KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Тигр және Евфрат өзендерінің Таяу Шығыстағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны

Тигр және Евфрат өзендерінің  Таяу Шығыстағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны

14.06.2022

Сарапшылар әлемдегі су қорының азаюына байланысты қақтығыстар туындауы мүмкін деп санайды. Бұл бірінші кезекте Таяу Шығыс секілді су тапшылығы бар аймақтарға қатысты айтылған. Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы су мәселесіндегі ең күрделі сұрақ — Тигр және Евфрат өзендері бойынша су тартысының шиеленіске айналу әлеуетіне қатысты болып отыр.

Сирия мен Ирактың өзендері суы мол Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Анатолия мен Солтүстік Ирақтан бастау алады да Сирия мен Ирактың қуаң, шөлейт жерлеріндегі тіршілікті қамтамасыз етеді.

ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына шейін Тигр және Евфрат өзендерінің суын бөлісу елдер арасында саяси текетіреске себеп болған емес. Ол кезде Францияның мандатында болған Сирия аймақтағы су қорын әділ бөлісу жөнінде Түркиямен арнайы келісімге қол қойды. 1980 жылы Тигр және Евфрат өзендері бойынша бірлескен техникалық комитет құрылды. 1987 жылы бірінші рет үшжақты келісімге қол қойылды. Оған сәйкес су бастауында орналасқан Түркия Сириямен шекарада секундына 500 шаршы метрден аз емес су көлемін өткізуге міндеттенді. 1990 жылы Сирия мен Ирак Түркиядан келетін суды бөлісу квотасын белгіледі. Аталған мемлекеттер су қорын бөлісу мен екі өзен аңғарындағы экологиялық жағдайды осы комитет шеңберінде талқылап келді. Алайда комитет Тигр және Евфрат өзендерінің статусы бойынша таласқа байланысты 1992 жылы өз жұмысын тоқтатты. Сирия мен Ирак Тигр және Евфрат өзендерін халықаралық өзендер (international waters) деп қарастырып, оның су қоры үшке тең бөлінуі керек деп санаса, Түркия оларды шекаралық өзендер (transboundary waters), яғни оның бастауындағы ел оның су қорын өз қалауынша пайдалануға толық құқығы бар деп санайды.

Елдер арасындағы қайшылықтардың тағы бір себебі- өзен бойынша келіссөздерге қатысушыларға байланысты болып отыр. Егер Түркия Тигр мен Евфрат бассейніне кіретін елдер — Иран, Кувейттің қатысуын талап етсе, Сирия мен Ирак жұмысты бұрынғы құрамдағы комиссиямен жалғастыру керек деп санайды. Бұл әсіресе Иракқа қатысты болды, оның басшылығы Иранның диалогқа қосылуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Келіспеушіліктің үшінші себебі — даудың нысанын анықтауға қатысты еді: Сирия мен Ирак Тигр және Евфрат өзендерін әрқайсысы бойынша жеке келісімшартқа қол қоюды қолдаса, Түркия бүкіл бассейн, яғни екі өзен бойынша бір келісімге қол қою керек деген анықтаманы ұстанады.

Өзінің ыңғайлы стратегиялық жағдайының арқасында Сирия мен Ирактың су ресурстары Түркияның позициясына тікелей тәуелді деп сеніммен айтуға болады. Осыған байланысты жанжалдың жаңа кезеңі Түркия өзінің Оңтүстік-Шығыс Анадолының үлкен су жобасын жүзеге асыру бойынша стратегиялық жоспарын жариялаған кезде пайда болды. Жоспарға сәйкес Түркия 22 су қоймасын, 19 ірі ГЭС салуды және суармалы жер көлемін 1,7 млн га ұлғайтуды қарастырып отыр. Сарапшылар жобаны жүзеге асыру Сирияға келетін өзен ағынын 50 пайызға азайтады деп санайды. Тиісінше, Сирия түрік жобаларына қатты тәуелді, бұл оны Евфрат өзенінде өзі жаңа су қоймаларын салуға итермелейді, ал бұл Ирактың мүдделеріне қауіп төндіреді.

АҚШ Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқармасының мәліметі бойынша, соңғы жылдары Сирия бірнеше маусым қатарынан қатты құрғақшылықты бастан өткерген. Халықтың ауылдық аудандардан қалаларға жаппай көшуі орын алып отыр. БҰҰ мен Халықаралық Қызыл Крестің бағалауы бойынша, құрғақшылықтың салдарынан шамамен 800 мың сириялық өмір сүру мүмкіндігінен толықтай айырылған. Мұның бәрі ұзақ жылдар соғыс жүріп жатқан Сирияға келесі бір түйінді шиеленісті әкелді. Сирия жерінің 85 пайызын шөл алып жатыр. Алайда Сирия арқылы Тигр және Евфрат үлкен өзендері ағып жатыр. Евфрат елдің орталығы арқылы Иракқа, Тигр — ішінара Сирия-Түркия шекарасы арқылы Иракқа ағады. Сирияның аса маңызды осы өзендермен қатар жер асты қабаттарында шамамен 4-5 миллиард текше метр су қоры бар. Алайда, демографиялық дүмпуді бастан кешіп отырған Сирия үшін ауызсумен қамтамасыз ету өткір проблемаға айналған. Соңғы жылдары құрғақшылықтың салдарынан Дамаск, Алеппо және басқа қалаларға көшіп кеткен 160-тан астам елді мекен тұрғынсыз қалды.

Ирактағы ағын су мөлшері өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері азайып келеді, өйткені кейбір өзен арналары толығымен құрғап кеткен. Су жетіспеушілігінің көптеген себептері бар: Тигр-Евфрат қауызындағы халық санының өсіп келе жатқаны, климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну және ағыстың жоғары жағындағы мемлекеттердің су қоймаларын салуы.

Сарапшылардың пікірінше, жоғары ағымдағы елдердегі халық санының өсуі Түркия мен Сирияның Евфрат өзенінде бөгеттер салуына әсер етті. Бұл төменге кететін су мөлшерін жартысына дейін азайтты. Содан кейін су қоймалары Тигр өзенінде салына бастады. Түркия салған соңғы Илису бөгетінің сыйымдылығы 11 миллиард текше метр. Су ресурстары бойынша сарапшылардың бағалауы бойынша, Түркияның Илису бөгеті соңғы жылдары Иракқа келетін су көлемін 50 пайызға азайтады.

Тұщы су деңгейінің төмендеуі нәтижесінде Ирактың оңтүстігіндегі Басрадағы топырақтың тұздылығы артып, өсімдік, ағашқа зиян келіп, гуманитарлық апатқа әкелді. Халық он жылдан астам уақыт бойы ауыз судың жетіспеушілігінен зардап шегуде. Сулы аудандарының кебуі мыңдаған тұрғындардың ел ішінде қоныс аударуына себеп болып отыр.

Ирактың ең қиыр оңтүстігінде орналасқан осы ауданды арабтар Аһуар деп атайды (тарихи атауы Шумер батпағы, Аһуар — су өсімдіктері мол өскен көлдер деген мағынаны білдіреді). Аһуар үшбұрышының бір жағында Басра қаласы, екінші бұрышында Насирия қаласы, ал үшінші нүктесінде Аммара қаласы орналасқан. Аһуар Таяу Шығыстағы ең үлкен, тұщы су айдыны болып табылады. Ирак жерін бойлап өтіп, Парсы шығанағына Шат әл-Араб атанып, бірігіп барып құятын, Тигр және Евфрат өзендері ернеулерінен шығып, орасан зор алқаптарды су басқан кезде Аһуардың көлемі 3 мың шаршы шақырымды құрайды. Сондықтан Аһуар қамыс және қоға секілді өсімдіктері қаулап өсетін тұрақты көлдерден, көктем және күз айларында суы мол болатын Тигр мен Евфрат өзендерінің суы жайылатын аудандар мен су тасқындары кезінде пайда болатын су басқан аудандардан тұрады. Енді осы аудандар су жетіспеушілігінен кебе бастаған.

Ирак сияқты төменде орналасқан елдер үлкен проблемаларға тап болып отыр. Әсіресе өзендердің жоғарғы ағысындағы елдер көрші мемлекеттермен суды әділ бөлісуге және олардың монополиясын бодырмайтын халықаралық келісімдерге бағынуға бағынбай отыр. Халықаралық құқықты құрметтеу болмаған жағдайда, мемлекеттердің су құқықтарын қорғау үшін өздерінің ықпалы мен экономикалық күшін пайдаланудан басқа амалы қалмайды.

Жалпы, Сирия мен Ирактың Евфрат өзенінің суын бөлу мәселесі бойынша ұстанымдары ұқсас. Сонымен қатар, Ирак қазіргі 500 м3/ сек. орнына Түркия кем дегенде 700 м3/сек., мөлшерінде екі ел үшін су жіберуі керек деп санайды. Евфраттың орташа жылдық ағымы шамамен 1000 м3/сек., құрайтындықтан, Түркия үштен бір бөлігін ғана пайдалануы керек. Алайда, жоғарыда айтылғандай, Түркия қазіргі кезде өзінің үлкен жобаларын жүзеге асыру үшін бұрынғы келісім бойынша 500 м3/сек., су бөлуді орындамай отыр.

Осылайша, Евфрат пен Тигр су қорына байланысты туындап отырған күрделі сұрақтың барлық үш елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар. Алайда, тез өсіп келе жатқан халық саны, сондай-ақ су қоймаларындағы судың азаюы Түркия, Сирия және Ирак үкіметтерін екі өзеннің ресурстарын мүмкіндігінше әділ бөлу жөніндегі келіссөздер жүргізуге итермелейді.

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Российско-Западная энергетическая война. Часть II.

Конфликт России и Запада продолжается, в том числе и в энергетической сфере.  В прошлом году я дал развернутый анализ стадии энергетической «войны» на том этапе: Российско-Западная энергетическая война...

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока