдерінің наразылықтарына қарамастан басып алды.

Осыдан кейін, 1971 жылдың соңында араб елдері Тегеранға дипломатиялық шабуыл жасауға алғашқы әрекет жасады. Араб Әмірліктері Ирак, Алжир, Ливия, Кувейт және басқа да көптеген елдердің қолдауына ие болды. Олардың көмегімен бұл аралдар туралы мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің талқылауына шығарылды. Қауіпсіздік Кеңесі іс жүзінде бұл күрделі іске араласпады, тек барлық тараптарға дауды бейбіт жолмен шешуге кеңес берді.

Соңғы онжылдықтарда Иран аралдарға бақылауды күшейтті, оған 1979 жылғы ислам революциясы да, Иракпен ұзаққа созылған соғыс та кедергі болмады. 1992 жылдан бастап Иран Әбу Мұса аралының бүкіл аумағына бақылауды қатаңдатып, шетелдіктер бұл аралдарда болу үшін енді тек ирандық виза алатын етті. Өз кезегінде, Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі бүгінде Шарджа әмірлігі аралдың бір бөлігін Иранға берген меморандумды мойындаудан бас тартып, аралдарды қайтаруды немесе Гаагадағы халықаралық сот арқылы мәселені шешуді талап етіп отыр.

Тегеран бұл талаптарды мүлдем қабылдамайды. Иранның Сыртқы істер министрлігінің соңғы мәлімдемелерінің бірін келтіруге болады: «Біз ешқашан Иранның меншігінде болған және оған мәңгілікке тиесілі болатын бұл аралдардың тиесілігі туралы келіссөздер жүргізбейміз».

Қазір бұл аралдар өте жақсы қорғалған және Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы Иранның қорғаныс шебінің бір бөлігі болып табылады. Аралдарда Иран гарнизондары, зымырандар, торпедалық қайықтар мен сүңгуір қайықтар орналасқан әскери-теңіз базалары бар. Осы үш даулы аралдардың ішіндегі ең үлкені Абу Мұса аралында әуежай салынды. Осылайша, Иран осы үш және одан да көп көршілес аралдарда (Ормуз, Кешм және т.б.) орналасқан әскери базалардың көмегімен осы стратегиялық маңызды аймақта халықаралық тасымалдауды бақылайды.

БАӘ өзінің кезекті мәлімдемесінде «Араб жерлерін кез-келген жаулап алу оккупация болып қала береді. Израильдің батыс жағалауды, Голан биіктіктерін жаулап алуы мен Иранның аралдарды қайтармауы арасында ешқандай айырмашылық жоқ» деген салыстырулары Тегеранның қатты реакциясын тудырды. Иран парламенті бұл қадам екі елдің қарым-қатынасына айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін деп ескертті.

Аралдарға қатысты дау-дамайды айтпағанда, бұл елдер арасындағы екіжақты экономикалық қарым-қатынастар жақсы дамыған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

Мнение «Kazanalytics» об аналитической статье «Роль Афганистана в сценариях развития Центральной Азии. Почему для Казахстана важен прагматический подход к развитию отношений с этой страной?»

Экспертное сообщество казахстанского аналитический портала «Kazanalytics» обратили внимание на материал опубликованный «Центром анализа и прогнозирования Открытый мир» под заголовком «Роль Афганистана в сценариях...

О некоторых аспектах участия стран ЦАР в инициативе «Цифровой шелковый путь»

Инициатива «Один пояс, один путь» (ОПОП) – масштабная и амбициозная стратегия, предложенная Председателем КНР Си Цзиньпином в 2013 году. Эта инициатива направлена на укрепление экономической интеграции и...

Приоритет для Афганистана: безопасность, ликвидация голода или гендерная интеграция?

По мотивам доклада Специальной оценочной миссии ООН по Афганистану В последнее время в экспертной среде активно обсуждается доклад координатора Специальной оценочной миссии ООН по Афганистану Феридуна...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока