KazAnalytics

Аналитический портал Ближний Восток и Центральная Азия

Ферғана жазығы – ғажайып өлке

Ферғана жазығы – ғажайып өлке

27.04.2023

Орталық Азияның бірегей өңірі, бүгінде он жеті миллионнан астам халық тұратын Ферғана жазығының әлеумет­тік, экономикалық Һәм саяси рөлінің стратегиялық маңызы әрдайым басты назарда тұруы ақиқат. Біздің дәуірімізге дейін тіпті Рим империясының Шығыстағы ең алыс шекарасы болған Ферғана жазығы суы мол, жері жайсаң, жұмсақ табиғаты тіршілік үшін әбден қолайлы болуымен мыңдаған жылдар бойында адамның өмір сүруі үшін тартымдылығынан танбай келеді. Ежелгі Нарын мен кәрі Қара дарияның қосылуынан туып, аңыздарға айналған, қасірет­ті Аралдың суалған қос арнасының бірі – Сырдария өзені қақ жарып өтетін Ферғана төсінде тарихтың қатпар-қатпар шежірелері өшпестей таңбаланған. Үрім мен парсының, түркі мен исламның түйіскен нүктесі бола тұра осынау бірегей өлке күні бүгінге дейін сыртқы ықпалды күштердің мүдделері тоғысқан ерекше аймақ ретінде өзіндік ғұмыр кешуде. Дәуірлер мен замандар ауысқанымен, азиялық, шығыстық болмысын сақтаған Ферғана даласы XIX ғасырдың соңына қарай отарлық мәжбүрлікпен патшалық Ресей құрамына енгізіліп, кейіннен кеңестік заманда Түркістан аймағында құрылған бес республиканың үшеуі – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан арасында пышақпен кескендей бөлінді. Осылайша ғасырлар бойында қоян-қолтық қауымдасып тіршілік кешіп келген түрлі этностар жасанды түрде бірнеше республикалар құрамына еріксіз таратылды.
Дейтұрғанмен біртұтас совет одағында ішкі шекаралардың болмағандығынан этникалық, ұлтаралық жайт­тар анау айтқандай аңғарыла қоймады. Елдің ауылы аралас, қойы қоралас жүріп жат­ты. Әйткенмен, дәл осынау күретамырлы, күрделі мәселелер кеңестік одақ күлпара ыдырағаннан кейін дербес тәуелсіз мемлекет­тердің дүниеге келуімен бірге күн тәртібіндегі ең күрмеулі түйінге айналды. Жаңа республикалардың әртүрлі даму жолына түсуі салдарынан онсыз да дау-дамайы көбейген шекаралар жабылды. Бір этносқа жататын бүтіндей аудандар мен ауыл тұрғындарына тарихи отанынан тыс қалуына тура келді немесе әкімшілік тұрғыдан бір республикаға жатқанымен, анклавтар ретінде өзге елдің аумағында қалып қойды. Сөйтіп, ол бүгінгі Ферғана жазығының саяси, әлеумет­тік, гуманитарлық ахуалының күрделі ерекшелігі болып жалғасуда. Әлбет­те бұл өзекті бағыт аймақтағы мүдделі мемлекет­тердің сыртқы саясаты мен дипломатиялық қызметінің басым бағытын құрайды. Уақыт өткен сайын өзара шешімін тауып жатқан мәселелер де баршылық. Өйткені бүгінде қайта жаңғырып отырған әйгілі Жібек жолының бойында тарихи тұрғыда айрықша орын алып келген Ферғана жазығының даму келешегінің басқа баламасы болуы мүмкін емес. Мұны дәрежелі саясаткерлерді былай қойып, қарапайым халықтың әрбір өкілі күнделікті өмірінде тұла бойымен сезінуде.
Шекаралардың жабылуымен бірге өңір тұрғындарының дәстүрлі отбасылық, гуманитарлық қарым-­қатынастарымен қатар, сауда-сат­тық, барыс-келіс, демек кәсіпкерлік, іскерлік байланыстары барынша қиындады. Әсіресе көлік қатынасы орасан зардап шекті, кеңес кезінде орнатылған өңірлер мен астаналар арасындағы байланыс үзілді. Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін әрбір республика миллион­даған қаржыға аспанмен таласқан биік таулар арқылы ғана өтетін айналма жолдар, ұзын туннельдер мен көпірлер салуға мәжбүр болды. Осылайша, ұзақ жылдар бойында негізінен Қытай, Иран тәрізді шет елдердің инвестициясының көмегімен Қырғызстанда: Тас көмір-Бішкек (ұзындығы 450 шақырым.), Тәжікстанда: Истарав­шан-Душанбе (ұзындығы 230 шқм.), Өзбекстанда: Пап-Ташкент (ұзындығы 228 шақырым) жолдары салынды. Мақала авторы қызмет бабына орай осы аталған жолдардың барлығымен бірнеше мәрте жүріп өткенін, ахуалды өз көзімен көргенін айта алады. Қыс айларында ұдайы қар көшкінінің астында қалып, көктемде еріген судан, жоғарыдан құлайтын татардан ұдайы зардап шегетін осынау заңғар биіктегі жолдар – адам мен жүк тасымалы үшін әзірше бірден-бір қатынас құралы болып отыр. Табиғи, техникалық себептермен тозатын жолдарды күту мен қайта жөндеуге де қыруар қаражат жұмсалуда. Бұл үшін сырт­тан қомақты қарыз алуға, жүргіншілер үшін ақылы етуге тура келмек. Магистральдардың ұзақтығы мен қиындығы тасымалданатын тауарлар мен қызмет бағасының жоғары болуына әкеліп соғатыны түсінікті. Мұның барлығы айналып келгенде қарапайым халықтың қалтасына қосымша салмақ түсіреді.
Ферғана жазығында халықтың тығыз орналасуы, өндіріс мекемелері, кәсіпорындардың тұтас жабылуы жап­пай жұмыссыздық туғызып, соның салдарынан миллиондаған адамдар жыл сайын еңбек миграциясына ат­тануда. Мұндай ауқымды үрдістің астарында сырт көзге көріне бермейтін тұрмыстық, отбасылық құлдырау, дәстүрлік дағдарыстар тереңдеп, уақыт өткен сайын гуманитарлық, адамгершілік апат белгілері айқын көрінуде. Әлеумет­тік қиындыққа ұшыраған тұрғындарды шетелдік жат діни ағымдар мен экстремистік пиғылдағы топтар тиімді пайдаланып, өз ұстанымдары мен қитұрқы жоспарларын сыналап енгізуде. Бүгінгі Ферғана түрлі діни бағыт­тар мен ағымдардың ұзаққа ұя салған күңгірт мекеніне айналып үлгерген. Жоғарыда айтылған себептермен ширыға түскен этносаралық қайшылықтар, ұлт­тық, дәстүрлік, діни дағдарыстардың барған сайын тереңдей түсуі – Ферғана қоғамының келешегіне қатысты күрделі ойларға жетелейді. Әлемдік ірі күштердің мүдделері тоғысқан өңір болғандықтан, олар аймақтың стратегиялық маңызын бір сәтке де назардан тыс қалдырып отырған жоқ.
Нақтырақ айтқанда, Қытай Ферғана жазығындағы әрбір мемлекетпен алысты көздеген негізінен екіжақты негізде сая­си, экономикалық ынтымақтастығын жалғастыруда. Жоғарыда сөз болған магистральді жолдардың басым бөлігі Қытай инвестицияларына салынды. Күнделікті қажет­ті тауарлардың үлкен ауқымы осы елден келетіні мәлім.
Аймақта әсіресе соңғы кезеңдері Ресейдің экономикалық-әлеумет­тік қана емес, сондай-ақ гуманитарлық бағыт­та барынша ашық әрі белсенді қимылға көшкені байқалуда. Мұның нақты дәлелдерінің бірі ретінде Ресей тарапы биылғы жылдың өзінде жүздеген миллиондаған АҚШ долларын құрайтын қаражатқа Қырғызстанның барлық дерлік ірі қалаларында түбегейлі жабдықталған бірыңғай орыс мектептерін салуды қолға алып, оларда жұмыс істейтін мұғалімдерді де ішкеріден жібермек. Мұндай үрдіс Тәжікстанда бұрыннан жолға қойылған. Мәскеу осылайша бүкіл өңірде орыс әлемінің ықпалын сақтап, кеңейту саясатын белсенді жалғастыруда.
Өзбекстанға келетін болсақ, Ферғана жазығының Қырғызстанға қарайтын Ош, Жалал-Абад, Баткен облыстарында өзбек ұлтының қалың тұратын факторын, әрі бұған дейін бірнеше мәрте болып үлгерген ұлтаралық жанжалдар қасіретін қайталатпау үдесінде бүгінде екі ел арасында елеулі жақындық орнатуға ұмтылып келеді. Атап айт­қанда, барыс-келіс жиілеп, өзбек тарапынан материалдық-техникалық қомақты қолдаумен қатар мәдени-гуманитарлық бағыт­та батыл қимылдар байқалады. Өзбек үкіметі бөлген қаражатқа бірнеше мектептер салынып, Ош қаласындағы Өзбек драма театрын қайта жаңғырту құрылысы аяқталып та қалды. Қырғыз-өзбек университетінде мыңдаған студент білім алуда. Аталған мемлекет­тердің аймақтағы мүддесінің жарқын дәлелі ретінде Қытайдың, Ресей Федерациясының, Өзбекстанның Бас консулдықтары кең көлемде жұмыс істеп жатқанын, Ферғанада беделді халықаралық ұйымдардың өкілдіктері о бастан ашылғанын айтуымыз қажет.
Бұлардан ресми дәрежесі төмен тұрғанымен, Қазақ­станның Консулдық мекемесі соңғы жылдары екі елдің аймақаралық экономикалық, әлеумет­тік әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарына серпінді жан бітіру орайында елеулі жобаларды қолға алды. Айрықша айта кетерлігі, бұл бағыт­тағы барлық бастамалар мен ұсыныстар Қазақ­станның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілет­ті Елшісі Рәпіл Жошыбаевтың тікелей қолдауы мен ынталандыруының нәтижесінде орайымен жүзеге асуда. Осылайша Түркістан облысы мен Ош облысының арасында, Тараз қаласы мен Ош қаласы арасындағы бауырластық келісімдеріне қол қойылып, келісім аясында айтулы нақты қадамдар жасалып келеді. 2023 жылғы 20-22 наурызда өткен «KazAgro/KazFood Turkistan2023» I Халықаралық сауда көрме-жәрмеңкесіне соңғы отыз жылда бірінші рет Ош облысының ресми және іскерлік ауқымды делегациясының қатысуы ұйымдастырылды, өзара ықпалдастықты дамытудың Жол картасы келісілді. Ош-Түркістан немесе Ош-Алматы тікелей әуе рейстерін ашу күн тәртібінде тұр. Мұндай әуебағыт­тарды өңірдегі бірнеше елдің ондаған мың жолаушылары қатар пайдаланатындықтан оның әлеуеті аса тиімді.
Елордада орналасқан Еуразия Ұлт­тық университетінің шетелдегі алғашқы филиалы Ош мемлекет­тік университеті жанынан ашылып, екі жоғары оқу орны арасында бірнеше мамандықтар бойынша қос диплом беру келісімі жасалды. Ош Мемлекет­тік университетінде Қазақ мәдениеті мен тілі орталығы ашылып, оның ісін тұрақты жүргізуге елімізден арнайы доктор маман тартылды.
Кеңестік кезеңнен кейін белгілі себептермен құлдыраған бауырлас халықтардың рухани, әдеби байланыстарын жандандыру үдесінде қазақ дипломаты қазіргі заманғы қырғыз поэзиясының қазақ тіліндегі антологиясын әзірледі. «Мекенім» аталған осынау бірегей жинаққа қырғыздың жастар мен орта буын жиырма ақынының бүгінгі заманның тыныс-тіршілігі мен елдің көңіл күйін, болмысын, арман-мұңын жеткізетін 170-тен астам өлеңі енгізілді. Антология жергілікті зиялы қауым мен қоғам тарапынан зор ықыласпен қабыл алынды. Алайда жеке қаржыға шағын ғана көлемде шыққан мұндай ұлағат­ты еңбектер мемлекет­тің қолдауымен жарияланып, қалың оқырманға кеңінен таралуы абзал. Теңіздің тамшыдан құралатынындай, осындай сындарлы, игілікті істерден еларалық ауқымдағы ірі қадамдар бастау алатыны ақиқат.
Өйткені түпкі мақсат – біздің елімізге алыс та жақын сезіліп отырған осынау ғажайып өлке, ежелден алқабы алма мен анарға, өрік пен баданға толы, таяқ тіксең терекке айналатын топырағы құнарлы, мөлдір көлдері мен ақ бұлағы, жайқалған құрағы, жер асты қазына байлығы да мол, сан алуан ұлт­тар мен ұлыстардың құт­ты да күрделі мекеніне айналған Орталық Азияның ерекше аймағы – бүгінгі Ферғана жазығындағы саяси, әлеумет­тік-экономикалық һәм қоғамдық-гуманитарлық өмір ағысынан Қазақ­станның тыс қала алмайтыны кәміл.

Мұхтар Кәрібай,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі

Оставьте свой комментарий к статье:

Архивы статей

Рекомендуем прочитать

В отношении транзитного потенциала ЦАР

Складывающаяся геополитическая ситуация продолжает оказывать позитивное влияние на транзитный потенциал Центрально-азиатского региона (ЦАР). Постоянные нападения на торговое судоходство в Красном море со стороны...

Атақты арабист Асқар Мусиновтің асуларын білесіз бе? Шығыстанушы-арабист Асқар Мусинов туралы не білеміз?

Ұзақ жылғы үзеңгілес әріптесіміз, ағалы-інілі бауыр, отандық дипломатия саласының көрнекті өкілдерінің бірі, шығыстанушы-арабист Асқар Ахметұлы Мусиновтың кенеттен келген қазасы баршамыздың қабырғамызға батты....

Государства Центральной Азии

Государства Ближнего Востока